Саясат

Жендет Суворов: Ноғай халқының қайғылы тарихы жайында

Қасапшының бір халықты қыруы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ресей империясы талай халықтың обалына қалып, қарғысына ұшыраған қанішер империя ретінде тарих сахнасында мәңгіге қалды. Ол жүздеген ұлтты қырып-жойып, тарихын қорлап, халқын геноцидке ұшаратқаны тағы бар. Тірі қалғанын жетпіс жыл бойы КСРО деп аталатын «Халықтар түрмесіне» қамап тығып, дүбәрә ету процесін тоқтатпады. Дінінен, тілінен, салт-дәстүрінен ада, мәңгүрт ұрпақты тәрбиелеуге барын салды. Қазақтың Ресей патшалығы мен КСРО-дан шеккен азабын жақсы білсек те, бізге туыс, бауыр кей халықтың мұңын біле бермейміз. Қазаққа егіз халық, тіпті қырғыз бен өзбектен де жақыны, ноғай екенін тарихшылар айтып жүр. Мектепте біз «Ноғай ордасы» деген жазумен картадан ойып тұрып орын алған алып елді көрсек те, «қазір қайда?» деген сұраққа сол уақытта жауап іздеп көрмеппіз. Бәлкім балалық, бәлкім өзге халықтың тағдырына қызықпау шығар.

Ноғайдың кезінде түркі халықтары арасында саны жағынан ең көп ұлт болғанына бүгінде біреу сенер, біреу сенбес. Егер сол бір нәубет пен қасақана жасалған қанды қырғын болмағанда, бәлкім әлі күнге дейін солай болып қалар ма еді… Ноғай ордасы Ресей патшалығы үшін тамағына тұрған сүйектей әсер қалдырды. Өйткені олардың қоныстанған аймағы шұрайлы мекенде еді. Өзге халықтарды басып-жаншып, отарлап келген Ресей ендігі таңда осы аймақты өз қолына алуды жоспарлады. 1783 жылы 8 сәуірде Екатерина ІІ «Қырым, Таман аралы мен Кубань аймағын Ресей державасына қосу» жайлы манифест шығарды. Аталмыш құжаттың аты айтып тұрғандай Ноғай елін жойып, шұрайлы аймақты қолына алу жоспарланды. Сұмдық жоспарды жүзеге асыруды Суворовқа тапсырған болатын. Суворов қанішер бұл кезеңге дейін қолы қызыл қанға малынған, халықтар қасапшысы атағына әбден лайық тұлға еді. Ол бұған дейін Пугачев көтерілісін аяусыз басты. Ноғай қырғынынан кейін Суворов 1794 жылы Прага қырғынын жасап, фельдмаршал, 1799 жылы Ұлы француз революциясына қатысқаны үшін генералиссимус атағын иемденді. Ресей патшалығына Ноғай ордасын өз еркімен қосу мақсатында, Суворов саяси қулыққа барды. Ол 1783 жылы 28 маусымда ноғай бектері мен басшыларына арнап үлкен думан-той ұйымдастырды. Онда 500 шелек шарап ішіліп, 100 бұқа мен 800 қой сойылған деседі. Суворов ноғай басшыларына Ресейге өз еркімен қосылып, шұрайлы жерді орыс халқына босатып, Кубанның арғы бетіне өз еркімен өтіп кетуді талап етті. Әрине, ата қоныс қасиетті мекенді кім болса да тастап кетпесі анық. Бұл саяси құйтырқылыққа ноғайлар көне қоймады. Суворов мұздай қаруланған әскермен соғыс қимылдарына көшті. 11 тамызда ноғайлар жаппай көтеріліске шығып, жау әскерін тықсырып тастауға бекінгенімен, Суворов қанішердің заманауи қарумен жарақтанған жасақтарына төтеп бере алмады. Орыстар артиллерия мен мылтықты аса көп дәрежеде қолданды. Ол әйел, бала, жас, қарт деп бөлмей, тұтастай қырғын салды. Тіпті оқты үнемдеп, жаралыларды түйреп өлтіруді бұйырды. Сол сәтте ол өзінің әйгілі «Оқ – ақымақ, сүңгі пышақ – керемет!» атты жауыздыққа негізделген қанатты сөзін айтты. Аталмыш қырғынның сұмдығын тарихшы Бадли: «Суворов ноғайларды жинап, Шағынгерейдің өз еркімен биліктен бас тартып, Ресей империясына қосылғандығы жайлы манифестін оқыды. Ұзақ жылдар бойы Қырым хандығына бағынып келген ноғайлар, ендігі таңда Ресей патшайымына бағынды.

Одан кейін ноғайлар Ресей патшайымы оларды Еділ мен Орал өзендерінің бойына күштеп көшіретіндігін біліп, оған қарсыласпақ болды. Орыстың да күткені осы болатын. Батпақты аймаққа келіп тірелген көшпенді халық өкілдері, әйелдері мен балалары жау қолына өтпеу үшін туыстарын өз қолдарымен өлтіріп, өздері ашық айқаста қаза тапты. Тірі қалған аз ғана бөлігі шеркестерге қосылса, қалғаны Қырым асып кетті» деп қайғыра сипаттайды 29 қыркүйек күні Суворов көтерілісші ноғайлар жиналған аймаққа келіп жетті. Суворовқа 10 казак полкі мен 15 артиллерия жасағы қосылды. Суворовтың «Жауды толықтай талқандағанша, көзін жойып, тұтқынға алғанша әскерге демалыс жоқ. Егер жауды таппасаңдар, оны тапқанша тінтуді тоқтатпаңдар. Оқты үнемдеп, қылышпен жұмыс істеңдер. Атты әскер аттан түспесін. Жауды іздеуге әскердің 4 бөлігі барады, қалғаны бұйрықты күтсін» деген жарлығын барлық әскерилерге жеткізді. 30 қыркүйектен 1 қазанға қараған түні орыс жасақтары Кубанға өтіп, Керменшық мекенінде ноғайларды қоршауға алды. Таң сәріде, ноғай жасақтарының негізгі бөлігі таң намазын оқыған сәтте орыс жасақтары шабуылға көшіп, бейкүнә халықты қырғынға ұшыратты. Ноғай жасақтары ерлікпен шайқасып, күні бойы берілмеді. Алайда түн жамылғысын жапқан сәтте, орыс жасақтарының күші айқын білініп, көшпенді халық шегіне бастады. Бір ғана полк кемі 10 мың ноғай ұлтының өкілін қырғынға ұшыратты. Сол түні ондаған мың бауырлас ноғай опат болды. Суворов 1783 жылы 1 миллион халқы бар ноғай халқын жойып, ордасын ортасына түсірді. Тарихшылар 700 мың мен 1 миллион арасында халық қырылды деп отыр. Бүгінде ноғай ең аз түркі халықтарының бірі ғана болып қалды. Бұл сұмдықты адам ұмытқанымен, тарих ұмытпайды. Ресейде батыр ретінде дәріптелетін Суворов, шын мәнінде жендет және қасапшы. Уақыт тарихи оқиғаларға түбі әділ бағасын берері сөзсіз!