Bugin

"Түлектерден кеңес": ҰБТ-дан жоғары балл жинағандар не айтады?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ұлттық бірыңғай тестілеу - Қазақстандағы орта мектеп түлектері үшін маңызды сынақтардың бірі, өйткені ҰБТ нәтижелері жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігін анықтайды. Әдетте, түлектердің басты қиындықтарының бірі – жоғары оқу орындарына түсу кезіндегі бәсекелестік. Орындар санының аздығы мен тегін білім алғысы келетін жастардың көптігіне байланысты іріктеуде ҰБТ нәтижелері шешуші рөл атқарады. Bugin.kz порталы Daryn.online түлектерінен биылғы ҰБТ-да қандай дайындықпен жоғары балл алғанын сұрастырып білді.

Оқушылардың айтуынша, ҰБТ тапсыру түлектер тарапынан қарқынды дайындық пен өзін-өзі басқаруды меңгеруді талап етеді. Дайындық оқу материалдарын оқуды, практикалық есептерді шешуді, дамытатын жаттығулар орындауды және тәжірибелік сынақтарды қамтиды. Дегенмен, ақпараттың үлкен көлемін бірден қабылдауға деген ұмтылыс көптеген түлектер үшін қиындық тудыруы мүмкін.

ҰБТ тапсыратын түлектер арасында қысым мен күйзеліс қатар жүреді. Оқушылар емтихан нәтижелері олардың болашақ мүмкіндіктері мен кәсіп таңдауына айтарлықтай әсер ететінін біледі. Жоғары балл алуға деген ұмтылыс және өзінен, ата-анадан және қоғамнан үлкен үміт күтілетіндігі қосымша күйзеліс пен алаңдаушылық тудыруы мүмкін.

Көптеген түлектердің алдында ҰБТ-ға дайындықтан бөлек мектепке бару, мектептен тыс іс-шараларға қатысу, басқа емтихандарға дайындалу және т.б. сияқты басқа міндеттемелерді алып жүру қиынға соғады. Сондықтан да жоғары балл иемденген түлектер фокусты дұрыс қойып үйренуге кеңес береді.

“Аз - аздан үзбей оқу керек, басқа ортаға еріп кетпей, алдыңа нақты мақсат қоя білу маңызды”, - дейді Daryn.online-да 9 ай қосымша дайындалып, ҰБТ-да 123 балл жинаған Әділ Ақмәди.

Ал Қызылорда облысының тумасы Бектасова Бибіфатима қазір грантқа талас көп болғандықтан талмай оқып, сұраныстағы мамандықты таңдауға кеңес берcе, басқа да түлектер режимге мән беру керегін айтады.

“Түнімен оқудың пайдасы жоқ екенін түсінген жөн. Дұрыс режимді сақтап, уақытты тиімді пайдаланудың маңызы зор”, - дейді 108 балл жинаған Ғалым Арнал. 

Павлодарлық Аделя Акишпаева да түлектерді жоғарыда айтылған кеңестерге назар аударуға шақырады.

Жалқаулықты қойып, ҰБТ-ға дайындықты мүмкіндігінше ертерек бастаған жөн. “Ертең, сосын бастаймын” деп жүріп, көбі уақыттың қалай тез өтіп кеткенін байқамай қалады. Сабақ оқыған кезде фокусты тек сабаққа қойып үйрену керек. Әйтпесе, оқығанды ұмытып қаласыңдар. Болашақтарынды ойлауды қазірден қолға алыңдар” - деп кеңес береді ҰБТ-да 107 балл жинаған Аделя.

ҰБТ - оқушылар өмірінде маңызды рөл атқаратын сынақ болғанымен, өмірдегі шешуші сынақ емес екенін естен шығармаңыз. Бастысы - түлектердің кеңесіне құлақ түріп, уақытты дұрыс пайдаланып, дайындыққа ертерек кірісу.