Bugin

Қайрат Боранбаевқа шыққан үкімнің күші жойылды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Астана қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы биыл 31 наурызда Қайрат Боранбаевқа шыққан үкімнің күшін жойды. Ол кезде сот оны 8 жылға бас бостандығынан айырған болатын.

"Астана қаласы Сарыарқа аудандық №2 сотының 31 наурыздағы Тайыр Жанұзаққа, Қайрат Боранбаевқа, Роман Нахановке қатысты үкімінің күші жойылды. Осы қылмыстық істі бірінші сатыдағы соттың ережесі бойынша апелляциялық тәртіпте қарау керек. Қамау түріндегі бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалады. Сотталғандар мен оларды қорғаушылардың өтініші ішінара қанағаттандырылды" делінген Астана қалалық соты қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысында.

Қаулы жарияланған сәттен бастап заңды күшіне енді, сондай-ақ шағым жасауға және наразылық білдіруге жатпайды.

«Қазтрансгаз» АҚ-ға Ресейден ұсынған газ бағасы туралы бастапқы деректер болмағандықтан, сот үкімі жойылды.

Құжатқа сәйкес, іс бойынша 2019 жылғы 12 шілдедегі «Газпром» мен «ҚазМұнайГаз» арасындағы талқылау хаттамасының бірнеше нұсқасы бар.

Көшірмеде мың текше метрін 145 доллардан Қазақстанға ресейлік табиғи газды қосымша жеткізу туралы 18-тармақ бар.

Ал сотта қаралған 17 тармақтан тұратын отырыс хаттамасының түпнұсқасында бұл тармақ жоқ. Яғни бұл құжаттардың қайдан шыққаны жайында анықталмаған.

Үкімде 18 тармақтан тұратын хаттаманың көшірмесі қалай алынғаны, құжаттың түпнұсқасы қай жерде екені, көрсетілген хаттама неліктен орындауға жіберілмегені, не себепті бұл тармақ шешімнің түпкілікті нұсқасына енгізілмегені көрсетілмеген.

"Бұл тұрғыда сот үкімі қылмыстық іс жүргізу заңнамасын бұзу арқылы шығарылған. Күдіктінің кінәсі туралы соттың тұжырымдары болжамға сүйеніп жасалған. Сонымен қатар, түпнұсқа құжаттар болмаса да, сенімділігі мен дұрыстығы күмән тудыратын көшірмелер негізге алынған. Негізсіз дәлелдемелер пайдаланылған, айғақтарға талдау жасалмаған", - деп аталып өткен қаулыда.

Құжатта көрсетілгендей, мұндай мән-жай бойынша сот үкімінің күші жойылуы тиіс, ал қылмыстық іс алқалы құрамдағы бірінші сатыдағы сот ережесі бойынша апелляциялық сатыдағы сот қарауына жатады.