ДАМУ
«Лениншіл жас» газетінің бас редакторы болған Шерхан Мұртаза шын талантты танып, «бұлақ көрсең көзін аш» дегенге салып, бірқатар тұлғалардың осы басылымда қызмет етуіне мүмкіндік берген.
Осы оқиғаға байланысты Bugin.kz журналисі Бауыржан Омарұлының «Төртінші билік» кітабынан ақпар ұсынады.
«Шерағаңның шекпенінің ішіне тарландар мен тарапандардың бәрі сыйған. Өр Алтайдан жазып тұрған мақалаларына қарап, қалам сілтесінің бөлектігін байқап, Оралхан Бөкеевті Алматыға алдырған.
Содан соң Орағаң бауырын жазып, қазақ даласында Кербұғыдай көсіле шапқан. Мойынқұмға алғаш барған сапарынан кейін жұрттың мың рет шиырлаған жеріне көзбен үңіліп, әйгілі «Құм мінезі» повесін жазған.
Атырау облыстық газетінде жұмыс істеп жүрген ақын қыз Фариза Оңғарсынованы «Лениншіл жастың» батыс аймақтағы меншікті тілшісі етіп бекіткен. Кейінірек оның «Мен саған ғашық емес ем» атты өлеңдер топтамасын газетке жариялап, оқырманға кең танытқан.
Арқада өз өрнегімен даралана бастаған сөз зергері Ақселеу Сейдімбекті газеттің Орталық Қазақстандағы меншікті тілшісі етіп тағайындайды.
Сол жылдарда-ақ өлеңімен өрге беттеген Мұхтар Шаханов Оңтүстік өңірдегі меншікті тілші болып қызметке қабылданады. Сөйтіп, ол тұлпарларды тай күнінен таниды.
Қазақ елінің әр түкпіріндегі жас таланттардың бәріне Шерағаңның шекпенінен орын тиді.
Өзінің тілін тауып, сол шекпеннің шалғайынан байқаусызда шығып кетіп, кейін үйірін қайта тапқан журналистер де жеткілікті» делінген кітапта.
Айта кетейік, Bugin.kz порталы ешкімге сұхбат бермеген әйгілі әнші Шерхан Мұртазамен әңгімелесуге бірден келісім бергені туралы жазған еді.