Bugin
ТікТоk әлеуметтік желісінде Ұлыбританияда құлпынай теріп, аптасына 250-300 мың теңге табыс тауып жүрген Лалагүл есімді қазақстандық табысымен көпшіліктің қызығушылығын оятты. Желі қолдаушысының айтуынша, ол осындай жұмыс арқылы айына миллион теңгеге дейін ақша табады.
45 жастағы Лалагүл Құдайбергенқызы ұлты қарақалпақ болғанымен, Қазақстанға келін боп түскенін айтады. Екі ұл, екі қыздың анасы Атырауда тұрады. Бүгінде Ұлыбритания еліне барып жұмыс істеп жүр.
“Жұмыс жасап, нәпақамды тауып, Қазақстандағы несиелерімді жауып жатырмын аллаға шүкір. Бұрын Қазақстанда түрлі жерлерде аспаз болып та, базарда жүріп те 300 мың теңгені айына алып қанағат еттік. Ал мұнда бұл ақшаны аптасына тауып жатырмын”, – деді ол.
Айтуынша, мұнда жұмыс таңғы сағат 4:00-де басталып, түскі сағат 14:00 шамасында аяқталады. Сегіз сағат толық жұмыс істейтін әйел қосымша бір сағаттың тынығу мен тамақтануға берілетінін айтады.
Лалагүлдің оқырмандары оның табысына қызығып, қалай бару керектігі туралы сұрақтар жаудырған. Сондықтан ол өзі жұмыс істейтін жерді, тұратын орнын, жұмыс істеу тәртібін көпшілікке бөліскен.
“50 жасқа дейінгі адамдардың мұндай жұмысқа келе беруіне болады. Жұмыс қатты қиын да, оңай да емес. Бастысы, табысы мол”, – деп қосты ол.
Дегенмен пікір білдірушілердің арасында Лалагүлге сенбегендер де бар.
“Мұнда расымен аз сағатқа аз жалақы төлейтін жерлер бар. Сәйкесінше, менен де көп тапқандар болды. Мұның бәрі сіздің қай аймақта жұмыс істейтініңізге байланысты”, – деп жауап берді ол.
Желі қолданушылары “Мұғалімдікті тастап, осындай жұмыстарға кету керек еді”, “Қалай барсақ болады”, “Сіздің жаныңызда жұмыс істегім келеді” деген сынды пікір қалдырған.
Лалагүл бұған жауап ретінде арнайы сайттар арқылы түйіндеме толтырып, ешқандай ақы төлемей, тек электронды поштадан жауап күту қажет екенін, кейін визаға ғана құжат тапсыру жеткілікті екенін алға тартты. Сондай-ақ жұмыс үшін ақы сұрайтын алаяқтардан сақ болуды ескертті.