БІЛІМ

Мектеп түлектері тағы бір емтихан тапсырады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Психологиялық немесе психометриялық тест – ауқымы кең ұғым. Bugin.kz тілшісі кей түлектер тапсыратын арнаулы емтиханның қандай тест, не үшін қажет екенін түсіндіреді.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 19 қаңтардағы № 111 қаулысымен кей мамандыққа тапсыратын түлектер арнаулы емтихан тапсырады. Қазіргі уақытта елімізде бұл тест педагогика, медицина саласында маман иесі атанғысы келетіндерге міндеттелген.

Медицина мамандықтарының ішінде «жалпы медицина», «педиатрия», «стоматология», «мейіргер ісіне» түсетіндер емтиханнан өтуі керек, ал «фармация», «қоғамдық денсаулық» сақтау мамандықтары тест тапсырмайды.

Психотест түлектің алда кездесетін түрлі жағдаяттарды қалай қабылдап, әрекет ететінін, стресске төзімділігін, жеке қабілеттерін, жанашырлық, әділдік қасиеттері бар-жоғын анықтайды. Тест нәтижесінде түлектің тапсырып жатқан мамандығымен психологиялық үйлесімділігі өлшенеді. Былай қарасаңыз, еш қиындығы жоқ тәрізді. Бірақ, әдетте, оқуға түсер кезде абитуриенттер мамандығының маңызын, қиындығын, алда кездесуі мүмкін түрлі жағдайларда қалай әрекет ету керегін түсініп, біле бермейді. Сондықтан, бұл емтиханды миға шабуыл деп те айтуға болады. Емтиханнан соң түлек мұндай жағдайларға психологиялық тұрғыда дайын әлде дайын емес екенін түсінеді.

2013 жылы медицина қызметкерлерінің психологиялық тест тапсыратыны алғаш жарияланған кезде Денсаулық сақтау вице-министрі болған Ерік Байжүнісов бұл халықаралық норма екенін айтқан.

Әуелі емтихан пилоттық жоба болып енгізілгенімен, 2016 жылдан бастап «Білім туралы» заңның 9-бап 26-тармағына сәйкес педагогикалық және өзге де арнайы немесе шығармашылық дайындықты талап ететін мамандықтар арнайы емтихан тапсыруға міндетті деген өзгеріс енгізілді.

Арнаулы емтихан нәтижесі «өтті» немесе «өтпеді» деп бағаланады. Емтиханды бір жылда бір рет қана тапсыруға болады.

Жоғарыда айтып кеткен мамандық иелеріне арнаулы емтихан тапсыру міндетті. Тапсырмаған жағдайда сіз өзіңіз таңдаған мамандықтың грант конкурсына қатыса алмайсыз, себебі грант конкурсына өтініш бергенде емтихан нәтижесі сұралады.

Медицина мамандықтарында емтихан психометрикалық тест түрінде келсе, педагогикалық мамандық иелері емтихан билетіндегі үш жағдаятта қалай әрекет ететіндеріне жауап береді.

Емтиханда ұсынылатын жағдаяттарға мысал келтірейік:

5-сыныпта «Шет тілі» сабағы жүріп жатыр. Мұғалім қол көтерген балаға кітаптағы мәтінді оқуын сұрайды. Бұл оқушы тұтығып сөйлейтін бала еді, ол қобалжыған сайын одан әрі тұтыға түседі. Сыныптағылардың біреуі төмен қарап мысқылдап, бір оқушы ашық келемеждеп күле бастайды. Ал оқушы қиын сөздерді ары қарай қорқа отырып оқи береді. Бұл жағдаятқа қалай әсер етуге болады? Сіз мұндай жағдайда қандай іс-әрекет жасар едіңіз? Өз іс-әрекетіңізді түсіндіріңіз.

Жауаптар түрлі параметр бойынша бағаланады. Егер түлек 50% жинаса «өтті» деген мөр қойылады.

Арнайы педагогикалық емтихан 20 маусым мен 24 шілде аралығында өткізіледі.  

Мамандық таңдауда қателескен адамдар өзінің ғана емес, өзгенің де өмірін қатерге тігетіні белгілі. Әсіресе, аталған екі сала қызметкерлерінің қоғамның физикалық, рухани сау, болашағымыздың жарқын болуында атқарар рөлі үлкен. Сол себепті арнаулы емтиханның маңызы да зор екенін түсінуіміз керек. Бастысы түлектеріміз бұл мамандықтарды грант болғандықтан, айлығы жоғары болған соң немесе ата-анасының таңдауымен емес, өз жүрек қалауымен таңдаса өзіне де, өзгеге де жеңіл болмақ.

Айзада ЖАЙЫҚҚЫЗЫ