Bugin

Ақтөбе мұғалімдері заңсыз құжат арқылы 100 млн теңге алған

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ақтөбе облысында балабақшалар мен мектептерде, сондай-ақ колледждерде сабақ беретін 70-ке жуық педагог біліктілік санаты туралы жалған куәлікпен жұмыс істеп, сол үшін ақша алып келген.

«Диапазон» басылымыгың жазуынша, аталған жайт Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен облыстық білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің бірлескен тексеруі барысында шындық анықталған.

Сонымен қатар 53 педагог «Мектепке дейінгі педагогика және психология» немесе «Психология негіздері» тест тапсырмалары бойынша 19 балл алған, яғни 65 пайыздық шекті мәннен өте алмаған, алайда олардың тестілеуден өткені туралы сертификат алғаны белгілі болды.

«Мысалы, 2021 жылдың 23 сәуірінде Ақтөбе қаласында сағат 9:00-13:45 аралығында педагог тестілеуден өтіп, бар болғаны 26 балл жинап, «өтпеді» деген нәтиже алған. Алайда дәл сол күні әлгі педагог сағат 15:00-де Шалқар қаласында (Ақтөбеден 360 шақырым жерде) тест тапсырып, 44 балл жинап, «өтті» деген қорытындыға ие болған», - деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет.

Заңсыз алынған жалақы өсімінің жалпы сомасы 100 миллионнан астам теңгені құрады. Мұғалімдер ақшаны қайтаруға мәжбүр болады.

«Әр мұғалім бес жыл сайын аттестациядан өтеді. Мұғалім «шебер педагог», «педагог-зерттеуші», «педагог-сарапшы», «педагог-модератор» санаттарын алған кезде, жалақы 30%-дан 50%-ға дейін өседі. Сертификаттау тестілеу және портфолионы тексеру деген бірнеше кезеңмен жүзеге асады. Портфолионы тестілеуден шекті бал алған адам ғана тапсыра алады. Білім басқармасы тестілеу өткізбейді, оны жеке білім беру ұйымы жүргізеді. Мұғалімдер бізге тек тест нәтижесін – сертификаттарын әкеледі. Тексеру әлі жүргізіліп жатыр, бірақ олар ақшаны бюджетке қайтаруы керек. Нәтижесі кейін шығады», - деп түсіндірді Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.