ТӘРБИЕ
Қазақстанда қыз алып қашу қылмысына қатысты нақты бап жоқ. Сондықтан да қанша қыз бұл үрдістің құрбаны болып жатқанын біле алмаймыз. Әлеуметтік жағдайға байланысты өзара келісіммен "қашатындар" да, еркінен тыс құқығы тапталып жатқандар да бар. Мұны ата дәстүр деп санайтындар да аз емес.
Ауыздан ауызға тараған жырлар мен аңыз әңгімелерде қос ғашық өз елінен алысқа қашқан. Оның себебі – екі жастың қосылуына туған-туыстың қарсы болуы. Көбіне бір рудан тараған жастар серт байласып, соңы алып қашуға ұласқан. Бір ерекшелігі: ол кезде екі жақтың келісімі, шешімі ескерілген.
Бүгінге дейін жеткен дәстүрді халық әсірелеп жібергені сонша, тіпті, танымайтын адамды алып қашатын болды. Көнбей, қайтқысы келген арудың жолына әжелер жатып алып, «теріс батамды беремін» деп көндірген.
Теріс бата, қарғыс, елдің өсегінен қорыққан яки ұялған қыз егде жастағы әйелдің үстінен аттай алмаған. Ата-анасы да көнген оқиғалар аз емес.
Үлкендердің естеліктерін тыңдасаңыз, біреудің бағы ашылған. Ал бірталай қыздың болашағына балта шабылған.
Уақыт өте келе елдің бұл "дәстүрге" деген көзқарасы өзгерді. Арты қайғылы оқиғаға ұласқан "алып қашулар" көпке сабақ болған секілді.
Десек те, бес саусақ бірдей емес. Оған еліміздің кейбір өңірінде алып қашатын жағдайлар болып тұратыны дәлел бола алады. Көрші Қырғызстан мен Ресей құрамындағы Шешенстан секілді елдерде қыз алып қашу оқиғалары болып тұрады.
Өзгенің ала жібін аттамаған қазақ халқына, біреудің әлпештеп өсірген қызын, жек тұлғаның құқығын аяқ асты ету де жараспайтыны анық.