Bugin

Адам қандай жамандық істесе де, кешірген дұрыс па?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Әдетте адамның көңіл күйі, мінезі физикалық жұмыстан емес, мидағы күйзелістен пайда болады. Тәннің шаршағанын басу қиын емес. Ал жүйке жүйесі қиналса, оның емін табу керек. Соның бірі ретінде өкпе мен реніш сезімін қарастыруға болады. 

Бірінші, ешкімнен ешнәрсе күтпеу керек. Бұл туралы Қайрат Жолдыбайұлы "Кемел адам" кітабында: "Тіпті, әлдебіреуге жасаған жақсылығыңның қарымын да, алғысын да күтпе. "Кезінде оған көмектесіп едім, оның маған жасағанын қарашы" деп өкпең қара қазандай болып ренжисің. Көңілің қалып күйінесің. 

Лұқпан хакім: "Екі нәрсені ұмыт: біреуге жасаған жақсылығыңды, біреудің саған жасаған жаманшылығын" деген екен.

Кім болса, ол болсын, тіпті ғаламат данышпан, ғажайып тұлға болса да, оларға пенде ретінде қарай білсең, ешкімге бас ұрып, табынбайтын боласың. Табиғаты сыр беріп, сүрінгенде, қателігі қылаң беріп, құлағанда теріс айналып, түңілмейсің. 

Өйткені ол пенде. Сен де пендесің. Жаратушы Алла күнәһар пендесін кешіргенде, пенде пендені неге кешірмеске?!"- деп жазған автор.

Оған қоса, кешірімді болу әуелі адамның өзіне қажет қасиет екенін алға тартады.

"Рас, кейбір кісілер сенің кешіріміңе мүлде лайық емес. Бірақ сен кешіруге, бойыңды реніш пен өкініштен, кек пен өшпенділіктен арылтуға лайықсың. Көкірегіңді ыза мен ашудан босатуға міндеттісің. Жүйкеңді жұқартпай, денсаулығыңды сақтауға тиіссің. Кешірім ең әуелі қарсыңдағы адамға емес, өзіңе қажет. Осыны ұмытпағын!.." делінген кітапта.