Экономика

Білім – бренд, шетел көру – тренд

Бұрындары шетел көріп, жат елде білім жиып келген жастарға деген көзқарас басқаша болатын. Себебі батылы жетіп баратын, тәуекел етіп талпынатындардың қатары тым сирек еді. Сол кезде ел ішінде "шетелге тек байдың балалары ғана бара алады" деген бір¬жақты көзқарастың да болғанын жасыра ал¬маймыз. Әлі де бұл түсінік түбірімен жойылған жоқ. Десе де жырақта жүріп, өзге елдің білімін алуға бел буғандардың бүгіндері қарасы қалың. Бірі мемлекет ұсынған мүмкіндікті пайдаланады, ендігі бірі жекеленген компаниялардың гранттарының ізіне түседі, ал қалғандары қалтасындағы қаржысына барып қайтады. Демек, шетелде білім алу бүгінде трендке айналды.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Шетелге көз тігіп, сырт елдің білімін алуға аттанған қазақ жастарының алды елге келіп, қызмет етіп жатыр. Ендігілері оқуларың қайта жалғап, білімдерін толықтыруда. Қалай десек те, мұхит асқан жастардың игі мақсаты бір - сапалы білім алып, елге оралу. Осы кезге дейін әлемнің маңдайалды оқу орындарында ой тоқып келген жастардың дені шетелге барудың сырын түрлі себептермен байланыстырады. Бірі озық елдердің тәжірибесімен танысып қайтуды құп көрсе, ендігісі өз жерінде қолдау болмағандықтан сырттың білімін алуға бекінетіндерін айтады. Рас, шетелде білім алу – жауапкершілік жүгін жүктейді. Себебі қоғам тарапынан жасалатын ішкі қысым сенімнің салмағын екі еселейді. Мұнан бөлек, шетелге тек кіл мықтылар ғана барады деген түсінік тағы бар. Бөлек аура, бейтаныс әлем, өзгеше қоғам ортасына түсетін жастар алғашқыда дәл осы кезеңдерді бастан өткереді. Оған тілдік сауаттанудың жетімсіздігін қосыңыз. Сайып келгенде, алғашқы жылдары шетелге аттанған білім алушылардың өзге ортада өз орнын тауып, бейімделуіне біраз уақыт кетіп қалады.

Хош! Шетелде білім алудың жолдары көп. Мемлекет есебінен оқытылатын "Болашақ" бағдарламасы өз алдына бөлек тақырып. Бұрынғыдай емес, мемлекеттік грантты иеленудің талабы жылма-жыл күшейіп келеді. Талаптың басында - тілдік білім деңгейі тұрады. Тілдік білімді анықтайтын IELTS, TОЕFL сынды сынақ емтихандарынан жоғары көрсеткішке ие болуы керек. Дәл осы екі сынақ нәтижесі әлемнің кез келген еліндегі белді оқу орын­ға тегін түсуге мүмкіндік береді. Мұны не үшін айтып отырмыз? Қазірде интернетте шетелде білім алудың жолдары мен талаптары, қаражат көз­де­рі туралы ақпараттар көп. Әсі­ресе, орыс тілді сайттарда то­лық мәліметтерді оқуға болады. Соның негізгілеріне тоқталайық. Негізгі білім берудің ордасы саналатын Еуропа елдерінде, Германия мен Чехияда мемлекеттік білім беру университеттерінде ағылшын тілінде сирек оқытылады. Бұл елдерде білім алу құны 4000 еуродан басталады. Қосымша баспана құны мен қалта шығындарына да әжептеуір қаржы кетіп қалады. Мемлекеттік жоғары оқу орындарында оқитындар тегін жатақханада тұра алады. Ал, ақылы жатақханаларды 200 еуроға таба аласыз.

Мұсылман мемлекеті Малайзияда да білім алу ерекше қарқын алуда. Мұнда қазақ студенттерінің қарасы қалың. Оқу ақысы жылына 4500-6000 доллар. Жатақханада тұру, тамақтану, өзге де шығындар үшін 3000-3500 $ кетеді. Ескеретіні, Малайзияда берілетін диплом тек өз елінде және Орта Азия елдеріне жарайды. Десе де, бұл талапты бұзып-жарып жүрген жастар баршылық. Мұсылман мемлекетінің бірі Біріккен Араб Әмірліктеріне де шетелдік студенттер жиі табан тірейді. Орташа оқу бағасы 6000 доллар шамасында. Ал, баспана мен тамақ, көлік-қатынас құралдарына 750 доллар шығындайсыз.

Білімнің соңына шам алып түсетін студенттер үшін қолайлы қала – Қытай. Тәртібі мен талабы қатал аспанасты елінде білім алып жүрген қазақ студенттерінің саны аз емес. Бір жыл­дық оқу ақысы 25000-15000 мың долларға дейінгі аралықты қамтиды. Қытай университтеттерінде жатақхана мәселесінде проблема жоқ. Әлем елдерінің тізімі осылайша жалғаса береді. Мұнан бөлек, Англия, Германия, АҚШ сынды алпа­уыт мемлекеттердің білімін мойындап келген қазақстандықтар көп.

Шетелде білім алатын студенттер туралы тақырып әлі де ізденісті қажет етеді. Себебі бұл журналистикада зерттелмеген тақырыптың бірі. Не себепті жастар мұхит асуға құмар, шетелде білім алудың артықшылығы қандай деген сауалдар нақ­ты жауапты қажет етеді. Білімдегі сұрақтың жауабын қазақстандық журналист, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Әуесбайдың Қанаты жақында өзінің жаңа кітабына арқау етіп, "Батыс көрген: Ұлыбритания қазақтың көзімен" атты кітабын жазып шықты. Кітапта Ұлыбритания мен Қазақстанның білім жүйесі салыстырмалы түрде жазылып шыққан. Мұны автор былайша сабақтайды.

– Кеңес уақыты кезінде қазақ жастарына қатысты "Мәскеу көрген", "Тәшкен көрген" деп пы­сық, найзағайға нан пісірген, еңбекқор қазақ жастарын айтатын еді. Бүгінгінің басымдығы басқа. Сондықтан ескі стереотиптен ада, жаңаша ойлай бі­летін, білімді, батыстың озық оқу орындарында оқыған "сен тұр, мен айтайын" деген, бітімі бөлек жастардың пәлсапасын "батыс көрген" деп атағым келді, – деген еді Әуесбайдың Қанаты.

Бір анығы, ширек ғасыр уақыт ішінде шартарапқа ат басын бұрған жастардың басым бөлігі Ұлыбританияның білімін құп көреді. Елге көрініп жүрген жастардың бәрі де осы кәрі құрлыққа неліктен құмартады деген сауал туындайды. Әлбетте, Англия өз-өзімен оқшау жат­қан, өзге елдермен құрлық ар­қылы шектеспейтін ел. Мұнда қаржылық, маркетингтік білім беру жолға қойылған. "Болашақ" бағдарламасы арқылы бар­ған жастардың тең жартысы Англияны текке таңдап отырмағаны осыны аңғартады.

Еуропа өз алдына, бүгінде ТМД елдері арасында білімдегі бәсекенің бәсі жоғары. Әсіресе, қазақ жастарының көпшілігі Ресейдің белгілі оқу орындарында білімін жетілдіріп жүр. Оның ішінде қызылордалық студенттердің үлес-салмағы басым. Баршаға белгілі, Сыр елінде Қызылорда облысының әкімдігі мен Ресей Федерациясының университеттері арасында екіжақты Ме­морандумға сәйкес 2014 жыл­дан бастап Қызылорда жастары Ресейдің ЖОО-да білім алуға мүмкіндік алды. Алғашқы жылы облыс бойынша Мәскеу қаласындағы Ұлттық технология­лық зерттеу университетіне (МИСиС) 82 бала, Санкт-Петербург мемлекеттік өсімдік полимерлері технологиялық университетіне 24 бала білім алуға мүмкіндік алған. Ал, 2015 жылы Мәскеу ұлттық технологиялық зерттеу университетіне 97 бала, аталған университеттің Орынбор қаласындағы филиалға 20 бала, К.А.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетіне 54 бала, Санкт-Петербург мемлекеттік өсімдік полимерлері технологиялық уни­верситетіне 33 бала Ресей Федерациясы бюджеті есебінен оқуға түскен.

Жыл артына жыл қосып, көрші мемлекеттің біліміне басымдық берген сырбойылық жастардың қатары толығуда. Қызылорда облыстық білім басқармасының ресми өкілі Сұлушаш Сапарбаеваның айтуына қарағанда, өткен жылы 110 түлек Ресей Федерациясының білім грантын иеленіпті. Мәскеу қаласындағы Ұлттық технологиялық зерттеу университетіне (МИСиС) 23, К.А.Тимирязев атындағы ауылшаруашылық академиясына 44, Санкт-Петербург қаласындағы мемлекеттік өнді­рістік технология және дизайн университетіне 43 түлек оқуға қабылданған. Биылғы жылға ниет етіп жүрген жастар жетерлік. Талапкерлер алдын ала Ресейдегі бірнеше оқу орындарына байқау сынақтарын тапсырды. Нәтижесінде Мәскеу Ұлттық технологиялық зерттеу университетімен ұйымдасты­рыл­ған байқау сынағына қатысқан 79, К.А.Тимирязев университетінің сынағына қатысқан 297, Санкт-Петербург университетінің сынағына қатысқан 101, И.М.Губкин атындағы Мәскеу мұнай және газ университетінің байқау сынағына қатысқан 251 талапкердің жұмыстары ірік­телініп алынған.

Сондай-ақ, И.М.Губкин атындағы Мәскеу мұнай және газ университетінің талабы бойынша білім деңгейі жоғары бағаланған 15 талапкер шілде айында Мәскеуде университет базасында өтетін қабылдау емтиханына шақырылып отыр.

– Мәскеу Ұлттық технологиялық зерттеу уни­верситетіне 20 бала, аталған университеттің филиалына 27 бала, К.А.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетіне 68 бала конкурсқа қатысуға мүмкіндік алып отыр. Осылардың іші­нен, жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиясының тексеруінен кейін федералды бюджет есебінен білім алуға кон­курсқа жіберілетін талапкерлер анықталады. Конкурс нәтижесі тамыз айына дейін белгілі болады, – дейді Сұлушаш Айдарбайқызы.

Білім – капитал. Екіжақты меморандум негізінде білім алған қызылордалық студент Ақниет Тобжан да білімдегі мүмкіндікті сезінген алғашқы талапкердің бірі. Бүгінде ол Мәскеу болат және қорытпалар ұлттық зерттеу технологиялық университетінің жаңа технологиялар институтында "Нанотехнология және микрожүйелі техника" мамандығында білім алады. Білім қуған талапты жас Ақниет Төлегенқызымен интернет арқылы тілдесіп, сыр тарттық. Сауал қойдық, шетелде білім алудың артықшылығын сөз еттік.

– Мәскеуде оқимын деген ой мүлде болған емес. 11-сыныпта мектеп директорының орынбасары "физикадан олимпиада болады" деген соң бағымды сынап көрейін деп тапсырдым. Мәскеу­дегі ЖОО екенін тапсырғаннан кейін білдім. Ұлттық тестке бір апта қалғанда әлгі олимпиаданың қорытындысы келді. Түсіп­пін. Шыны керек, аса мән бермедім, сынақтан кейін осы ЖОО байланысты түрлі жиындар мен презентациялар болды. Бәрін зерттей келе, осында оқимын деп шешім қабылдадым.

– Бейтаныс ортаға бейімделу қыз бала үшін қиынға со­ғаты­ны белгілі. Білім іздеген жастардың ортасында білім­мен қатар көпшіл болу керек шығар?

- Мектепті жаңа бітірген оқушыға әрине, басында барлығы өзгеше болады. Ресей көрші мемлекет дегенімізбен де, тіл мәселесі, менталитет, адамдармен қарапайым қа­рым-қатынастың өзі басқа екенін сезіндім. Қызылордадан арман қуып кеткен, мақсаты бір 82 талапкер үлкен бір үйдің баласындай, өзге елде бір-бірімізге жәрдемші болуға тырыстық. Сондықтан деп ойлаймын, шет елдің "суығы" бізге аса білінбеді. Шетелде жүрген жас­тар бауырмал болып келеді. Тек Мәскеуде ғана емес, қазақ жастары алыс-жақын шетелдің тілін, тарихын, мәдениетін үйренеді. Жалпы, сыртта жүріп рухани тұрғыда толысады деп ойлаймын.

– Көрші елмен барыс-келістің барысы жақсы. Десе де Ресейдің білім беру саласынан нендей дүниелерді үйрену керек. Қандай ерекшеліктерді байқай алдың?

– Ресейдің нақты білім беру жүйесіне келсек, ең бірінші байқалатыны мұнда тесттік жүйе жойылған. Сондықтан мұғалім мен студенттің қа­рым-қатынасына басымдық беріледі. Шетелдегі кез келген орта білімді өзің үшін оқисың.

– Ақниет, мамандығына ойыссақ. Бүгінде нанотехнологияның игілігі неде? Бұл сала қандай табыс әкеле алады?

– Қазір ақпарат ғасыры дейміз ғой. Бұл ретте нанотехнологияның тиімділігі жетіп артылады. Түрлі тиімді техниканы жетілдіруге, нанопішін касиеттерін зерттеуге нанотехнология білімінің керегі көп. Дамыған елдердің бәрі нанотехнология мен микрожүйелі техниканың негізінде алдынғы қатарға шығып отыр. Болашақта осы саланың нанын жейтін маман болғандықтан қолдан келгенше ел игілігіне қажетті жұмыс жүргізе береміз.

Бір байқағанымыз, шетелде білім алып жүрген қазақ жас­­тарының бойында ұлттық патриоттық сезім қатты бай­қа­лады. Елге деген жанашыр­лық­ты сезіну қиын емес. Ақниет Тобжан жырақта жүр­се де, елдің білім саласына үлес қосқанды қалайды. Алда­ғы күн­дері магистр атанып, бі­лімін жалғастыруды көздеп отыр. Талапты түлектің талпы­ны­сына қолдау білдіріп, шағын сұхбат құруымыз да содан.

P.S. Қазақ жастары өзгелерді мойындата бастады.Еуропаның көптеген елдерінде білімі терең балаларды қолдайды. Арнайы бағдарлама мен жоғары деңгейдегі шәкіртақы тек табыстың кілті білімде екенін байқатып тұрғандай. Құрлық асып, жер көріп, өзге елдің білімін жиып жүрген жастар да, өз ішімізде  жүрген дарындылар да баршылық. Әлемдік алпауыт компаниялардың көзіне түсу үшін міндетті түрде шетелде оқу мақсат емес. Оған дәлел өткен жылы талабы мен білімі мол қазақстандық студентті әйгілі Google компаниясына шақырту алуы білімдінің заманы туғандығын сөзбен емес, іспен көрсетіп тұр.