МӘДЕНИЕТ
1995 жылғы 20 наурызда Жапониядағы метролардың бірінде аса ірі жарылыстардың бірі болды. Бір ақпарат көзі шабуыл десек, енді бірі теракт деп баға берді. Күдіктілер құрықталып, басшысы Секо Асахара өлім жазасына кесілген.
Өзін "Елді құтқарушы", "Токио мәсіхі", "Ең Қасиетті Рим Папасы" деп атаған жапондық туралы Bugin.kz журналисі зерттеп көрді.
Тидзуо Мацумото 1955 жылдың 2 наурызында Жапонияда дүниеге келген. Туа біткенінен көз ауруы бар Тидзуо өзі қалаған оқу орнына түсе алмай, арманын ауыстыруға тура келді.
Тиба қаласынан дәріхана ашып, кәсібін дөңгелетіп жүрген азамат қитұрқы әрекеті үшін жаза арқалайды.
Тидзуо Мацумотоның дінге қызығушылығы отбасын асырау үшін жұмыс істеген кезде басталды. Ол бос уақытын қытай астрологиясы мен даосизмінен бастап әртүрлі діни ілімдерді зерттеуге арнады.
Кейінірек Тидзуо эзотерикалық йога мен христиан дініне ден қойды. Шамамен сол уақыт аралығында ол буддистік емес "Агон-сю" сектасының мүшесі атанды. Ал ол сектада буддизм мен индуизмнің әртүрлі ережелері қолданылды және оның ілімінен кейін Тидзуо "Аум синрике" доктринасын әзірлеу үшін көп нәрсе алды.
1984 жылы сот процесі мен рухани дағдарыс кезеңінен өтіп, Мацумото аты-жөнін Асахара деп өзгертті және "Аум синсен-но-кай" діни тобын құрды. Кейіннен "Аум синрике" деп аталды.
Асахара бастаған адамдар көшеде йога сабақтары мен дәрілік шөптердің жарнамалық парақшаларын тарата бастады. 1989 жылы Жапония билігі Асахараның өтінішін қабылдап, "Аум синрикені" діни ұйым деп ресми тіркеді.
Ресми тіркелгені сол екен, ұйым бұрынғыдай емес, басшысы пропагандалық бағытта батыл қадам жасай бастады. Өзін "Құдайдың тоқтысы", "Мәсіх", "Токио Мәсіхі", "Ең Қасиетті Рим Папасы", "елді құтқарушы", "Жапониядағы жалғыз ағартушы шебер" деп атаған.
Асахара өзінің ізбасарларына рухани күш беріп, күнәсі мен жаман істерден арылта алатынын айтқан.
Ол Қиямет күнінің ерте басталуын насихаттады. Мұның бәрі Аум синрикенің теологиясы мен стратегиясында көрініс тапты.
1995 жылдың 20 наурызында аталмыш ұйым мүшелері Жапония астанасы Токионың метрополитенінде теракт ұйымдастырды. Нәтижесінде 10 адам, кейбір деректе 27 адамға дейін қаза тауып, 6000-ға жуық адам зардап шекті деп көрсетілген.
Ал Секо Асахара сол жылдың мамырында қамауға алынды. Оған 13 айып тағылды, оның ішінде 26 адамды өлтіру мен ұрлауды ұйымдастыру туралы айып та бар.
2004 жылы болған сот нәтижесі Асахараны өлім жазасына кесті. Араға 14 жыл салып, 2018 жылдың 6 шілдесінде қылмыскерді дарға асты.