Travel
Жұмыр жерді мекен еткен әр халықтың өз ұстанымдары мен тұмар етер байлықтары бар. еңбекқор халық, әлемдегі ең тығыз орналасқан мемлекеттің бірі - Вьетнам туралы ой қозғаймыз. Ұлтарақтай жерде ұлт болып ұйысып отырған вьетнамдықтар күні кешеге дейін соғыстың тауқыметін көрген ел ретінде экономикасын қайта түзуде тырмысып еңбек еткен халық екені жақсы таныс.
Географиялық аумақта қарайтын болсақ, Вьетнам – Оңтүстік Шығыс Азияда орналасқан мемлекет. Тоқсан миллионға жуық халқы бар бұл елдің басым көпшілігін жергілікті вьеттер, монг, таи, хмер, тхай сынды ұсақ ұлттар құрайды. Жерінің аумағы – 330 мың шаршы шақырым.
Тарихтан белгілі, Вьетнам халқы кезінде соғыс пен аштықтың зардабын тартқан. Оған себеп бұл ел ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін француздармен 9 жыл, америкалықтармен 18 жыл соғысқан. Бір сүйем жер үшін жан беріскен халық өз алдына дербес ел ретінде танылуды көздеп, тынымсыз тірлік етті. Алып мемлекеттердің қыспағында қалған вьетнамдықтар талай жылғы соғыс нәтижесінде жеңіп шығып, өз ұлтын сақтап қалған. Бұл әрбір вьетнамдықтардың санасында сақталған кішігірім тарих.
Жалпы вьетнамдықтар оңтүстік, солтүстік деп екі жікке бөлінеді. Дерекөздерден белгілісі, солтүстіктегілер денелі, әрі қара судан қаймақ алған, пысық деседі. Тіпті халық арасында үлкен үйді көрсең, ол – солтүстіктердікі деген ұғым қалыптасқан. Ал, оңтүстік вьеттер боскеуде, болбыр болып келеді. Алайда, вьетнамдықтар қайбір істің болмасын уақытында бітіргенін қалайды. Жергілікті халықтың негізгі күнкөріс көзі балықпен байланысты. Бірнеше отбасы болып ау құрып, балық аулап, оны жергілікті базарға сатып, қалғанын шетелдік туристерге саудалап, жан бағады.
Вьетнамда жер шұқып, бос отырған адамдар жоқ. Халық көп, жұмыс аз. Тропикалық ел ретінде халықтың басым бөлігі күріш өсірумен шұғылданады. Таңнан кешке дейін, күріш алқабында тер төгетін вьетнамдықтар жерден көл-көсір өнім алудың жолын жақсы біледі. Содан болар, күріш өсіруден әлем бойынша Қытайдан кейін 2-орынға ие.
"Еңбек еткенге бақыт басын иеді" деген тәмсіл нағыз вьетнамдықтарға айтылған ба дерсіз. Қайнаған базар алаңында әртүрлі тауарларды сататын вьетнамдықтар саудада саясат ұстанады. Әсіресе, шет елден келген туристерге өз құнынан 4-5 есе асырып баға қояды, алайда саудаласа білсеңіз, кез келген затты өз құнынан төмен бағада алуға болады. Сауда дегеннен шығады, вьетнамдықтар шебер халық ретінде мойындалған. Мәрмәрдан жасалған мүсіндерді саудалауда алдына жан салмайды. Бағалары да қалтаны қағады.
Вьетнамдықтардың табыс табу сценарийінде сервистік қызметтің алар орны бөлек. Бір жыл ішінде бұл елге 10 миллионға жуық туристердің табаны тиеді. Ұсақ-түйектер арқылы туристердің назарын аударып, қыруар қаржыны қалтаға басып, елдің экономикасын дамытып отыр. Сондай-ақ, бұл елде кофе экспорты соңғы жылдары қарқын алды. Бразилияда егіннің шықпай қалғанын ұтымды пайдаланған вьетнамдықтар кофе өндірісін бір арнаға шығарды. Қазірде кофе экспорты бойынша әлем елдерінен І орынға шығып, қара үзіп кетті.
Халықтың көптігі қимыл-қозғалысты реттеуде қиындық тудыратыны рас. Вьетнамда автокөліктерді аса көп кездестіре бермейсіз. Жергілікті жұрт мапедпен жүреді. Мапед жанармайды көп қажет етпейді. Ал, автокөліктерді тек қалталы азаматтар айдайды. Себебі салық қымбат. Сырттан келген туристер ірі қалаларда велосипед не мапедтерді жалға ала алады. Ең қиыны, жол ережесі сақталмайды, жүргізушілер жаяу жүргіншілердің жолы деген ұғымды құлағына ілмейді. Мұнда автобусқа мінудің қажеті шамалы. Себебі елде 13 маршрут қана жұмыс істейді. Кемшілігі, жүру кестесі, аялдамалардың орны болмағандықтан автобустар кез келген жерде тоқтай кетеді. Қарбалас қимылға вьетнамдықтардың еттері үйреніп кеткені соншалық, тар көшені қақ жарып, адамды елемей кете береді.
Вьетнамдықтардың ақша бірлігі – донг. Ерекшелігі – ақшаларында пластик қосындысы бар. Суға түскендегі өз қалпын сақтайды әрі ыңғайлы.
Вьетнам – Азиядағы ең қауіпсіз елдердің бірі. Себебі мұнда ұры-қарылардың кездестіре бермейсің. Тәртіп қатаң. Оған бірнеше дәлелдерді келтіруге болады. Айталық, Вьетнамда әскери адамдарды және әскери нысандарды суретке түсіруге қатаң тыйым салынады. Ұлттық мұралары мен басты байлықтарын көздің қарашығындай сақтайды. Сырттан келіп еңбек етететіндерге қойылар талап жоғары. Десе де, тәртіптің қатаңдығы жемқорлықты ауыздықталмай отыр. Алыс-беріс, барыс-келісте жең ұшыннан жал-ғасқан жемқорлық көп.
"Жалқаулықтан асқан ұятты іс жоқ". Вьетнамның аяққа тұрып, ел болуына күш салған Хо Ши Миннің осынау қанатты сөзін ту еткен вьетнамдықтар Орта Азияда өз жолын жалғап, әлемге танылған бірден бір мемлекет. Тоқымдай жерде тату-тәтті тұрмыскешіп жатқан тоқсан миллионхалықты бір мақсат біріктіреді. Ол – Вьетнам елінің туын жоғары көтеру.