Саясат
Билік басындағы әрбір Президенттің өзіндік ойы мен саясатының болуын үйреншікті құбылыс деп санайтын қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Мемлекеттің алға жылжуы немесе құлдырауы тікелей ел басшысының саясатына байланысты. Ал сол басшы саясаткердің саясаты тым ақылды немесе тым орынсыз болса елдің басына қандай күн туады?
Н.Назарбаевтың сарабдал саясаткер екеніне көзім анық жетті. Бір кезеңдерде халықтың арасында «Елбасының есі дұрыс емес, жасы келді, қуайын депті» деген түрлі қауесеттер тарады. Қауесет емес, нақты деректерге көшсек. Халықты Елбасы «есінен алжасқан ба?» деген ойға алып келген келесі оқиғаларды назарларыңызға ұсынамын.
2010 жылы Ауыл шарушалығы министрі Ақылбек Күрішбаев «Жер сатылмайды. Соған қарамастан қазір қоғамда жер сатылмағанымен ол қытайлықтарға жалға беріледі деген әңгіме жүр» деді. «Нең бар? Неңмен мақтанасың?» дегенде, «тәуелсіздік пен елімнің жер көлемі – менің мақтанышым» деп жүрген халыққа «жер қытайлықтарға жалға беріледі екен» деген сөйлем түрпідей тиді. Шынайы патриоттар жерінің тістегеннің аузына кете баратынын естіп шынайы қынжылса, патриот болып көрінуді мақсаты еткендер бұл оқиға туралы өсек айтқаннан басқа түк істемеді.
2011 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында «Үш тілді меңгеру, білу – бұл жаһанданған әлемге жолдама деген сөз» деп, Елбасы Н.Назарбаев үштілділік саясатын қазақстандықтарға ұсынды. Халық даурықты, тіпті, кейбір ел ағаларының өздері «қазақтар бір ауызға бірнеше тіл сыйдыратындай жылан емес» деп әртүрлі арнау өлеңдер де шығара бастады. Шет елге шыққан, «орыс көрген» адамдар ғана Елбасының бұл ойының астарын түсінді.
2011 жылдың 16 желтоқсанында Маңғыстау облысысындағы Жаңаөзен атты мұнайлы қалада ірі оппозициялық көтеріліс болған еді. Билікке бағынатын полиция өкілдері көтерілісшілерге оқ жаудыруға дейін барды. Көтеріліске шыққан адамдар арасынан біраз адам қаза тапты. Бұл тікелей Н.Назарбаевтың қолдауымен жүзеге асырылды. Халықтың содан бері қаладағы тәуелсіздік күніне арналып жасалатын іс-шараларға қорқынышы бар.
2017-жылы жаңа оқу жылында 5, 7-сынып, 2018 жылы 8-сынып оқулықтарының жаңа, түсініксіз бағдарламаға көшуі, 2019 жылдың қыркүйегінен бастап 9, 10-сынып оқулықтарының жаңа бағдарламаға көшеді деп жоспарлануы – қазақстандық ата-аналар мен мектеп жасындағы балаларды әбден әбігерге түсірді. Бірі Елбасының бұл шешімін дұрыс деп санап, балаларының осы бағытқа үйренісе беруін қадағаласа, енді бірі бұл саясаттың түпкі мағынасын да түсінбей, Н.Назарбаевты даттаумен өз уақыттарын өздері өткізді.
Күллі қазақ халқы қолдайтын Иманғали Тасмағамбетовті 2017-жылы ҚР-ның Ресей Федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі етіп тағайындауы – қарапайым халыққа күтпеген шешім ретінде әсер етті. Халықтың бір бөлігі «Елбасы И.Тасмағамбетовтың өзіндік саясатынан күмәнданғаннан оны әдейі елінен аластатты» деп ойласа, енді бір бөлігі бұл саяси өзгеріс туралы ойлап, бастарын қатырмады да.
Осы реформалардың «Елбасы қартайған, есінен адасқан» дейтін тұжырымға алып келетіндей салмағы мен астары болды. Бірақ өзіңіз ойланып қараңызшы, «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек» деп 2017-жылы айтқан Елбасы Н.Назарбаев 2011-жылы «Қазақстандықтар үш тілді қатар алып жүруі, меңгеруі керек» деп өз қалауымен айтуы ақылға қонымсыз. Себебі адамның ақыл-есі уақыт өткен сайын артқа емес, алға жылжиды. Жаңа Президент Қ.Тоқаев «Менің ұстанымым, біріншіден, қазақ тілі болуға тиіс, орыс тілі болуға тиіс. Бұлардың балаларымыз үшін маңызы зор. Тек содан кейін ғана ағылшын тілін оқыту керек» деген пікір айтты. Қазақстанды әлі күнге дейін Қ.Тоқаевтың сыртынан Н.Назарбаевтың басқаратыны мен айтпасам да түсінікті шығар. Демек Президенттің сөзінің түптеп келгенде Елбасы Н.Назарбаевтың ойы мен сөзі екендігін дәлелдейді. 2011-жылы үштілділікті қолдайтын адамның 2019 жылы қазақ тілін қолдауы сізге қызық көрінбейді ме?
Бұдан шығатын қорытынды Елбасы Н.Назарбаев халыққа ұсынған әрбір реформасын жүз рет ойланып, мың рет толғанып қана берді. Өмірден өткенге дейін де солай істей бермек. Н.Назарбаев сіз ойлағандай ақымақ емес. Адамдар бір күндік, бір апталық, бір айлық, асып кетсе бір жылдық жоспармен жүреді. Ал Елбасы ең кемінде бес жылдық нақты жоспармен жүреді. Халық – көп, көп те ақыл жоқ. Бұл ойды мен емес, Абайдың өзі мойындаған. Ал сол ақылы аздау халықты бір тудың астына жинау, өз халқы аздық еткендей 130-дан астам ұлт өкілдерін қосып жинау, олардың бейбіт күн кешуін қамтамасыз ету, менің ойымша, кез келген саясаткердің қолынан келмейді. Мақтағаным емес, бірақ мойындаймын мен Елбасының емес, тұлға Н.Назарбаевтың шынайы жанкүйерімін.
Міне, Елбасы 2010 жылдан бастап халыққа өзін есінен адасқан адамдай көрсету арқылы өзінің отставкаға кететінін айтқысы келді. Оны ешкім түсінбеді. Мен жуырда ғана түсіндім.
Осы оқиғаларды талдау барысында, Елбасыны жақынырақ зерттеп, «Ұлт көсемі» Әлихан Бөкейхан болса, Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлт Данасы» деген атақ бердім. Қош болыңыз, аман болыңыз, Елбасы. Өзіңіз тағайындаған Қ.Тоқаевтың Қазақстанның сыртқы саясаты мен қатар ішкі саясатын түзейтініне сенемім мол! Елбасы сізге емес, сіздің тұлғалық келбетіңізге сенемін!