ТӘРБИЕ

"Уәде - құдай сөзі": Уәдеде тұрудың маңызы қандай?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Айтқан сөзде тұру, берілген уәдені орындаудың маңызы зор. Оңды-солды уәделесіп, кейін оны орындамай қалу - адамгершілікке сын. "Уәде - құдай сөзі" деп, сол себепті де бекер айтылмаған. Bugin.kz порталы Қайрат Жолдыбайұлының "Кемел адам" кітабынан осы тақырыпқа байланысты үзінді ұсынады.

"Уәдеде тұру – кемелдікке ұмтылған барлық ізгі жандардың айнымас қасиеті. Уәденің үлкен-кішісі болмайды. Кішкентай балаңа "ананы алып беремін, мынаны әкеліп беремін" деген уәдең де - уәде. Тіпті уәденің ең үлкені. Өйткені бала жүрек оны тағатсыз күтеді. Ал берген уәдеңді әр бұзған сайын оны опасыздыққа, өтірікке баулып жатырсың деген сөз. Келісілген уақыттан кешікпей бару да уәдені орындауға жатады. Алған қарызды уақытында қайтару да сол.

Ілияс Есенберлиннің шығармасында бұрынғы қазақ батырларының уәдеге беріктігі жайлы мына бір тәмсіл айтылады. Бірде Қырым билеушісі Мамай ел ішін бүлдіргені үшін ноғайлының Ақпанбет батырын өлтіріп, жұртын ойрандайды. Ақпанбет өлерінде үзеңгілес серігі кегенес Кен Жанбайға адам шаптырып: "Жалғыз ұлым Тастемірді өлімнен құтқарсын", - деп одан ақыреттік уәдесін сұратады. Уәде алған Кен Жанбай батыр хан жасағының алдынан шығып6 Ақпанбеттің ұлына сауға сұрайды. Мамайдың қаһарынан қорыққан жасақ басшысы көнбейді. Ақыры ақырет уәдесін орындау үшін Кен Жанбай егіз ұлының сыңары үш жасар Жанұзақты досының ұлының орнына өлімге беріп, Тастемірді құтқарып уәдесін орындапты", - деп жазылған кітапта.

Автор уәде жайлы  тағы бір ғибратты оқиғаны баяндайды.

"Өте ертеде қолы қарулы жігіт бір адамды байқаусызда өлтіріп қояды. Өлген адамның туыстары қазыдан "қанға-қан" үкімін сұрайды. Жігіт айтады: "Алыста тұрушы едім, жақындарыммен қоштасайын, қарыздарымды жабайын. Үш күнге мұрсат берсеңіз", - дейді. Қазы көпшілікке қарап: "Бұған кепіл болатын адам бар ма?" - дейді. Ешкім үндемейді. Сол кезде бір қария шығып: "Мен кепіл боламын. Ол келмей қалса, мен жауап беремін". Ел-жұрт аң-таң. Өйткені бұл қария ана жігітті танымайды.

Арада үш күн өтеді. Уәделі күні елдің бәрі жаза алаңына жиналады. Әлгі кісі өлтірген жігіт жоқ. Жұрт біткен оның жолына қарап тұр. Бірақ ешкім көрінбейді. Ел "жігіт өтірік уәде берген екен, мына қарияға обал болатын болды-ау", - деп ойлайды. Бір кезде көпшілік алыстан қара терге түсіп жүгіріп келе жатқан жігітті көреді. Оның уәдесінде тұрғанына бәрі таң қалады. Жігіт айтады: "Елім алыс болғандықтан уақыттан кешіктім, бірақ бәріне үлгердім, енді өлімге дайынмын". Уәдеден таймаған азаматқа ел риза. Жағдайға қаныққан өлген адамның туыстары да "біз кешірдік" дейді.

Қазы көпшілік алдында өлім жазасы үкім етілген жігіттен: "Сен өлетініңді біле тұрып келдің, неге қашып кетпедің?". Ол: "Мен уәдемде тұрмасам, кейін мұсылмандар арасында уәденің құны жойыла ма деп қорықтым". Қазы қарияға бұрылып: «Сіз бұл адамды танымай тұрып неге кепіл болдыңыз?». Ақсақал: "Кейін мұсылмандар арасында уәдеге сенушілік әлсірей ме деп қорықтым", - депті.

Жолдыбайұлы уәдеден айну пайдакүнемдіктен туындайтынын жазады.

"Пенде қара басын ғана ойлайтын пайдакүнемге айналғанда, уәде бұзғыш келеді. Өйткені ол уәде бергенде, өзінің бас пайдасын есептеп үлгереді. Ал үміттенген пайдасы жоғалса немесе уәдені орындаудың бағасы пайдасынан асып кетсе, "ақ болды, көк болдыға" салып, уәдесін бұза салуды оңай көреді. Нағыз мұсылман өз зиянына болса да, уәдесін бұзуды ар санайды. Мәшһүр Жүсіп былай дейді: "Бұл мұсылманшылық деген немен болады: уағдаға опалы (орындау) болуменен, пайда менен залал таласып келгенде, залалға өзі шыдап, пайданы басқаға қиюменен [болады]".

Бүгінде кәсібі кейін кетіп жатқандарға қарасақ, солардың көбі жеке пайдасына бола берген уәделерін бұзатындар екенін байқаймыз. Олар әріптес компаниялармен болған келісімді немесе қол астындағы қызметкерлеріне сыйақы беру, айлығын жоғарылату, т.б. берген уәделерінен уақыты келгенде түрлі сылтау айтып, кейін тайқып шығады. Уәдені бұзу арқылы қысқа мерзімде материалдық пайдаға кенелгенімен, ұзақ мерзімде ұтылады. Кәсіптегі әріптестерінен, жақсы қызметкерлерінен айырылады. Адамдар арасында сый-құрметі төмен адамдар уәде үдесінен шыға алмағандар екені анық.

Орындамайтын ісіңе уәде берме! Қандай жағдай болса да, уәдеңе берік бол! Адамдарға уәдеңді орындамағаның емес, оларды босқа үміттендіріп, күткізгенің ауыр тиеді. Бұзылған уәде сенімді, үмітті, мәрттікті, достықты өлтіреді", - дейді автор.