ТӘРБИЕ
Бесік - әр қазақ отбасысы үшін қасиетті де киелі дүние. Дәстүр бойынша, бесікті нәрестенің нағашы туыстары алып келеді. Ол өте ұқыпты ұсталып, ұрпақтан-ұрпаққа беріледі. Баланы алғаш бөлегенде "бесікке салу" деген ырым жасалады. Мұндай жауапты рәсімді әулеттегі көпбалалы, немере-шөбере сүйіп отырған дана, сыйлы ана орындайды.
Еліміздің кей аймағында баланы бесікке бөлер алдында бесікті отпен тазалайды. Бұл ғұрып "аластау" деп аталып, бесікті барлық жамандық атаулыдан тазартудың әдісі саналады. Ағаш бесіктің басына тұмар немесе үкі қауырсындарын байлайды, өйткені ол баланы жамандықтан (жын-шайтан) сақтайды деген сенім бар. Кәмпиттер мен басқа да тәттілерді бесіктің ортасындағы тесігіне (сәбидің денесін таза әрі құрғақ ұстау үшін) тастайды. Ұзақ уақыттан бері бала сүйе алмай жүрген әйелдер сол тәттілерді алақанына алып, дәм татса, көп ұзамай бала сүйеді деген ырым бар.
Баланы бесікке бөлеген соң, оның баланың болашағына әсер етуі мүмкін деп есептелетін ерекше заттарды үстіне жабады. Олар: көрпе (ұйқысы берік болсын), шапан (құрметті адам болып өссін), тон (бай болып өссін), тізгін (тез өссін), қамшы (халқының қорғаушысы болсын), белбеу (ұзақ өмір сүрсін). Нәресте қыз болса, жастықтың астына әсемдікті бейнелейтін айна, тарақтар мен алқалар қояды. Сондай-ақ өмір жолы кең әрі ашық болсын деп орамал да жабады.
Баланы бесікке салудың көптеген артықшылықтары бар:
Бесіктегі баланың аяғы түзу, арқасы мықты болып өседі;
Ата-ананың жеке кәсібімен, үй шаруашылығымен айналысуына кедергі жасамайды;
Баланы таза ұстайды, тоңдырмайды;
Жазда шыбын-шіркейден қорғайды;
Көз бен тілден қорғайды, т.б.
"Бесік тойына" келген қонақтар ақша, зергерлік бұйымдар, киім-кешек және баланың өсуі мен дамуына қажетті сыйлықтар әкеледі. Осылайша бұл дәстүр нәрестелі болып жатқан отбасыға қолдау мен көмек десе де болады. Сонымен қатар қазақ қоғамындағы ынтымақтастықтың да көрінісі іспетті.