Bugin

"Жын жайлауы мүмкін". Атыраулық азамат жолдағы апаттың көбею себебін айтты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Атыраулық тұрғын жол апатының көп болуы себебі иесіз даланы жынның жайлауынан болып отырғанын айтты. 

"Менің айтып отырғаныма біреулер күле қарауы мүмкін. Бірақ, жын, елес дегендер бар. Өзім де мұндай тосын жайларға талай куә болғанмын"- дейді Жанай Исламғалиұлы.

Атыраулық азамат жұмысбасты адам. Көбіне Индер мен Атыраудың ортасында жолда жүреді.

"Бұл оқиға осыдан 7-8 жыл бұрын болды. Атыраудан жәй шығып, ауылға келе жаттық. Көлікте жүргізушім екеуміз. Сағат таңғы 3-4 шамасы болуы керек. Бір кезде алдымыздан жолға қап-қара өгіз шыға келді. Мен жанұшыра рөлге жармасып, жүргізушіге көлікті бұр, тоқтат деп айғайладым. Қапелімде не болғанын түсінбеген жүргізуші рөлді өзі игеріп, өгізді басып кетті. Менен не болғанын сұрады. Мен өгіз көргенімді, оны басып кеткенімізді айттым. Мені түсінбеген жүргізушім басын шайқап, ешқандай өгізді көрмегенін айтты. Көліктің терезесінен артқа қарағанымызда, жол тап-таза болып жатты. Өгіз болған жоқ. Жол апатының көбеюіне осындай тылсым жағдайлар себеп болуы мүмкін. Әйтпесе, көлікке отбасын тиеп алып, жолдың қарсы бетіне шығатындай, жігіттер шетінен ессіз емес шығар"- дейді Жанай Исламғалиұлы.

Айтуынша, ертеректе ауыл молдалары мұндай қасіретті жағдайлар көбейген уақытта құран оқып, даланы "тазалайтын" болған.


"Бір жылдары ауылымызда біраз адам суға кетіп, қайтыс болды. Қайғылы жағдай қайталана берді. Кейін қарттар сезіп, садақа беріп, жерді "тазалады". Жауын жоқ кезде де, халқымыз құрбан шалып, тасаттық береді. Сондықтан, мұндай наным-сенім мәселесіне күле қарауға болмайды"- дейді Атыраулық тұрғын.