Ұрпағың үзілмесін

Әңгіме

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

«Ағажай, Алтайдай жер қайда-ай?!»

Халық әні

Бүгін тағы да Хабадан  бір топ ауыл Ховда бетіне үрке көшті.

***

Өткенде Шіңгіл мен Құлжаға Домингон басқыншылары келіп, бүкіл ауылдың астаң–кестеңін шығарып, шаңырағын ортасына түсіріп, жас қыз- келіншектерді қатындыққа аламыз, тіпті құл базарына саудалауға апарамыз дегенді жұрттан естіп-біліп отырған Шыныбай мен Тыныбай әулеті ұрпақ қамы үшін түркінің түп тамыры болған Ховда бетіне көшпекші.

Ағайынды екі шал ақылдаса отырып,алдымен Шыныбай әулеті көшпекке бел буды. Бірақ, қарашаңырақтағы інісін жау қолына тастап кету- аға көңіліне қаяу салатыны сөзсіз еді. 

Ымырт үйіріле үлкен үйге екі ұлын ертіп, Шыныбай тағы келді. Ондағы мақсаты - інісін өзімен бірге ала кету. Бірақ,ескіше хат таныған інісі аруақтардың қабірін тастап кету қиын екенін айтып, бой бермей қыңырезуленіп жатып алды. Бұл – оның соңғы пікірі және ағасымен соңғы жүзедесуі екенін бір Алладан басқа ешкім де білмеді.

***

Өткен жылы Кәмен сілеусіннің терісіне айырбастап келген саратанның екі өркешін Кәдірхан күзде қарағайдың діңіне кигізіп кептіріп алған болатын. Бүгін құрбандыққа сойылған қой етін абысынды Зүпура мен Жаңылған барынша сүйегінен сылып, салап отыр. Ал апталдай екі азамат жолға қажет жабдықтармен, шитік мылтықтарын дайындаумен болса, далада бөренеде отырған қария бұрынғысынан да қартайып,кәрілік деген құдамен сырласып отырғандай. Әлде, ата-баба жатқан жерін қимады ма,әлде анау жүрген ұл мен келіндерінің,тіпті болашақ ұрпағының тағдырына алаңдады ма? Әйтеуір, бұрынғысынан да шөгіп кеткендей көрінді балаларына.

Ақшам сөнісімен атқа қонған көш Дайнға қарай бет алды. Түн пердесі сөгілгенше шекарадан асу-мақсат болып отыр. Алайда, жалғызаяқ сүрлеу көш жүрісін мандытпай қойды. Бірде тау беткейіне қиялай өрлесе, бірде қорымға кіріп, ат ізін жасырған болып отырды. Алтайдың мұзтау көз ұшында менмұндалап көрінгені сол-ақ еді алдарын  орап,торуылдаған шолғыншылар  ажал оғын мылтықтың ұңғысынан жаудырып, жолды кесіп тоқтатпаққа ұмтылып бағуда. Ханзудың қолына түссе, тұқымдарын тұздай құртатынын білгендіктен айлағы көшуді жөн көрді.

 Бір әулеттен бар жоғы алты-ақ адам. Оның үшеуі- еркек, екеуі-әйел және бес жасар Биғаным ғана. Жол тосқан шолғыншылар бұлардың бірде- бірін аман–сау жібермесі бәріне аян. 

Қашан да қиындықтан жол таба білетін Кәрібоз бұл жолы да ойға қонымды пікір айтып, соңында сол байламға келді. Кәмен тау шатқалын паналай, оқ жаудырса, сұр мерген атанған Зүпура садақ оғын Ханзулардың жүрек тұсы осы деп барынша сақтықбен атуда. Ал, Кәдірхан жаудың өтін тосқауылдап ұрысса,қария барынша жылқының тезегінен жүрер жолдарына тұман салып, жау жанарынан жасырынудың қамын жасады. Осылай үштағандап үш жағынан қоршауға алып, соққы беруге тырысты.. Түс ауа басталған шайқаста Кәдірхан сол иығынан жараланды. Есі шыққан жау әскері бұларда қанша адам бар екенін біле алмады. Тіпті, олар бұларды жүздік жасауылының барлаушылары деп ойлады ма өз бастарын сауғалап, жаралысы мен өлілеріне қарамастан зым–зия жоқ болды. Жаудың беті қайтқасын,көш Алтай тауының баурайына барып біраз күн паналауды жөн деп білді.  Қария үлкен келіні Жаңылғанның күні таяп отырғанын ойлағаннан  Алтай тауы жау оғынан жасырады деп сезді және де ол ойы алдамады. Алтайға келіп паналағанына үш күннен кейін Жаңылған қол-аяғын бауырына алып, өмірге егіз ұл әкелді. Бұл 1932 жылдың маусым айының ортасы болатын. Тұрақты қонысы болмағандықтан, қалжа ішіп, маңдайдың терін жіпсітіп отыратын уақыт болмаса да, абысыны Зүпура жолға алып шыққан азықтармен қара көже істеп, абысынын барынша күтуде. Ал,қария болса, егіз перезентерінің бірінің атын Ханас, екіншісін Зайт деп қойды. 

Кәмен мен Зүпура оншақты жылдан бері бір перезентке зәру болса, Кадірхан мен Жаңылғанда бес жасқа толып қалған Биғанымдары ғана бар еді. Алайда, қария шаңырақтағы ұлын осы жолы қатты аяп кетті. Бұны сезген үлкен ұлы мен келіні егіздің сыңарын шаңырақ иелеріне бермекке бекінді. Бір жағынан ұлы көштің бағыты қайжаққа барып тұрақтайтыны белгісіз еді. Олар алдағы ғұмырларының бұдан да ащы, бұдан да бұралаң боларын болажағандай болды. Бір жағы інісі мен келінінің қунышты жүзін көргісі келсе, бір жағынан қарияның күмәнін сейілткісі келді. Осылай Зайт -Кәменнің баласы, Ханас-Кәдірханың баласы болып шыға келді.

Он шақты күннің ішінде Зүпура балаға қатты бауыр басып қалды. Ол туған анасы  емізген соң, баласын қара қосына алып кетіп отырды. Тіпті,жатар алдында омырауын бала аузына салып, бар пейілімен мекерленіп жататынды шығарды. Бұл қылығы отағасының көңіліне қатты тиді. Тіпті, сол үшін саусақ ұшын да жарына тигізіп алды. Бұған артынан өкінді. Құдайдың құдыретінде шек жоқ қой. Зүпура күндегі әдетінше, кешкісін баланы бауырына басып отырғанда қос анарынан білеулеп сүт аға бастады. Осыдан кейін айтып көр ол сенің туғаның емес деп. Алла шынайы тілесең бәрін беретініне қос жұбай осылайша көз жеткізді.

Шілденің аптап ыстығында Алтай тауынан Дайынға қарай тағы да жол тарты. Осы жолы Домингон басқыншылары Қазақстанға өтетін шекараларды торуылдап жүрді. Бұлардың алдында ешқандай қауіп те, қатер де жоқ.  Шекарадан аман- есен өткен соң, күн жарым жүріп Дайын голдың сағасына да келіп тоқтады. Ерлер қара қосты қалқайтқанша, әйелдер жағына қазан асу әдет болатын. Аз күннің ішінде қария артта қалған ағайын-туыс, бауырды ойлап

«Елім шалғай дегенде- ай, жерім шалғай,

Ағайыннан алыстап көзім талды-ай,

Ағажай, Алтайдай жер қайда-ай» – деп, ыңылдап отырды. Әнді естіген соң құт келіндері де көздеріне жас алып, кимешектің бір ұшымен ешкімге білдірмей сүртіп қойып жүрді. 

Дастархан басында жайланып отырып, арттағы ағайын жайлы сөз қозғап, олардың нендей жағдайда екенін біле алмай тағаттары таусылып, әрқайсысының іштері қыж-қыж қайнап отырды. Арадағы біраз үнсіздікті қария бұзып:

– Осыдан тура он жеті жыл бұрын біз осы Ховда бетінен Шыңжанға асқан болатынбыз. Ол кезде сен екулерің ойын баласы едіңдер. 

Қайда барсаң да «Қорқыттың» көрі демей ме қазақ бабамыз,  біз бұл арадан ұжымақ іздеп Шыңжанға асқанымыз жоқ, сол сен екеулеріңнің болашағың үшін,болашақ ұрпағым үшін қарлы Алтайдың теріскейінен күнгейіне ауыстық. Бұл арада мал басы да өсіп,ел іргесі де кеңіп қалған  еді,- деп қария күрсінді. 

Кең тыныстап алып, әңгімесін әрмен сабақтады.

Біз Тулба көлінің бойын мекендеп отырған жылы Моңғолдан Дандижамсан деген бір аяушылықты білмейтін, өмірге жатырынан жерінген әумесер біреуден туған неме қазақ ауылдарына қасқырға шапқан қойдай емініп тисе бастады. Біз молқы, қарақас руларымен бірге қоныстанып жүрдік. Моңғол жұртының шүйліккені де осы екі ру болды. 1917 жылдың күзінде осы екі руды сонау алыстағы Увс  жеріндегі өрікті көлге дейін айдап апарды. Көнбеген ер азаматтарымызды тірідей сойып,қаршадай балаларымызға дейін айдалада кереге ішінен қамап, аштан қатырып өлтірді. Бұндай қатігездікді, бұндай қанышер адамды туғанымнан бері көрмеп едім. Тіпті,оны «адам кейпіндегі аждаһа» атап кеткендер де болды. Он күн тоқтаусыз қудалап Өрікті көлдің жағасына әкеп дамылдатты. Себебі, қариялар болса жүре алмай қалды, бір жағынан өздерінің де азығы бітіп,сол арадағы моңғол халқын да аяусыз қанады.

Сөзге араласқан Кәмен:

– Фу,неткен жауыз адам болған, – десе, Кәдірхан:

– Көрмейсің бе, өз бауырыларын да аямаған қаныпезер екен,- деп күрсініп отырды.

Қария тағы бір кең демалып,  әңгімесін әрмен тұтатты:

– Өрікті көлге барғанда бізде ешқандай қолға ұстай қоятын қару да болмады. Үйдегі жүзі кетілген жаман пышаққа дейін тартып алған болатын, ол өздерінің қауыпсіздігі үшін болды.

 Сол жолы қазақтың ер азаматтары қолдағы бар темір-терсектерді көрік басатын жандарға беріп, қару істете бастадық. Бұл жұмыс үш күн бойы жасырын түрде жүріп отырды. Әйтеуір, бір шешуші шайқас боларын  білетінбіз. Осы жолы қам жасамасақ алыстағы моңғол жеріне бір-ақ апарып, бәрімізді не қырып, не моңғол қылып жіберуші еді. Қариялар шешуші шайқасқа шықпас бұрын қазақ дейтін халықтың қалайда бір ұрпағын аман алып қалу керек болды. Ол кімнің баласы, ол кім деген оймен екі күн жүрді. Ақыры жәнтекей руынан шыққан Сырбай деген балаға байлам жасады. Ондағы себеп Сырбайдың ханзуша, моңғолша, татарша білетіні, ең бастысы -ол араб тілін жақсы білетін он төр жасар балаң жігіт. Сол түні кешке шегір дөненге мінгізіп, қасына салт жирен байталды жетектетіп қоныстан шығарып жібердік.  

Бізге Алланың өзі жәрдемдесті ме, сол күні түн айсыз қараңғы болды. Дандижамсан жасағы болса ауылдардан тонап әкелген самагонға масайып жатқан болатын. Әйелдер жағы жоспарлағандай кермедегі аттарды босатып, қосындардың сыртынан өрт қойды.  Осы шақта жүзге тарта қазақ жігіттері қапияда лап беріп, оларды жеңді. Бірақ, әлгі сұмырай қашып құтылды. Бізге тіпті моңғол жұрты да қосылып оның ізіне түсті, ол ізін суытып үлерді. Енді одан келетін ешқандай қауіп жоқ болғандықтан, біз де кейін шегіндік.

Он екі күн жүріп, біздің әулет Қошағаш деген жерге келіп тұрақтадық. Бұл кезде қараша айы басталып,қара суық қыса түскендіктен, сонда қыстап шығуды жөн көрді Маңбай аталарың. «Жұт-жеті ағайынды» деген рас екен. Айдаудан қажыған жұрттың арық малына қыс оңайға соқпады. Қыстан он шақты қой, бірнеше сиыр мен аз ғана жабы қалды. 1918 жыл Алтайдың күнгей бетіндегі Хабаға келіп отырықтандық. Ол жерде ежелден Абақ керей мекен еткен ата қонысымыз болатын. Ал, ұлдарым, тыңдаңдар! Баратын ел де, жер де сендерді бауырына баса қоймас. Бірақ уранхай дөрветтер достыққа адал, дұшпанға қатал жандар. Әркез олардың шашырап жатқан бір малына қиянат жасамасаңдар ел боласыңдар, егер қиянат жасасаңдар жер боласыңдар, – деп барып тоқтады. Бұл мезетте шығыстан сәукеле күн шапағын төгіп келе жатты. 

Осылай Шыныбай қарт балаларына азды-кемді жүрген жолын айтса, бір жағынан өсиетін қалдырып отырды.

Күн арқан бойы көтеріле  бере көш тағы да алға жылжи түсіп, Ховда өзенінің жағасын бойлай жүріп отырды. Өткел бермес адуынды долы өзеннен қас қарая әзер өтіп, ат арқасын суытып, түйенің қомын босатпақ болып аялдады. Алып шыққан азықтары да бітіп қалған. Сол себепті осы маңнан аң немесе құс атып әкеліп, талғажау қылмақшы. Ал,келіншектер болса омыраудағы балаларын  емізбекші болып құндақтан алып, таңдайларын жібітпек еді, екі баланың бірі жоқ болып шықты. Көштегі адамдардың бәрі абдырап, бала қайда қалды деген сұраққа жауап таппай  мазалары қашты. Жас ана көкірегі қарсы айырылып, жылаумен болды. Ақырында барлығы ақылдаса келе, Ханасты қайта іздеуге Кәдірхан мен Кәменді кейін жұмсады. Олар түн жарымында, түстегі өткен өткел бойына келіп, таң атысын күтті. Ағайынды екеу өз-өздерін кінәлап,түні бойы дөңбекшіп шықты. Жаздың таңы әдетте қысқа болушы еді, мына түн екеуіне бір жылдың түніндей боп сезілді. Таң жерге бозаңдап түсісімен Кәмен арғы бетке өтіп, өзен бойлап кетті. Ал, Кәдірхан сол арадағы өзен сағасын барлауға кірісті. Алланың қалауымен біраз жүрген соң құндақты көрді. Құндақты байлаған жалпақ кенеп жіп қарағайдың суға түскен бұтасына ілініп қалыпты. Сол әлсіз бұтақ баланың төмен ағып кетуіне бой бермей әдейі ұстап тұрған тәрізді. Сондағы әкенің қунашын, әкенің мейірімін айтып тауыса алмассың. Судан баласын алып шыққан соң,бірден тынысын тексерді. Бала тыныс алатын секілді. Тағыды қунып,Алласына сан мәрте шүкірлік айтып, алғысын көк асапанға қарап жаудырып– ақ жатыр. Бұл әкенің баласына деген шексіз махаббаты еді. Есі шыққаны соншалықты, местің түбінде қалған қойдың құйрық майын алып шыққанын да ұмытып кетіпті. Енді есіне түсіп, баласының аузына салып, кеуіп қалған таңдайын, жылай-жылай сілесі құрғаған өзегін жалғауға тырысты. Әдетте, жағаны долдана кеп соғатын Ховда өзенінің өзі тыныштықты қалағандай байыппен ағып жатты. Ал Кәмен болса,жүріп өткен қарағайлардың арасынан аузы да ашылмаған мес тауып алып, соған қуанып келіп тұр. Ағайынды екі жігіт жоғалған жоғын тапқан соң, кеше кеште кеткен қоныстарына сүйінші сұрап оралды.

1933 жылдың көктемінде Шыныбай қарттың арманы орындалып, Тулба көлінің бойында мәңгілік сапарға аттанды. Кәмен мен Кәдірхан болса, Ақкөл деген жерде жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр деп сонда көшуді ұйғарды. 

PS:  Міне Қожаберген батырдың ұрпақтары сонау 1775 жылы Арқа өңірінен шығыстағы Жоңғар қақпасына шекара қорғаушылар болып коныстанды.  Батырдың ұрпағы АТАЖҰРТҚА  2005 жылы көшіп келіп, өз ұрпақтарын байырғы мекенге аманаттап жатыр. Ұрпақ үзілмейді деген осы...