Travel
Жылына 220 000 тонна шоколад өндіретін бұл ел шоколад саудасынан да кіріс кіргізіп отыр
Бұл Еуропа! Еркіндіктің лебі ескен, мәдениет пен стильдің өзіндік аурасы сабақтасқан кәрі құрлық елдері көпке осындай атрибуттарымен белгілі. Өркениетке ертерек мойын созған дәл осы Еуропаның қақпасы Бельгиядан бастау алады. Себебі ел аузында Бельгия Еуропаның алтын қақпасы аталып кеткен. Бір кездері дамыған елдің көшін бастап, дүйім жұртқа өзіндік мәдениетімен танылған шағын елдің шартарапта алатын орны ерек.
Бельгия Корольдігі – Батыс Еуропада орын тепкен, оңтүстігінде Франция, шығысында Алмания және Люксембург, солтүстігінде Нидерланд, батыста Солтүстік теңізбен шектесетін кішігірім ел. Еуропа елдерінің маңызды мәселелерін шешетін, түйін шығаратын ЕуроОдақ пен НАТО-ның мүшесі.
Бельгия жерінде екі ұлттың валлондар мен фламандардың мәдениеті қабысқан. Сол себептен де бұл елде көптілді, алуан түрлі көзқарастарды айқын аңғаруға болады. Тарихы да өз алдына бір тақырып. Сонда да, қысқа қайыра кетейік, Бельгияда ерте кезден белг тайпалары өмір сүрген деседі.Кейіннен сол тайпаларды Рим империясы басып алып, жаңадан провинция құрады. Бельгия жеріне көз тіккен герман тайпалары көшіп келіп, орнығады. Осылайша, Бельгия бірнеше уақытқа дейін Франк мемлекетінің құрамында болып, тек 16 ғасырда ғана Еуропаның бірқатар мемлекеттерімен бірігіп Солтүстік Францияның бір бөлігі саналып, Нидерланд атауына ие болады. Бертін келе, Бельгия испандардың қол астына өтіп, испан билігінің ықпалымен жүреді. Әйтсе де, бұл көпке ұзамайды. Елде өнеркәсіптің тамырына қан жүгіріп, елдің біраз бөлігі Нидерланд корольдігіне бірігеді. Ел ішіндегі соғыстардан кейін 1831 жылы Бельгия басыбайлы отарлық санадан айырылып, тәуелсіздігін алады.
Бельгия билігін алаңдатқан негізгі мәселе - жердің тапшылығы. Біздегідей қара жердің қазығын қағылып қойып, бос жатқан жерлер жоқ. Бәрі де өндірістік мақсатты көздейді. Халық санының артуы жер тапшылығын туындатады. Әйткенмен, Еуропа елдері арасында өмір көрсеткіштері бойынша көш басында. Мұны бельгиялықтардың еңбегіне төленетін айлық жалақыдан көруге болады. Айталық, статистикалық мәліметтер орташа айлық 3500 евро, бұл біздің теңгеге шаққанда 133000 теңге төленеді. Жұмыссыз отырған азаматтарға да аталған қаржы көлеміндей төлем төленеді. Әлбетте, Еуропада өмір сүру қымбат. Десе де, мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік жәрдемақы, бір реттік бала күтіміне берілетін жәрдемақылар да қалыпты тіршіліктің тініне жетіп артылады. Бір қуанышқа бір қайғы дегендей, соңғы жылдары Бельгияда жұмыссыздық мәселесінде де қолбайлау бар. Кей деректерде Бельгияның жұмыссыздық деңгейі 8,6 %-ға жеткен. 11 миллион халықтың тең жартысы жұмыс таппай қиналады. Оған машина құрастыру, текстиль, әйнек, химия өнеркәсібі салаларына деген сұраныс төмендігі себеп. Әйтсе де, Бельгия өндіріс көзі қара металлургия арқылы жан санын аман сақтап отыр.
2002 жылдан бері ел тұрғындары электронды куәлік алуға көшкен. Электронды қолтаңба арқылы жүзеге асырылатын куәлік құжат арқалаудың машақатынан айырады.
Бельгия 400 түрлі сыра дайындалатын әлемдегі жалғыз ел. Эскпортқа да, импортқа да жетіп артылатын сыра зауыттарының көптігінен жылына түрлі фестивальдер мен конкурстар ұйымдастырылады. Тіпті жұмыр жерді аралап жүрген саяхатшылардың өзі Бельгия сырасының дәмін тату үшін арнайылап ат терлетеді. Сонымен қоса, тәттіқұмар туристер де Бельгияға беттейді. Жылына 220 000 тонна шоколад өндіретін бұл ел шоколад саудасынан да кіріс кіргізіп отыр.
Бельгия білімге басымдық беретін ел. Әсіресе, ұстаздар жас баланы өз тарихын терең білуге баулиды. 12 жыл білім алады. 6 жастан бастап оқушы мектепке қабылданады. Ақылы мектептер де есігін айқара ашады. Мемлекеттік және жеке меншік оқу орындары да жетіп артылады. Оқу ақысы да стандартты бағалардан әрі аспайды.
Бельгия астанасы Брюссельді аса бір архитектурасы бар қала деп айтуға келмейді. Қалай болса, солай салынған, түрлі пішіндегі үйлер мен ғимараттар ескі қалашықтарды еске түсіреді. Әйтсе де, Еуропаның кішігірім қалашығы саналатын Брюссель үшін бұл мәдениет жолы. Айталық, тар көшелерінің бойында түрлі жанрдағы суреттер алыстан меңмұндалайды. Әлеуметтік мәселелерді әзілмен түйреген суреттер келген жанның назарын өзіне аудармай қоймайды.
Әлемдік өркениеттің бастауында тұрған, ұлт мұрасын сақтай отырып, жаһандануға қадам басқан Бельгияның бұл бізге мәлім қырлары ғана. Біз білмейтін тұстары қаншама!