Bugin

Ресей не себепті Кенесары ханның басын бермей жатыр?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақ халқы ежелден қасиетті, аруақты адамдардың сүйегінде кие бар деп есептеген. Әсіресе, еліміздің батысы мен оңтүстігіндегі жұртшылық жақсы біледі. Көптеген рухты батырлар да, жебеуші әулиелер де: "Жеріміздің шетін жау баспасын. Мені қойған жер – жердің шекарасы. Болашақ ұрпағыма қорған болайын" деп, өзін шекарада жерлеуді ұрпағына аманаттаған.

Сондықтан тоқсаныншы жылдардың тоқырауынан кейін ел есін жиып, еңсесін тіктей бастағанда қоғам қайраткерлері Кенесары ханның Ресей империясына әкетілген бас сүйегін қайтару идеясын ілгерілете бастады. Себебі, Хан Кененің елді билеудегі, отарлаушы жауға қарсы шапқандағы асқақтаған биік рухы – қазаққа тән, бүгінде ұлттың бойында бұйығы жатқан жойқын да жасампаз қасиет. Ол кие оралса, қазақтың бойында ұлы қуат пен жігер қайта оянады, Қазақ елі жаңа биіктерді бағындырып, өркениет өріне өрлейді деген үміт бар. Өткен ғасырда Израиль, Жапония, Корея сияқты шығыс елдерінің өз бойынан тың күш тауып, жаңа асуларға аяқ басқаны сияқты.

Содан биылғы 11 қаңтарда VII сайланған Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдап, Кенесары ханның бас сүйегі мен мылтығы Мәскеу мұражайында сақтаулы тұрғаны туралы отандық және ресейлік ғалымдардың жаңа дерегін келтірген болатын.

Ұлы Жошы ханның ұрпағы, атақты Абылай ханның немересі, қазақтың үш жүзінің соңғы ұлы ханы Кенесары Қасымұлын (1802–1847) патша үкіметі де жеңе алмады. Кенесары хан қапыда қаза тапқан соң, Қазақ хандығы да жойылды.

"Қазіргі уақытта Кенесары ханның бас сүйегі мен оның мылтығы Мәскеуде этнографиялық мұражайда уақытша сақтауда тұр. 2021 жылы географиялық қоғам ұйымдастырып, Қазақстаннан арнайы барған комиссия мамандары Ұлы ханның бас сүйегі мен мылтығын сәйкестендіру жұмыстарымен айналысты. Тарихи, антропологиялық, мұражайлық және мұрағаттық зерттеулер кешенінің қорытындысында мылтықтың ханға 100% тиесілі екені, ал бас сүйек Кенесары ханның бас сүйегі екені (сәйкестік 90%-дан жоғары) анықталды. Құрметті Әлихан Асханұлы, Кенесары ханның туғанына 220 жыл және Ұлы ханымыз бастаған көтеріліске 185 жыл толуын, мұның ұлттық тарихтағы маңызды орнын ескере отырып, сонымен қатар Әділетті Қазақстанда тарихи әділдікті қалпына келтіру мақсатында сізден Кенесары ханның сүйегі мен мылтығын Ресейден Қазақстанға қайтару мәселесіне қолдау көрсетуіңізді сұраймын", – деді Бақытбек Смағұл.

Мәжілістің ресми сайтының мәліметінше, сауал жарияланғаннан кейін жарты жыл өтсе де әлі күнге дейін Үкіметтен жауап болмаған.

Осыған байланысты, Tengrinews.kz тілшісі Кенесары ханның бас сүйегін іздестіру және елге қайтару үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын анықтап, Мәдениет және спорт министрлігіне сұрау салды.

Мәдениет министрлігінің мәліметінше, тәуелсіздік жылдарында Кенесары ханның бас сүйегін ғана емес, сонымен бірге оның мәйітінің Қазақстандағы жерленген жерін анықтау мақсатында бірнеше іздестіру экспедициялары құрылған екен.

"Тарихи зерттеу бағдарламасы аясында бас сүйекті елге қайтару әрекеті жасалды. Осыған байланысты қазақтың соңғы ханы Кенесарының сүйегінің жатқан жері туралы мәліметі бар түрлі ұйымдарға сұраулар жолданды. Мұрағаттар мен журналистік зерттеулер жүргізіліп, далалық экспедициялар мен зерттеу жұмыстары ұйымдастырылды. Алайда бүгінгі күнге дейін ғылыми қауымдастықтың бар жорамалдары расталмады", – деп түсініктеме берді Мәдениет министрлігі.

Демек, ең болмаса, ұлы ханның басын елге оралтқан маңызды.

Мәдениет министрлігінің хабарлауынша, биыл Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі дипломатиялық арналар арқылы Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігіне көмек сұрап, ресми сауалмен жүгініпті. Хатта Кенесары ханның бас сүйегінің, сондай-ақ оның қару-жарақтарының қазіргі орналасқан жері және олардың тарихи отанына қайтарылу мүмкіндігі туралы ақпарат беру сұралған.

"Қазіргі уақытта Сыртқы істер министрлігімен бірге Кенесары ханның бас сүйегі мен оның мылтығы туралы ақпаратты зерттеу мәселесін пысықтап жатырмыз", – деп сырғытпа жауап қайырды Мәдениет министрлігі.

Асхат Ораловтың ұжымының бұл жауабын СІМ жоққа шығарды. Еліміздің сыртқы саясат ведомствосы бұл мәселе өзінің құзыретіне жатпайтынын алға тартып, журналистерге осыған байланысты Мәдениет және спорт министрлігіне қайта хабарласуға кеңес берді.

Бұл ретте қазақстандық СІМ-нің ресми өкілі Айбек Смадияров дипломатиялық арналар арқылы ресейлік әріптестеріне сұраудың жолданғанын растады. Сонымен өз ісін "тәмам" деп санайды.

"Мәселенің өзі Мәдениет министрлігінің немесе ғалымдардың құзырында екені сөзсіз, біз іздеумен айналыспаймыз", – деді А.Смадияров.

Бізге бастама авторларының бірі, "Qazaqstan Ardagerleri" Қауымдастығының төрағасы Б.Смағұлға хабарластық. Ол жол жүріп бара жатқанын айтты, бірақ түсініктеме беруге келісті.

"Кенесары ханның бас сүйегі мен мылтығы секілді тарихи жәдігерді елге қайтару туралы мен сонау 2006 жылы мәселе көтергенмін. Мақалалар жарияладым. Ханымыздың бас сүйегі жоқ емес, бар. Биылғы депутаттық сауалым мұрағатшы, археолог, антрополог ғалымдардың тұжырымына негізделді. Олар Ресейде ханның бас сүйегі мен мылтығын көрген. Олардың айтуынша, РФ құзырлы органдары бұл жәдігерлердің "аса құпия" екенін, олар туралы сыртқа сыр шашуға болмайтынын қатаң ескертіп, жарияламау туралы қолхатқа қол қойғызып алыпты. Ол ғалымдардың аты-жөні менде бар. Олар фотоға да түсірген, тек әзірше құпиялылығы алынбағандықтан, жариялауға рұқсаты жоқ. Содан биылғы жылдың басында VII шақырылымдағы Парламент тарайтыны нақтыланған соң, олармен ақылдасып, Мәжіліс мінберін пайдаланып, осы мәселеге кезекті рет түрткі салдым. Бірақ ізінше біздің депутаттық корпус таратылды да, сауал жауапсыз қалды", – деді Б.Смағұл.

Оның айтуынша, бұдан бұрын екі ел арасында қазақ ұлты үшін асыл құндылықты қайтару туралы уағдаластық болған. Алайда енді солтүстік көршіміздегі империяшыл күштер: "Ұлы ханының басын және мылтығын қайтарсақ, қазақтардың рухы көтеріліп кетеді" деп, бұл бастамаға тоқтау салған көрінеді. Оның үстіне Б.Смағұлға ғалымдарымыз "Хан Кененің бас сүйегі мен асыл мұраларын елге қайтару – тек ел басшыларының биік деңгейінде ғана шешілетін мәселе" екенін ескертіпті.

"Осы істе қолғабыс етуге уәде еткен ресейлік білікті ғалым да шегіншектеп қалды, қоңырауға жауап бермейді. Мәскеудегі Шығыс мемлекеттік музейіндегі Клишин деген ғалым Қазақстаннан түскен сұрауға енді немқұрайлы жауап беріпті. Ресей басшылығына өзге ел батырының басы түгіл, өз басын қайда тығарын білмейтін қиын заман туып жатыр емес пе? Олар Ханның басын саудаламақ түгіл, өз басын сауғалайтын кезеңге тап болды. Бұл құндылықты қайтарғанның өзінде оған айырбас ретінде Ресейдің бір мықты талабы, базынасы болуы мүмкін. Ол Қазақстан үшін тиімді ме, ол жағы да маңызды. Мысалы, дәл қазір қару-жарақ не солдат сұратса, оған келіспеуіміз керек. Демек келіссөзге көп нәрсе байланысты болады. Маған Ресейдегі Қазақстан елшілігінен хабарласты, әзірге бұл мәселеде ілгері жылжу болмайтынын айтты. Заман да өзгерер, жағдай да жақсарар, сонда Хан Кененің басы жат жұртта қор болмай, құндылық болып оралар. Ал осы мәселені көтере беру, қазақтар, бізге – парыз", – деді Бақытбек Смағұл.

Еске сала кетсек, Елбасы мәртебесі сақталып тұрған кезде, 2021 жылғы 30 маусымда Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуде Владимир Путинмен кездескен болатын. Сонда Мәскеу қожайыны Путин Назарбаевқа Кенесары ханның бас сүйегін Қазақстанға жеткізуге көмектесуге уәде беріпті. Бұл туралы сол кезде Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібайға сілтеме жасап, Егемен Қазақстан ресми газеті де жазған болатын.

Айдос Үкібайдың айтуынша, Н.Назарбевтың Ресейге жұмыс сапары аясында талқыланған мәселелердің бірі қазақ халқының қасиетті артефакті – Кенесары ханның сүйегін іздеу және Қазақстанға қайтару тақырыбы болды.

"Нұрсұлтан Әбішұлы Ресей президентінен бұл жұмысқа көмек көрсетуді сұрады. Елбасы қазақ халқы үшін соңғы хан сүйектерінің туған жеріне көміліп, оның жаны тынышталғаны өте маңызды екенін ерекше атап өтті. Владимир Владимирович Қазақстанның тұңғыш Президентіне Ресей тарапы оған жан-жақты көмек көрсететініне сендірді. Путиннің айтуынша, артефакт табылып, Қазақстан халқына қайтарылады", – деген еді А.Үкібай.

Бұл мәселе үлкен саясатпен астасып жатқанға ұқсайды. Жәдігер қайтарылса, осы бағыттағы ұлтымыздың ұпайы түгенделмек.