ТӘРБИЕ
Кез келген ересек адам педофил болуы мүмкін екенін білу керек. Бұл туралы Анна Құдиярова "Үнсіз педофилия" кітабында мәлімдеген, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Бұл кітапта педофилия тақырыбы қазіргі заманның ең күрделі әлеуметтік және психологиялық мәселелерінің бірі ретінде қарастырылған. Автор педофилияның психологиялық себептеріне үңіле отырып, зардап шеккен клиенттердің өміріне талдау жасайды. Кітап педофилия мәселесін терең түсінгісі келетін және оның алдын алуды көздейтін ізденушілерге, ата-аналарға, ұстаздарға, мектеп психологтарына, практик психологтарға және барша оқырманға арналады.
Кез келген ересек адам педофил болуы мүмкін екенін ескеру керек. Педофил екенін анықтауға болатын жалпыға ортақ физикалық сипат, сыртқы келбет, мамандық немесе тұлға типі жоқ. Балаларды зорлаушылар кез келген жыныстың немесе нәсілдің өкілі болуы мүмкін, сонымен қатар олардың діни көзқарасы, кәсібі мен хоббиі де әртүрлі. Бала зорлаушының сыртқы келбеті әуелі құрметке лайық, үлгілі, сүйкімді, мейірімді және жақсы мінезді болып көрінуі мүмкін. Себебі олар зорлық әрекетке бағытталған қауіпті ойларын жасырып қалуға дағдыланған. Олардың бұл дағдысын психологияда «компартментализация» термині жақсы түсіндіреді.
Яғни адам «бөліп/даралап ойлауды» жиі қолданады және осылай ойлау түрі диссоциативті процестерге жақын психологиялық қорғаныс механизмдерінің бір түрі болып саналады. Мысалы, оқшаулану тәріздес қорғаныс механизмі ой мен эмоцияның ажыратылуын, алшақтығын білдірсе, бөліп/даралап ойлау сәйкес келмейтін психикалық көзқарастардың бір-бірінен алшақтығын білдіреді. Адам бөліп/даралап ойлау механизмін қолданғанда бір уақытта екі немесе одан да көп бір-біріне қарама-қайшы идеяларды, мінез-құлық немесе қарым-қатынас стратегияларын ұстанады. Қарапайым тілмен айтқанда, бөліп/даралап ойлаудың екіжүзділіктен айырмашылығы жоқ. Сол себепті кез келген адамда педофил болып кету қаупі бар.
Келесі ескеретін жағдай – «жау сырттан келмейді». Демек педофилдің көбі жәбір көрген балаға туыстық немесе басқа да (көрші, таныс) жақындығы бар адам болуы мүмкін. Жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалардың 30%-і өзі тұратын отбасы мүшесінен зорлық көрсе, 60%-ы отбасы мүшесі емес, бірақ өздері күнделікті көріп-біліп жүрген ересек адам тарапынан зорлық көреді. Жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалардың тек 10%-ы ғана бейтаныс адамнан зардап шегеді.
Көп жағдайда зорлық-зомбылық жасаушы баланың көршісі, мұғалімі, жаттықтырушысы, діни қызметкер, музыка нұсқаушысы, бала бағушы немесе мектеп арқылы таныс адам болып шығады. Соның ішінде отбасы мүшелері тарапынан да қауіп төнеді.
Көп жағдайда педофилдің өзі балалық шағында физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған. Кейбірі көңіл күйдің бұзылуы немесе тұлғалық бұзылу сияқты психикалық ауытқушылыққа ұшыраған. Ғылыми зерттеулерге сәйкес, педофилдердің 50%-ға жуығы социопаттық белгілері бар адам болып шыққан. Ондай адамдар қоғамда қалыптасқан ережелер мен үрдістерге бағынбайды және бұл үшін алаңдау, ұялу, өзін кінәлау немесе өкініш сезімі болмайды.
Педофилияның ең айқын белгілерінің бірі – ересек адамның балалар әрекетіне қарқынды қызығушылық танытуы. Көптеген педофилдер ересектерге тән іс-әрекеттерге көңіл бөлгеннен гөрі, уақытты бала сияқты немесе балалардың жанында өткізгенді қалайды. Олардың хоббиі де балаларға тән хоббилерге ұқсас болады.
Педофилдер балалармен сөйлескенде, балалармен қарым-қатынаста болғанда ересек адаммен қатынас құрғандай күйде болатыны байқалады. Балаларды зорлаушылар көбіне барлық баланы жақсы көретінін немесе өзін әлі бала сияқты сезінетінін айтады.
Педофилдер әлсіз, дәрменсіз, ерекше қолдауды қажет ететін, бірақ отбасынан ондай қамқорлық көрмейтін, ұялшақ немесе тұйық балалармен қарым-қатынас орнатуды жөн көреді. Нәтижесінде педофилдер құрбандарына қамқорлық көрсетіп, оларды ақшамен қамтамасыз етіп, ақыр соңында олардың досына немесе тәлімгеріне айналады. Содан кейін педофил баланы порнографиялық фильмдерге немесе сондай мазмұндағы басқа да контентке қызықтырып, өзіне икемдеп, баули бастайды.
«Сенімге кіру» термині – педофилдің баланың сеніміне, кейде ата-анасының сеніміне кіру үшін әрекет ету процесін білдіреді. Арам ойын жасыра жүріп, айлар, тіпті жылдар ішінде педофил отбасының сенімді досына айналады. Ол бала күтуді, баланы дүкенге немесе саяхатқа апаруды немесе басқа да жолдарды тауып, оны сылтау қылып, баламен жалғыз уақыт өткізу үшін түрлі амал жасауға тырысады. Көптеген педофилдер баланың сеніміне ие болғанға дейін балаға қиянат жасамайды. Кейбіреулер балалардың көңілін табу үшін, өзінің сенімді адам екенін дәлелдеу үшін айналасындағы адамдардың пікірін пайдаланады.
Порнографияны көруге көп уақыт жұмсайтын, әсіресе балалар порнографиясын қызықтайтын кез келген адам педофилияға бір қадам жақын екенін ескеру керек. Балалар порнографиясын көру – қызығушылық немесе құмарлық қана емес, балаға қарсы жыныстық зорлық көрсетуді қолдау, балаға қатысты қылмысқа қатысу болып саналады.