ДЕНСАУЛЫҚ

Остеопатия деген не: қандай қаупі бар?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Остеопатия – елімізде қарқынды дамып келе жатқан саланың бірі. Біреулер оның тиімділігі дәлелденбеген десе, енді бірі остеопаттың көмегімен дертінен құлан-таза айығып кеткенін айтады. Осындай кереғар пікірлер көбейіп кеткен тұста біз бүгін дәрігер-остеопат, ҚР Халық емшілері қауымдастығының мүшесі, әйелдерге арналған алғашқы остеопатия орталығының негізін қалаушы – Влада Анатольевамен бірлесіп бұл саланың қыр-сырын талдаймыз.

Остеопатия - 130 жылдан астам уақыт бұрын АҚШ-та пайда болған медицина бағыты. Оның негізін қалаған – америкалық хирург Э.Т. Стилл.

Дәрігер-остеопат Влада Анатольеваның айтуынша, ағзадағы бұзылыстың себебін анықтау үшін остеопат бірінші кезекте алдына келген науқас туралы анамнез жинайды. Сырқаттың себебін анықтап алғаннан кейін ғана оны жою үшін қажетті техниканы таңдайды. Дұрыс техника адам ағзасы, жүйесі мен құрылымының табиғи механизмін қалпына келтіреді.

Остеопатия краниосакралды, құрылымды, висцералды және биодинамикалы бөлып бөлінеді.

Краниосакралды остеопатия – бас жарақатының, босану кезіндегі жарақат, нейроинфекция салдарын, бассүйек ішіндегі қысымның көтерілуі (внутричерепное давление), бас ауруы, жамбас сүйегі, құйымшақ жарақатының салдары, энурез – сөйлеу мен психомоторлық дамудың кешігуі, есту мүкістігі сынды ауруларды емдейді.

Құрылымды остеопатия – арқа, буын ауруы, сколиоз, мүсіннің бұзылуы, остеохондроз, майтабан, радикулит, миозит, ишиас сынды сырқаттарға ем.

Висцералды остеопатия – простатит, өт шығару жолдарының дискинезиясы, созылмалы тассыз холецистит, көкет жарығы, әйел бедеулігінің кей түрлерін емдесе, биодинамикалы остеопатия – сұйықтық арқылы адам қозғалысын реттеп, ішкі органдар жұмысының белсенділігін қалыпқа келтіреді.

"Остеопат ағзаның өзін-өзі қалыпқа келтіруіне көмектеседі. Ағзадағы әр мүше қозғалады. Мәселен, сүйек қозғалысы бұзылғанда адам денесінде түрлі өзгеріс болады.

Остеопатия дәлелді ғылымға жатпайды, бірақ оның көмегімен дәрігер таба алмаған мәселелер шешіліп, дәрі емдей алмаған сырқаттар емделіп жатады", - дейді Влада Анатольева.

Сондай-ақ дәрігер остеопатияны панацеяға айналдырудың қажеті жоқ деп есептейді.

"Остеопатия өзі ғана бүкіл ауруға ем деп ойлау жаңсақ түсінік. Науқас дәрігерінен ем алумен қатар, остеопатпен де жұмыс істесе өте жақсы нәтижеге жете алады", - дейді ол.

Оның айтуынша, Қазақстанда бұл бағыт қарқынды дамып жатыр.

"Көптеген дәрігер остеопатия курсын оқып, емдеу тәсіліне жаңа технологияларды енгізгісі келеді", - деп атап өтті остеопат-дәрігер.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сайтынан остеопатияны мақұлдаған немесе жоққа шығарған ақпарат таппадық. Тек кейінгі жылдары әлемде халық емшілерінің көмегіне жүгініп, сауығып кеткендер саны артқаны айтылған.

Ал көршілес Ресейде осы саланы үйрететін арнайы оқу орындары бар. Яғни дәрігер дипломы бар маман қосымша остеопатия саласын оқып алып, ресми остеопат-дәрігер лицензиясын алады.

Қазақстанға келер болсақ, елімізде остеопатия дәлелді медицина ретінде мойындалмаған және кез келген адам осы іспен айналыса алады. Сол себепті оқырмандарымызды дәрігер таңдағанда мұқият болып, өз денсаулығын сенімді маманның қолына табыстауға кеңес береміз.