Саясат

Сұлтан Сыздық: отарлаушының басын қылышпен қаққан қаһарман

Сұлтан Сыздық Кенесарыұлы жайлы бір дерек

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Асылдан асыл туары анық дүние. Алма ағашынан алыс түспейтінін дәлелдеп, қазақтың соңғы ханы Кенесары бабамыздың ұлылығын асқақтата түскен ұрпақтарының бірі Сыздық сұлтан жайлы ел аузында көп айтылмайтыны да белгілі. Тіпті қазақтың жартысы Сыздықты білмейді десек те артық айтпағанымыз шығар.

Оған мемлекеттің де батырдың есімін ұлықтау жолында мардымды жұмыс атқармауы мен тарихтың дұрыс зерттелмеуі, насихаттау жұмыстарының жүргізілмеуі де әсер етуде.  Хан Кене «қайран да менің қазағым» деп ұлт-азаттық көтерілісті бастаған сәтте, яғни 1837(-1910) жылы Сыздық сұлтан дүние есігін ашқан еді. Азаттық жолындағы алаумен бірге келгендіктен болар, жастайынан батыр әрі алғыр болып өскен сұлтан болашағынан үлкен үміт күттіретін. Ол әкесі Кенесары хан қаза тапқаннан кейін, Қаратау маңындағы жайлауды мекен етуіне тура келеді. Оның ауылы Қоқан хандығына салық төлеп тұратын. Сыздық сұлтан әкесінің кегін қайтсемде қайтарамын деген оймен, Қоқан хандығының әскеріне тіркеледі. Көп ұзамай әскери қабілетінің жоғарылығымен көзге түсіп, онысын тіпті Ұзынағаш түбінде болған ұрыста да дәлелдейді. Нәтижесінде оны пансат басы, яғни бес жүз әскерді басқарушы етіп тағайындайды. 1864 жылы сұлтан Сыздық Созақ өлкесінің әкімі болып тағайындалады. Ендігі таңда оның өмірі нағыз қаһармандықпен сипатталатын жолға түседі.  Дәл осы жылы озбыр саясаттынң нағыз шебері, Ресей империясы отарлау саясатын оңтүстік өңірімізде жандандыра бастаған еді. Отарлаушы қаныпезерлер, 1864 жылы полковник Веревкин бастаған әскер қасиетті Түркістанды қоршауға алады. Мұны естіген Сыздық сұлтан аз ғана әскерімен жаудың бетін қайтаруға аттанады.  Ол Созақтан әскерін бастап Қаратаудың сілемдері арқылы асып өтіп, Сүйіндік асуын басып өтіп, қоршауда қалған Түркістанға көмекке келеді. Оның бұл әдісі әкесі Хан Кененің әскери тәсіліне көбірек ұқсайтын. Түркістанда ол жасаған ерліктерді таңнан-таңға жатқа айтуға болатын толыққанды батырлар жыры ретінде жазуға болады десем артық айтқаным емес. Түркістанды қорғау барысында Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен түнгі жортуылдарға шығып, партизандық соғыстар жүргізді. Шардара маңында офицер Иванин бастаған казак жүздігімен айқасып, тас-талқан етті. Сол ұрыс барысында Иванин Сыздықты тапаншамен үш мәрте атып, тигізе алмапты. Нәтижесінде басқыншының өзі батыр бабамыздың қылышынан жан тапсырған. Бірнеше күн өткен соң, Сыздық қоқандықтарды бастап Ақбұлақ ауылының маңында отарлаушылармен кескілескен ұрысқа түседі. Ал сол ұрыстан кейін екі күн өткен соң Қошдиірмен маңында аз ғана әскермен отарлаушыларды талқандаған әйгілі ұрысты басқарады. Алайда қатал тарих көрсеткендей, отарлаушылардың саны да, қару-жарағы да өте көп әрі басым борлып шығып, Сыздық Түркістан маңынан кері шегінеді. Кейіннен Черняев бастаған әскер Шымкентті қоршауға алып, қаланы басып алады. Бұл кезеңде Сыздық сұлтан Ташкентте болатын. Сыздық сұлтан Ташкентте жатып, Түркістан мен Шымкентті кері қайтарып алу жоспарын құрып жатқанда, Қоқан билеушісі Сыздықтың жоспарын тыңдамай мыңдаған әскерін бастап, Түркістанды еш жоспарсыз қайтарып алуға аттанып кетеді. Нәтижесінде Қоқан билеушісі Серов бастаған отарлаушы әскерімен кездейсоқ Шелек маңында кездесіп қалып, қоршауда бірнеше күн жатады.  

Мұны естіген Сыздық сұлтан 300 әскерін бастап, Серов әскеріне көмекке аттанған әскердің жолын бөгемек болып, Түркістан қаласын үш күн айналып жүруге мәжбүр болады. Бұл әскери тактикасы арқылы ол қоқандықтардың қоршауды бұзып шығуына мүмкіндік бермек еді. Оның жоспары іске асып, қоқандықтар қоршауды бұзып шығып, Ташкентке кері қайтады. Ал Сыздық сұлтан бұл тактика барысында санынан жараланып, дереу арада ем қабылдауға мәжбүр болғанына тарих куә. Жеңіспен рухтанған Черняев ендігі сәтте Ташкентті басып алуға аттанады. Ташкенттің қорғанысын жүзеге асыруға тиіс Әлімқұлдың күтпеген жерден қаза табуы, Сыздықтың қорғанысты өз қолына алуына әкеліп соқты. Нәтижесінде ол Ташкентті қорғауға кіріседі. Алайда қоқандықтардың  қорғанысқа дайын болмауы оның жоспарының күл талқанын шығарады. Өйткені қоқандықтар Сыздықтың сұлтан болып кетуінен қатты қорқатын. Себебі оның әкесі Хан Кенені жау санаған қоқандықтар, оның баласы Сыздықтың әмірге айналғанын қаламаған еді. Мұны іштей сезген Сыздық сұлтан Қоқан хандығының күні санаулы екенін жақсы түсінді. Сөйтіп ендігі сәтте Бұхар хандығымен одақтасуды жөн санап, әмір Әбілмұзафарға одақтасу жайлы хат жібереді. Әбілмұзафар одақтасу ұсынысын қабыл алып, өз елшісін Ташкентке жібереді. Ол елшінің есімі – Тайшыбек еді. Тайшыбекті Ташкенттің қорғанысына жауапты етіп қалдырып, Сыздық сұлтан өзі Бұхар хандығына аттанады.  Тайшыбек Ташкентті қорғап қала алмады. Черняев Ташкентті басып алғаннан кейін, Жызаққа атанады. Мұны естіген Сыздық оған тегеурінді тойтарыс беріп, бетін қайтарып тастайды.Шегінген Черняев әскеріне Бұхар хандығының мыңдаған сарбаздарының шабуыл жасауға рухтарының жетпеуі, Сыздықтың ашуын туғызады. Сыздықтың әскерін жеңе алмаған Черняевті Ресей патшалығының бұйрығымен генерал Кауфман алмастырады.

Бұл ретте Сыздық Қазалы бойында орыс әскерлерінің бір бөлігімен шайқасып жатқан еді. Ал Самарқанд түбінде Кауфман әскерімен Әбілмұзафар әскері ұрысқа түседі. Сыздық әдеттегідей қарсыласын талқандап, Самарқандқа қайтқанда Әбілмұзафардың жеңілгенін естиді. Самарқанд орыстарға өтеді. Бұхар билеушісі орыстардың басымдығын мойындап, келісімге келеді. Мұны сатқындық деп түсінген Сыздық ендігі таңда Бұхар билеушісіне қарсы соғысуды да ойлайды. Сөйтіп өз жақтастарымен бірге, Бұхар билеушісіне тиесілі Нұрата қамалын басып алады. Қаланы қайтарып алу мақсатында жіберілген 13000 әскер, Сыздық сұлтанмен ұрысқа түспей тізе бүгіп, батыр бабамыздың әскеріне қосылады. Әрине, бұл Сыздық үшін үлкен мүмкіндік еді. Алайда ол 13000 әскер шынайы берілмей, Зеравшан өзені бойындағы ұрыста шайқасқа кіріспей қаша жөнеледі.     Ал өмір ағысы Сыздықты нағыз баһадүр ретінде шыңдай түсты. Көп ұзамай ол Бұхар хандығын тастап, Хиуа хандығында Ресей патшалығына қарсы соғысты. Ал Үргеніш құлағаннан кейін, түркімен сарбазы Мұхаммедниязбен бірігіп өз жорығын ары жалғастырды. Хиуа хандығының әмірі орыстармен бейбіт келісімге келуді жоспарлағанын естіген Сыздық сұлтан өз күресін Қашғарға барып жалғастыруды ойлады. Осы ойы арқылы ол Гератқа келіп, онда үш ай жатып, артынша Бадахшанды басып өтіп Қашғарға тұрақтады. Қашғар әміршісі Жақыпбекпен кездесіп, әскербасы атағын алды. Бұл кезеңде ол Қытай әскеріне қарсы соғысуға мәжбүр болды.  Кескілескен бір ұрыста, ол қолынан қатты жараланып қалса да, шайқасты соңына дейін жеткізіп, Қытай әскерін кері шегіндіріп тастады. Дей тұра 1877 жылы Цинь империясы Қашғарды жаулап алды, сол арқылы Сыздық сұлтанның да Ресей отарлаушыларын талқандап, отанын азат ету жайлы ең соңғы үмітi үзілді. 1878 жылы ол Ферғанадағы ағасы Ахметке хат жіберіп, «өзін кешіруін және отанға қайтып оралуына рұқсат беруін» сұрайды. Ағасы оған күнәсі кешірілгенін және қайтып оралуына рұқсат бергенін мәлімдейді. Сөйтіп Сыздық сұлтан Шымкент уезіне қайтып оралады. Ал генерал Кауфман оған тұтқындағы отбасын толық қайтарып беру жайлы бұйрықты жеке беріп, тіпті мал-мүлік беруін де бұйырады. Әкесінің асыл жолын жалғастырып, ата жауы Ресей патшалығына қарсы соғысқан Сыздық бабамыздың даңғыл жолы осындай. Зерттелмеген деректер қаншама. Алайда кішігірім қолымыздағы осы деректің өзі, Сыздық сұлтанның даңқты қолбасшы, мықты стратег болғанын дәлелдейді емес пе?! Ер есімі қашанда ел есінде!