ТӘРБИЕ

Жоқтау ұмытылып бара жатқан дәстүр ме?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақ халқының ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлерінің бірі - қайтқан адамды жоқтау.  Дауыс шығару деп те аталатын бұл әдет-ғұрыпқа сәйкес, адам қайтыс болған күннен бастап оның жылы өтіп, асы берілгенше жоқтау айтылады. Қазаны естіген жанашыр туыстар ауылға “ой, бауырым" деп ат қойып шауа келіп, атынан жығыла түсіп, жақындары жоқтау айтып, көріседі.

Жоқтау айту дәстүрінің бастауын исламға дейінгі көне түркі дәуірінен іздеу керек. Қытай шежіресінде айтылғандай, көне түркілерде әйелдер, кейде тіпті ер адамдар жақындарының өлімінде қатты эмоцияға беріледі. Әсіресе жесірлер шашын жайып, бетін тырнайды.  Әдетте дауыс шығару өлең түрінде, жыр болып айтылады. Бүгінгі күнге дейін жеткен ежелгі дәуір әдебиеті - Алып Ер Тұңғаны жоқтау жыры.

Ал Абай бұл ғұрыптың өлең түрінде жеткізілетінін:

Біреудің кісісі өлсе, қаралы - ол,
Қаза көрген жүрегі жаралы – ол.
Көзінің жасын тыймай жылап жүріп,
Зарланып неге әнге салады ол? - деп жырлаған.

Жоқтау жырларын зерттеу 19-ғасырдан басталады. Ш.Уәлиханов оған алғаш ғылыми баға берген болса, 1926 жылы Ахмет Байтұрсынұлы бұл тақырыпты зерттеп, “23 жоқтау” деп аталатын кітап шығарған. Ғалым Тоқтар Арынов жоқтаулардың "күй жоқтау", "ән жоқтау", "жыр жоқтау" деп аталатын түрлері кездесетінін айтады. Ғұрыпқа сәйкес, жоқтауды қайтқан адамның ет жақындары айта алатын болған. Жоқтау айту - аза тұтқан жандарға өздерінің ішіндегі күйігін жылап, айғайлап шығарып алуға мүмкіндік береді. Бірақ бұл жыр түрінде дүниеден озған адамның тек жақсы тұстары айтылады. Себебі, қайтқан адамның жаман істерін айту күнә деп саналған.

Ерте кезде жоқтау айтылмаған адам - жоқталмаған, жақыны жоқ адам саналған. Бірақ бүгінде бұл дәстүр ұмыт болып бара жатқаны ойландырмай қоймайды. Терең мәні бар осынау ғұрыпты жоғалтып алмасақ болғаны!