Саясат

Дмитрий Петров: Ресейге мемлекеттік сыйлаған – түркілер

"Ежелгі орыстар түркілермен қатар ғұмыр кешті, бір-бірінің дамуына ықпал етіп, симбиоз жасады"

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Полиглот, тілтанушы, лингвист, тарих ғылымдарының докторы Дмитрий Петров тіл үйрету видеоларымен ТМД елдерінде танымал. Ол тек тіл тарихын зерттеп қана қоймай, халықтардың тарихын да зерделеп, өз тұжырымдарымен, тезистерімен бөлісіп жүреді. Мысалы ол Ресейдің мемлекеттігі көне түркілердің арқасында дамыды деп есептейді. 

"Бізге ғұн империясы таныс, олар түркі тайпасы болған. Жылнамалық деректерден половшылар, печенегтер шапқыншылығы белгілі және ежелгі орыстардың хазарлармен шайқасын да білеміз. Ежелгі орыстар түркілермен қатар ғұмыр кешті, бір-бірінің дамуына ықпал етіп, симбиоз жасады. Дәл осы симбиоз Ресейдің мемлекеттігіне жол ашты", – дейді ғалым. 

Дмитрий Петров түркілердің ұрпағы, орыстар ғана емес, өзге халықтардың да тарихи даму процесіне зор әсер етті дейді. Мысалы қазіргі Пәкістан мен Үндістанға:

"Моғол империясы кезінде қазіргі Үндістан мен Пәкістан территориясын билеп тұрды және сол елдердің тілі урдудың пайда болуына ықпал етті. Бұл империяның негізін қалаған – қазіргі Қазақстан территориясынан шыққан тағы сол түркілер. Моғол империясы құрылғанда, түркі тілі элиталардың тілі болды. Сонымен қатар әскер тілі де дами бастады. Әскер құрамында түркілерден бөлек басқа да этностар болғанымен, тілдік қатынас ортақ болды. Ал сол әскердің, яғни түркіше орданың тілі біртіндеп урду тіліне айнала бастады".

Петров түркі тілі кезіндегі Русь территориясында үстем болмаса да, түркілердің тілдік элементтері едәуір сіңіп кеткенін алға тартады: 

"Ол үстем тіл болмады, бірақ тілдің ықпалы көп болды және белгілі бір деңгейде еніп кетті. Мысалы мемлекеттік басқару, қаржы салаларында. Мәселен "казна", "таможня" сияқты сөздер түркілерден енген. Ал мұндай мысалдар орыс тілінде жетерлік", – дейді ол.

Дмитрий Петров – белгілі полиглот, лингвист. Оның "Полиглот" атты видеокурсы көпшілік арасында аса танымал. Петров 30-дан аса тілмен таныс және өз сөзінше ол 50 шақты тілдің жазбасын оқи алады. Ғалым қазақ тілін де меңгерген, 2011 жылы Мәдениет министрлігінің бастауымен "Тiлашар ENTER" жобасын жүргізген.