ТӘРБИЕ

Бонни және Клайд синдромы. Адам өлтірген жігітке ғашық болған арудың оқиғасы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Неге кейбір арулар үшін нағыз еркектің бейнесі – дөрекілік, тентектік, қаттылық, қатыгездік, бұзақылық болып көрінеді? Неге кей қыз-келіншек саналы, бейсаналы түрде болашақ жары ретінде "жаман жігіттерді" таңдайды? Bugin.kz порталы осы сұрақтарға жауапты психолог Анна Құдиярованың "Үнсіз педофилия" кітабынан ұсынады.

Психологияда "жаман жігіттерге" деген құштарлық Бонни және Клайд синдромы деп аталады. Бонни және Клайд – АҚШ-тағы ұлы депрессия кезінде шыққан қылмыскер жұп, қос ғашық. Олар банк, дүкен тонаумен айналысқан, тонау кезінде адам өлтірген. Бонни – үздік оқыған, әртістік болашағы болған ару. Клайд – алғашында көлікті жалға алу мерзімін кешіктіргені үшін, күркетауық ұрлағаны үшін түрмеге түсіп, түрмеде көрген қорлық пен зорлаудан қанды қарақшы болып шыққан қылмыскер.

Бони және Клайд синдромы – патологиялық жағдайларда қылмыскерлерге, басбұзарларға деген махаббат, соларға тұрмысқа шығуды көксеу. Көп тараған, жеңілдеу түрі қарым-қатынаста ер адамның басымдығы, өрескел әрекет жасауы, күш көрсетуіне көну. Көнудің астарында қалау жатады.

"Жаман жігіттерге" ғашық болудың бірнеше себебі бар. Бірінші себеп – эмансипация. Кезінде гендерлік теңсіздік қалыпты болғаны рас (қазір де кейбіреулер үшін қалыпты). Билік көбіне ер адамдардың қолына шоғырланғаны рас. Бүгінде әйел ер адаммен тең дәрежеде мансап жасай алады, ер адамның қаржылай қолдауын да қажетсінбеуі мүмкін. Алайда әлі де гендерлік рөл шеңберінде өмір сүреміз. Сондықтан жұмыста темірдей мықты ханым кей кезде өзін әлсіз сезінгісі келеді. Ол үшін бар проблеманы өзіне ала алатын, шеше алатын ер – таптырмас вариант.

Екінші себеп – қыз кезінде өз отбасында көргені. Әкесі әйел затына (анасына, қызына) қатты, дөрекі, тұрпайы, зорлықшыл болса, болашақта қыз бала әкесіне ұқсайтын адам іздеуі мүмкін. Әкемен қарым-қатынас қыз үшін қарама-қарсы жынысты қабылдаудың негізі. Егер әкесі қатал, дөрекі, агрессор болса, қыз "нағыз ер" деп тек агрессорларды қабылдап, сыпайы, сау қарым-қатынасқа түсе алатын, эмоциялық ересек жігіттерді еркек деп менсінбеуі мүмкін. Өйткені психикасындағы "нағыз ер" образы мүлде басқа.

Бұдан бөлек, тағдыр тәлкегіне түскен бұзақыны "Мен ғана алып шығамын" деген құтқарушы комплексі болуы мүмкін. Бірақ адам өзге үшін ас ішпейтіні сияқты, өзге адамды тәуелділіктен ешкім құтқара алмайды.