Саясат

Абайдың тілін неге алмай жүрміз?

Біз осы Абайша сүйіп, Абайша неге күймейміз?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Абай атасынан кеменгер боп жаратылып,анасынан дана,еліне пана, өз заманында асқақ ойлы ғұлама, қазақ үшін дертті болған, кеудесі қайғы мен қасіретке толы қазақ тарихындағы ең ірі трагедиялық қайталанбас тұлға.

Қалың елім қазағым қайран жұртым, Ұстарасыз аузңа түсті мұртың, Жақсы мен жаманды айырмадың. Бірі – май бірі – қан боп екі ұртың деп қараңғы қазақтың хал-ахуалын осылайша суреттеді. Ал бүгінгі XXI ғасырда да Абай кешкен уайыма сейілмей тұр. Себеп әлі күнге дейін жақсы мен жаманның ара жігін ажырата алмай жүргендігімізде. Сананы сан мың сұрақ торлайды. Қоғамдағы есерсоқтардың есірген іс-әрекетін көріп қынжыламыз. Бір сәт...

Біз осы Абайша сүйіп, Абайша неге күймейміз? Абайдың айтқан ақылын алып жүрміз бе? Ұмтыл деген биігіне ұмтылдық па? Жаса дегенін жасап, маңына да жуымауға тиістіні санаға құйдық па? Әлде балалық пен шалалықтың әсерінен әлі шыға алмай жүрміз бе? Бүгінде жауабы табылмаған сұрақ белгілер қазақ жастарын тура жолдан адастырып, шым-шытырық әлемге жетелеп бара жатқан секілді. Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Содан қашпақ керек. Әуелі –надандық, екіншісі – еріншектік, үшінші – залымдық. 38-ші қара сөзінде көрсетілген басты жаулармен қорғанбақ былай тұрсын, қалқанымызды тесіп өтіп бойымызға еніп барады. Мәселен үш нәрседен қашпақ түгілі дос болып алғандығымыз алаңдатады.

Әуелі – надандық. Біздің қоғам саналы жастармен емес, санасыз жастармен қор болуда. Білме білгеннен үйренбенің кебін кейіп келеміз. Надандықтан құтылып, бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеуде бар жағдай жасалған. Тіпті « 2019 жыл Жастар жылы» деп бекітілді. Бірақ қазақ жастары арзан күлкі мен арзан өмірге бет бұрып бара жатыр. Өзгеге еліктеушілік басым болып тұр. Абайдың айтқанына құлақ аспайтынымыз да сондықтан болар.

Екінші – еріншектік. Қарапайым өмірдің өзін мысал ретінде алсақ болады. Ойға алған бүгінгі ісімізді ертеңге тіпті арғы күнге беймарал қалдыра салатындар бар. Елдің тағдырынан бөлек өз өмірінің бағытын бағамдай алмай жүргендер көп. Абайдың мал тап, білім ал, өнер үйрен деген ақылын алуға мойнымыз жар бермей жүргені белгілі.

Үшінші – залымдық. Қоғамды азғындатып, ұрпағымызды түп тамырымен жойып жіберуі мүмкін қауіпті күштің бірі. Қазіргі кезең залымдықты да бастан өткеруде. Ер жігіттеріміз ерге тән мінезден айнып залымдықтың сан түрін жасауда. Өрімдей жас қыздарымыз бауыр еті баласын далаға тастап жтқанда келешекке еш алаңсыз қол созу мүмкін еместігі айдан анық. Залымдықтың көбейуінің бір қыры жастардың кітаптың парақтарын ақтарудың орнына, әлеуметті желіге телміруінен деп топшылауға болады. Сана уланса залымдық та өршейтіні сөзсіз.

Төнген қауіптерден құтылу жолы – даналар салған дара жолмен жүру керектігін ұғынумыз керек. «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, Өлмей тұғын артынан із қалдырған» демекші Абайдың тілін алар болсақ еліміздің гүлденуіне қазақ жастары бір кісідей ат салысар еді. Өткенімізді ұғынбай, бүгінімізге сеніммен қарау мүмкін емес. Абай сенген бүгінгі жастар сенімді ақтаса нұр үстіне, нұр болары ақиқат.