БІЛІМ
Елімізде 5 тамызда мемлекеттік білім грантын алғандардың тізімі жарияланды. Бұрынғы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов грантқа ілінбегендер енді не істей алатынын айтты. Bugin.kz порталы экс-министр ұсынған жеті әдісті тарқатып жазады.
1. Игерілмеген гранттарды күту
Мемлекеттік грант алғандардың тізімі жарияланған соң, игерілмеген бірнеше мың грант қайтадан үлестіріледі. Бұл тізім бойынша, грант алған талапкерлерден кейін тұрғандарға ҰБТ-да жинаған ұпай санына сай беріледі. Соны күтуге болады.
2. Әкімдіктердің грантын алу
Жергілікті атқарушы органдардың гранты дегеніміз – білім беру (педагогикалық мамандықтар) сияқты салалардағы кадр тапшылығын жою үшін қала немесе облыс үшін неғұрлым қажет мамандықтарға бөлінетін гранттар.
- Жергілікті атқарушы органдардың гранттары жұмысқа орналасу пайызы, білікті профессорлық-оқытушылық құрамның болуы, университеттің жалпы рейтингі сияқты критерилер бойынша іріктелген университеттерге бөлінеді.
- Жергілікті атқарушы органдардың гранты мемлекеттік грант алмаған талапкерлерге ай сайынғы стипендиямен және кейіннен кепілдік берілген жұмысқа орналасумен тегін жоғары білім алуға үміткер болуға мүмкіндік береді.
- Жергілікті атқарушы органдардың гранты ҰБТ-да жоғары балл алған түлектерге кему тәртібімен беріледі.
- Бұл грантты алу үшін ҰБТ-дан кемі 75 балл алу керек, әр пәннен 5 балдан кем жинамау керек.
- Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар тұлғалар ҰБТ-дан 35 балдан кем жинамау керек. Әр пәннен 5 балдан кем алмауы керек.
Әкімдік гранттары туралы білу үшін ақпаратты әкімдіктен немесе олардың ресми сайтынан алуға болады.
Құжаттар 5-10 тамыз аралығында қабылданады. Кімге грант берілетінін әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссия шешеді. Грант иелері 25 тамызға дейін оқу орнына есепке алынады.
3. "Қазақстан халқына" қорының гранттары
Қор 2023-2024 оқу жылында бакалавриат бағдарламалары бойынша талапкерлерге жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі оқу ұйымдарында күндізгі оқуға 850 білім беру грант бөлді.
Білім беру грантын Қазақстан Республикасының мына азаматтары ала алады:
1) ауылдық жердегі, шағын және моноқалалардағы аз қамтылған отбасылар;
2) жетім балалар немесе кәмелетке толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
3) мүгедектігі бар азаматтар;
4) мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
5) 2022 жылғы қайғылы Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан Қазақстан Республикасы азаматтарының балалары;
6) 2022 жылғы қайғылы Қаңтар оқиғасы кезінде жараланған балалар;
7) төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккен Қазақстан Республикасының қаза тапқан азаматтарының балалары (Қордың Қамқоршылық кеңесінің шешімі негізінде).
Бағдарламаға қатысудың шекті жасы – толық 29 жас.
Білім беру грантының иегерлеріне оқу жылына 1 миллион теңгеге дейін оқу ақысы төленеді және бүкіл оқу мерзімі ішінде 40 000 теңге мөлшерінде ай сайынғы шәкіртақы төленеді.
Шәкіртақы жазғы демалыс кезеңін қоспағанда, 10 ай ішінде (жыл сайын) төленеді.
Білім беру гранттары байқауына қатысу үшін құжаттар жоғары оқу орнынан кейінгі оқу ұйымдарының (ЖЖОКБҰ) қабылдау комиссияларына тапсырылады. Білім беру гранты тағайындалатын үміткерлердің тізімі ЖЖОКБҰ ҰБТ тапсырған және оның нәтижесі бойынша оқуға түсу үшін қажет өту балын жинаған (оның ішінде шығармашылық емтихандарды ескере отырып) талапкерлер қатарынан жасалады. Грант тағайындалатын талапкерлердің тізімін қор басқармасы бекітеді.
Өтініш беру мерзімі: 10-17 тамыз.
Грант иегері оқуды аяқтағаннан кейін оны өтеуге міндетті емес.
Қордың гранты туралы толық ақпарат мына жерде.
4. Босаған гранттарды алу
Оқу жылы басталмай жатып кейбір талапкер мемлекеттік гранттан бас тартады. Оның түрлі себебі болуы мүмкін: өзі таңдаған оқу орны бар қала тым шалғайда орналасқан, өзі жазған оқу орны көңілінен шықпайды немесе таңдаған мамандығын оқудан айнып қалады.
Ондай кезде босаған гранттар тізім бойынша келесі адамдарға тағайындалады. Мұндай гранттың саны да аз болмайды.
5. Ақылы оқуға түсіп, келер жылы грантқа тапсыру
Биыл оқуға ақылы негізде түсіп, келер жылы босаған гранттарды ұтып алуға немесе ректор грантын иеленуге болады. Ол үшін жақсы оқу керек, GPA балл жоғары болуға тиіс.
1) Жыл сайын оқудан шығып қалатын немесе грантынан бас тартатын студенттер болады. Олардың гранты қайта тағайындалады.
Жоғары білім алу үдерісінде босаған бос білім беру грантын беру төмендегідей тәртіппен жүзеге асырылады:
- ақылы негізде білім алушылар деканатқа университет басқармасы төрағасының атына білім беру гранты бойынша әрі қарай оқытуға өтініш, барлық оқу кезеңінің транскрипті мен жеке басын куәландыратын құжат көшірмесін береді;
- деканаттар қысқы және жазғы емтихан сессиясының қорытындысы бойынша офис-тіркеушіге студенттердің білім беру грантына ие болу куәлігі, оқудан шығарылған немесе қайтадан оқу курсына қалғанын ұсынады. Сондай-ақ конкурстық негізде бар бос орындарға үміткер ақылы түрде білім алып жатқан студенттердің құжатын ұсынады: университет басқармасы төрағасының атына өтініш, жеке басының куәлігі мен әлеуметтік мәртебесін растайтын құжаттар (жетім, мүгедек (ата-аналары мүгедек), көп балалы, толық емес және аз қамтылған отбасы студенттері үшін) көшірмесі, факультет кеңесі шешімінің көшірмесі;
- офис-тіркеуші бос білім беру грантын ауыстыру конкурсына қатысқан студенттердің барлық оқу кезеңіне оқу үлгерімінің орташа балы көрсетілген транскриптін жасайды. Студенттердің транскриптіне офис-тіркеуші, оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры мен консерваторияның ректоры қол қояды;
- офис-тіркеуші оқу үдерісінде босаған білім беру грантына ие болуға үміткерлердің толық құжат бумасын соңғы шешім шығару үшін университеттің ғылыми кеңесіне ұсынады;
- офис-тіркеуші ағымдағы жылдың 15 қаңтары мен 5 тамызына дейін оқу үдерісінде босаған бос білім беру грантын алуға қатысатын үміткерлер құжаттарын университеттің Ғылыми кеңесінің шешімімен бірге ҚР БҒМ-на жібереді.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мәселе оң шешімін тапқан жағдайда білім беру грантын беру жөнінде бұйрық шығарады.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі бұйрығының негізінде білім беру грантын беру куәлігі ресімделеді.
Берілген білім беру грантын беру куәлігі негізінде офис-тіркеуші білім беру гранты бойынша әрі қарай оқуға бұйрық шығарады.
2) Ректордың ішкі білім беру гранты жыл сайын ішкі конкурстық іріктеу нәтижелері бойынша беріледі. Алу шарттары әрбір ЖОО-да әртүрлі.
6. Бір жыл дайындалып, келер жылы ҰБТ тапсыру
Gap year арқылы бір жыл дайындалып, келер жылы қайтадан ҰБТ тапсырып, грантты жеңіп алуға болады.
Gap year немесе "бір жылдық үзіліс" дегеніміз – мектеп бітіріп, колледжге немесе университетке түсетін кезең арасындағы үзіліс. Бұл көбіне АҚШ-та және Ұлыбритания, Аустралия сияқты ағылшынша сөйлейтін елдерде дамыған. Дегенмен біздің елде де бір жыл үзіліс жасап, ҰБТ-ға дайындалып, содан кейін ғана оқуға тапсыратындар бар.
7. Колледжге түсу
Асхат Аймағамбетов қазір колледжде грант көп екенін айтады. Оның үстіне нарықта қажет мамандық бойынша колледж бітіргендер тапшы.
"Керек болса, кейін әрі қарай ЖОО-ға түсіп, қысқа мерзімде жоғары білім алып шығуға да болады. Толық мәлімет алу үшін университеттердің қабылдау комиссиясына бару керек", – деді депутат.