Bugin
1 қыркүйектен бастап 1-4 сынып оқушылары тегін тамақпен қамтылады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Биыл 1 қыркүйектен бастап аз қамтылған отбасылардан шыққан, сондай-ақ әлеуметтік мәртебесіне қарамастан бастауыш сыныптың 1,5 миллионнан астам оқушысын тегін тамақтандыру жоспарлануда.
Республика бойынша тегін тамақтану құны орта есеппен 577 теңгені құрайды, ең жоғары баға Алматы қаласында - 800 теңге.
"Алдыңғы жылдары 1-4 сынып оқушыларын тегін тамақпен қамту 56,6 пайыз болды. Бұл Астана, Алматы және Шымкент қалаларының, Павлодар, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда және Атырау облыстарының оқушылары. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында қалған өңірлердің оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілді, осылайша жаңа оқу жылынан бастап 100 пайыз көрсеткішке қол жеткізілетін болады", - деп бөлісті Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің басқарма басшысы Дана Мақтаева.
Бұған дейін жаңа оқу жылында кімдерге қаржылай көмек көрсетілетіні туралы жазған болатынбыз.