Weekend
Дәстүрлі медиа мен жаңа медиа арасындағы айырмашылық, ортадағы ойлар мен пікірлер де журналистикаға жаңа бір серпілістің керек екенін аңғартады
Қазір ақпарат тауарға айналған уақыт. Уақыт ағымына бағынбайтын желдей жүйткіген сансыз ақпараттар тасқыны оқырманды талғам деңгейіне әкеп тіреп қойды. Алайда, жартыкеш, дәнегі жоқ арзан ақпараттардың алға шығып, салмақты дүниенің сырт қалып жатқан уақытында оқырманның ойын жаңа деңгейге бұру міндеті қалам ұстаған қауымды ой жетегіне апарды. Дәстүрлі медиа мен жаңа медиа арасындағы айырмашылық, ортадағы ойлар мен пікірлер де журналистикаға жаңа бір серпілістің керек екенін аңғартады. Бұл мезеттік оқиғаны баяндайтын, шеңбері шектеулі ақпараттардың орнына сараптамалық, қоғам талқысына түсе алатын тақырыптарды медиа нарыққа енгізу сұранысын қажет етіп тұр деген сөз. Осы ойға жан бітірген, сараптамалық жанрды меңгерген журналист Ержан Қалымбайұлы алғаш рет цифрлық «Ұлыс» журналын ашты. Біз де өз кезегімізде әріптесімізбен халықаралық қарым-қатынастағы саяси-экономикалық тақырыптардың БАҚ-та берілуі, ақпараттық нарық туралы әңгімелескен едік.
– Ержан Қалымбайұлы, несін жасырамыз, жаһандық деңгейдегі ақпараттар, екі ел арасындағы санкциялар, сауда соғыстары туралы ақпарларды біз Ресейдің көзімен көріп, орыс позициясы арқылы қабылдаймыз. Бұл сонда ұлттық танымдағы ақпараттық саясат әлі қалыптаспай отыр деген ойға сая ма?
– Қазір әлем шағын ауыл секілді. Мемлекеттік саясатпен қатар жаһандық дәрежедегі саяси һәм экономикалық, әлемдік трендтердегі тақырыптардан іргемізді алыс сала алмаймыз. Сырт елдегі санкциялар, соғыстар дүмпуі біздің қасымызда жүріп жатқандай әсер береді. Ал, сол ұстарадай өткір тақырыпты қаузауда өзге ортаның көзімен, Батыстың, Ресейдің көзімен қарайтынымыз ақиқат. Әлемде болып жатқан дүниелерді ұғыну үшін орыстілді ақпарат құралдарының көмегіне жүгінуден әлі күнге дейін аса алмай келеміз. Бұған бірнеше себепті бөліп қарауға болады.
– Ол қандай себептер болуы мүмкін? Сонда мәселе журналистің кәсібилігіне келіп тіреле ме?
– Алыпқашпа сөз бен арзан өсек, сенсацияға құрылған, жамбасы жерге тимес жаңалықтар қашанда бола береді. Сондықтан қазақ оқырмандарын арзан ақпаратқа телміртпеу әрі өзгелердің ақпараттық-психологиялық басқыншылығы мен пропагандалық экспансиясы соққысынан қорғайтындай қорғаныс қажет. Ол үшін біз салалық тақырыптарға мамандануымыз керек. Экономика, саясат тақырыптарына терең бара алмағанымыздан сараптамалар атүсті жазылады. Оқырманды сендіре алатындай тақырып керек. Біз көбінесе күн тәртібінен шығатын тақырыптармен өмір сүреміз. Ол да дұрыс шығар. Бірақ, салалық бағытқа қазір ойыспасақ, кейін кеш болады. Батыстың тәжірибесіне иек артуымыз керек. Мәселен, мен Түркияда білім алғанда байқағаным, Анадолы елінде экономика тақырыбында жазатын журналист Экономика министрімен бірге отырып, сөз таластырып, ойын білдіре алады. Олардың өздерінің көрермені мен оқырманы бар. Тіпті, саланы жетік білетін білікті журналист өзге редакцияға ауысса, жүз мыңдаған оқырман да ол газеттен кетеді деген сөз. Бізге де осындай оқырманы қалыптасқан публицист, аналитик журналистер керек.
– Түркия деп қалдыңыз ғой. Бауырлас елде сараптамалық журналистикаға бетбұрыс қандай?
– Түркия мен Қазақстан журналистикасын салыстыруға келмес. Ол елде салалық журналистердің шоғыры қалыптасқан. Редакцияда не телеарнада жұмыс істейтін тілшілердің белгілі бір деңгейде екінші салалық білімі, тіпті ғылыми атақтары да бар. Өзіңіз білесіз, ашық ақпарат болмаса оқырман тартылмайды. Бұл ретте Түркия оқырман не көрермен аудиториясына қызмет етеді. Қазір feedback-тің, яғни кері байланыстың заманы. Түрік журналистері оны жақсы меңгеріп алған. Олардың өз айдары, авторлық хабарлары бар. Пікірталастар ашық өтеді. Мәселен, тарихи бағдарламалардың өзі сағаттап, таң атқанша көрсетіледі. Ал, бізде тарихи бағдарламаларды рейтинг бермейді деп жауып тастайды. Саяси ток-шоулар ашық өтеді. Тіпті оқырманға не телекөрерменге арнайы айдар ашып, микрофон беріп, ішіндегісін айтқызады. Яғни газетке жазылған адам сол басылымды өз қажетіне пайдалана алады. Ал, бізде жазылушы оқырман тек ақпарат оқиды, яғни біз оқырманға толықтай жағдай жасай алмай отырмыз.
– Сараптамалық материалдардың аудиториясы аз. Оқырман жеңіл тақырыптарға лезде ереді. Қалай ойлайсыз, маманданған журналистикаға түбегейлі бетбұрыс жасауға дайын емеспіз бе? Әлде тетігін таба алмай отырмыз ба?
– Білесіз бе, қазақ үшін саясат тақырыбының алыстығы жоқ. Дүкенге барсаңыз, не таксиге міне қалсаңыз, екінің бірі саяси болжамдар айтып, пікірін ашық білдіріп отырады. Демек, сұраныс бар. Бұл айналып келіп, тағы да маманданбауымызға келіп тіреледі. Мұнан басқа бізде саланы жетік меңгерген сарапшылар жоқ деуге келеді.
Елімізде шетелдің мықты оқу орындарын бітірген, мәселенің байыбына терең бойлап, ел ертеңіне жанашырлықпен қарайтын білімді де білікті жастар аз емес. Олар тек көрінбей жүр, не біз көрмей жүрміз. Бәлкім, ана тілде ойын ақтаратын арнайы алаң болмай жүр. Осы себепті біз "Ulys" журналын аштық. Мұнда тек жазу қабілеті бар сарапшылардың мақалаларын топтастырдық. Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған ақпарат ерекше сұранысқа ие болады. Сондықтан мен мынадай ой айтқан болар едім. Әлеуметтік желі мен мессенджерлер арқылы жөн-жосықсыз, бас-аяғы жоқ вирусша тараған ақпараттардың анық-қанығын бүгінгі тұтынушыға анықтау қиямет-қайым. Сондықтан көбі оны бөлісуден ары аса алмай қалып жатыр. Мұндай арзан ақпараттар легі сөзсіз бұқараның талғамын түсіреді. Жалпы алдағы уақытта мемлекеттік деңгейде ақпараттық сауаттылық туралы іргелі бағдарлама қабылданса, ұлтқа үлкен олжа болар еді.
– Цифрлық журналды ашқан алғашқы азаматсыз. Сарапшыларды сөзге тартып, авторларды көндіру қиындық тудырған жоқ па? Мұның бәрі қаржылық мәселеге келіп тірелетіні түсінікті жағдай...
– Дұрыс айтасыз, сараптамалық тақырыптағы мақалалар жазу қиын. Сонымен қатар әрі бағасы да қымбатқа түседі. Журналды қолға алғанда көптеген сарапшылармен сөйлесіп, мақсатымызды түсіндірдік. Қолдау білдіріп, жанашырлық танытқандар да болды. Қыруар қаржы сұрағандар да табылды. Бірақ, біздің әлі де қаржылық не өзге де ресурсымыз жоқ болғандықтан, келісе отырып сарапшыларға тегін мақала жаздырып жүрміз. Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей мен Солтүстік Кипр Республикасынан сарапшылар да қызығушылық танытып, сараптама жаза бастады. Қазір ақпарат көп, сондықтан ақпараттың өтімділігіне де қарауымыз керек. Әсіресе, саяси-экономикалық тақырыптарда оқырманды қызықтыру үшін Digital форматын пайдаландық. Суреттерді жеке кодпен өрнектеп, әрбір мақаланы графикамен негіздедік. Әрине, қорқыныш болмады емес, болды. Бірақ "шегірткеден қорыққан егін екпейді" деген. Тәуекел етіп, істі бастап кеттік.
– Білуімізше, Америкаға барып, біліміңізді жетілдіріп келіпсіз. Сіз санамалап айтып отырған мәселелердің бір ұшы журналистердің тіл білмеуіне де келіп тірелмей ме? Қалай ойлайсыз, қазақ журналистеріне тіл білудің бүгінгі қажеттілігі қанша?
– Қазір ағылшын тілі шет тілі емес, жаһандық тілге айналды. Екінің бірі білуге мәжбүр. Егер ағылшын тілін білсеңіз, 60 миллион англо-саксондықтың тілін меңгере аласыз. Бұл 1,5 млрд. халықты ұғынуға септеседі. Мейлінше білген сайын әлемдік алып ақпараттық нарыққа шығуың жеңілдей береді. Тіпті, журналистеріміз ағылшынмен қатар өзге де қытай, араб т.б тілдерді үйренсе, біраз әріптестеріміз көрші елдің ақпараттық ықпалынан толық құтылар еді.
– Соңғы сұрақ болсын. Қазір дәстүрлі медиада "газет оқылмай қалады" деген қорқыныш бар. Ал, "жаңа медиа сенімсіз ақпараттарға толы" деген пікір де жоқ емес. Сіздің болжамыңызды білсек...
– Жаңа мен ескінің арасында үнемі күрес жүреді. Түбінде жаңа жеңеді. Бірақ, телеарна шыққан кезде радио өшеді деді, интернет шыққанда телеарналар тоқтайды деді. Меңінше, дәстүрлі медиа мен жаңа медианы бір-біріне қарсы қоймау керек. Ескі мен жаңаны сабақтастырып, оқырманға өтімді дереккөз ұсынуға тиіспіз. Медианың өтімді болуы менеджерлерге байланысты. Сондықтан жастар арасынан медиаменеджментті меңгерген редакторлар буынын қалыстастыру қажет. Сонда ғана осы мәселені жеңе аламыз. Ол үшін сүзгі де артық болмайды. Көшірме не пресс-релиздік деңгейдегі сайттар мен басылымдарды реттеу, талапты күшейтуді қолға алған дұрыс деп есептеймін.
– Салмақты сұқбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен
Абай ТАҒЫБЕРГЕН