МӘДЕНИЕТ

Шәмшітанушы: "Шәмшінің жүрген жерінің маршрутын сызып, фильм түсіру керек"

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бүгін - Шәмші Қалдаяқовтың туған күні. Bugin.kz тілшісі аңыз тұлғаның шығармашылығын дәріптеп жүрген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, шәмшітанушы Қалдыбек Құрманәлімен телефон арқылы сөйлесті. Белгілі композитор Шәмші шығармашылығын насихаттау туралы өз ұсынысын айтты.

Шәмші туралы біз білмейтін, зерттемеген ақпарат әлі де бар екен. Қалдыбек Құрманәлінің айуынша, мамандар Пушкиннің өмірін қалай зерттесе, Шәмші Қалдаяқовтың да өмірін солай зерделеу керек.

"Жалпы Шәмші - аңызға айналған адам. Ол жайлы дақпырт пен шындық қатар айтылатыны заңдылық. Біздер көбінесе Шәмші ағамыздың әндерін зерттеп, ән кештерін өткізіп жүрген жайымыз бар. Қазір отандық телеарна басшыларымен келісім жүргізіп жатырмыз. Шәмші Қалдаяқовтың да 100 жылдығы жақындап қалды. Шәмшінің өмірі туралы түбегейлі, жан-жақты зерттеу жүргізу қажет деп ойлаймын. Мәселен, Пушкиннің өмір жолын зерттегендер ақынның тек 3 күнін ғана қайда болғанын, не істегенін анықтай алмай отыр. Сол айтпақшы, Шәмшіні де солай қолға алғанымыз жөн. Шәкеңнің жүрген жерінің барлық маршрутын сызып, әр күнін зерттеп, фильм түсіруіміз керек деп ойлаймын" -, деді ол.

Композитордың сөзінше, Қалдаяқовтың мамандығы мүлдем басқа.

"Көбі біле бермейді. Ол кісінің бір ғана дипломы болған. Сарығаш қаласындағы Қапланбек малдәрігерлік техникумын бітірген. Мамандығы – заттехник. Ташкентте музыкалық училищеде 2 жыл оқып, содан соң оқуын консерваторияда жалғастырған. Алматыға келген соң, Консерваторияның дайындық бөлімінде 2 жыл, одан бөлек, бірінші курсын да  бірнеше жыл оқыған. Оқуын тәмамдай алмаса да, артына саф алтындай әндер қалдырды", - деді Қалдыбек Құрманәлі.

Ел арасында "Шәмшіні иемденіп алды" деген қауесет тараған еді. Композитор Қалдыбек Құрманәлі бұл мәселенің де басын ашып, айтып берді.

"Шәмші Қалдаяқовтың Райхан деген туған қарындасы - жүрегі нәзік, сенгіш адам. Ол кісімен менің еш бас араздығым жоқ, қазір өте жақсы сыйласып, араласамыз. Ортада сөз тасып, шағыстырып жүретін адамдар болды. "Ұйымдастырған концерттеріне сіздерді неге шақырмайды", "не себепті Қалдыбек сіздерге қаламақы төлемейді" деген секілді негізсіз сөздермен араздық тудырған.

Уақыт - емші. Араға біраз уақыт салып, Тараз қаласында өткен Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығына арналып ұйымдастырылған ән кешіне қарындасы Райхан Қалдаяқованы Шымкенттен арнайы шақырттық. Сол кезде кереметтей кеш өтті. Қастық ойлайтын, ойы арам жандардың барын Райхан әпшеміз сол сәтте түсінген сияқты болды. Артынша дастархандас болып, әңгіме-дүкен құрғанбыз.

Қай кезде де халық маған тек алғысын айтып, ыстық ықыласын жеткізіп, жылы лебізін білдіріп жататын. Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығын насихаттап жүрген 31 жылдың ішінде, бір рет ғана Шымкентте бір газет "Қалдыбек Шәмшіні қорғап жүр ме, қорлап жүр ме?" деп шулатып тақырып қойып, маған қарсы ұйымдастырылған сұхбаты осы болды," - дейді композитор.

Қалдыбек Құрманәлі қауесеттерге бола тұлғаның шығармашылығын дәріптеуді жарты жолдан қалдырмайтынын айтады.

"Егер Шәмшінің атын пайдаланып, мемлекеттен ақша алып, оны өз қажетіме жаратқан болсам, ол - басқа әңгіме. Мен ешқашан мемлекет ақша алған емеспін. Ақшаны өзім табамын. Ән кешінің барлық шығынын өз мойныма алып, концерт ұйымдастырамын. Жолдан қосылған адам емеспін. Шәмші Қалдаяқов ағамыз қайтыс болған кезде, "Ән-аға немесе Шәмшімен сырласу" атты туындыны жарыққа шығардым. Ол әнім халықтың жоғары бағасына ие болды. Сол уақыттан бастап Шәмші шығармашылығы мен мол мұрасын насихаттау жолында көптеген іс-шара ұйымдастырылды. 

Өнерде яки өмірде жолы болмай қалған адамдардың әрекетін де түсінуге болады. "Кедейдің күні кіжінумен өтеді" деген сөз бар. Айтып жатқандарым - рухани кедей адамдар. Олар өздерінің әрекетімен маған емес, Шәмшіге де қиянат жасап жатқандарын түсінбейді. Ал біз мұнымен тоқтап қалмаймыз, керісінше шабыт алып, әрі қарай осы бағытта жұмыс атқара береміз.

Бүгін Шәкеңнің туған күні, тірі болғанда 93-ке келіп қасымызда бірге жүрер еді. Жақсы күндерісіз көп болсын", - деп аяқтады сөзін.