Саясат

Ганди айтқан 7 қателік

Ганди салған соқпақ әлемге жол сілтер бағыт іспетті

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қаратабан халқы бар Үндістанды бодандық бұғауынан шығарып, ағылшындардың саяси үстемдігінен құтылуға жол салып берген ұлт көсемі Махатма Гандиді үнді халқы ерекше әспеттейді. Халқы ұлттың әкесі, яки "бапу" деп атап кеткен Махатма Ганды тұтас әлемге соғыссыз, қан-майдансыз-ақ халықты бақытты етуге болатынын дәлелдеген тұлға. Демек, Ганди салған соқпақ әлемге жол сілтер бағыт іспетті.

Махатма Ганди өміріне тереңірек енсең, жанкешті жанның тірлігін байқайсың. Мұсылман болмаса да мұсылманның әрекетін жасаған үнді ұлтының көсемі бай тұқымнан шыққан. Әкесі жоғары лауазымдық қызмет атқарса да, Махатма Ганди білім алып, сауаттану үшін Ұлыбританияға аттанады. Заңгер мамандығында оқи жүріп, Ганди ағылшындардың озбырлығына, үстемдігінің зардабын тартады. Әлімжеттікті жас­тайынан көрген ол үнді халқының бодандық құрсауынан шығаруды ойлап, елге қайта оралады. Сол кездегі үнді билігі екі шешімді қабылдау қажет еді. Алғашқысы – сөзсіз ағылшындардың айтқанына көніп, ашса алақанында, жұмса жұдырығында болу, екіншісі – жаппай үнді халқын көтеріліске шығарып, соғысқа айдау. Әрине, бұл екі тәсіл кедей халықтың жағда­йын мүшкіл ететін еді. Сол тұста Ганди төте жол табады. Дәл сол уақыттарда ағылшындар үнділерге тұз салығын көбейтіп, тұзды пайдалануға қарсылық білдіреді. Махатма Ганди өзіне сенетін 10 досын ертіп, теңізден тұз алуға аттанады. Мұны көрген ағылшындар қарсылық білдіріп, Гандиді абақтыға жабады. Кейінгі күні Ганди идеясына қолдау білдірген 100 адам тұз жинауға кіріседі. Жүзі де қамалады. Келесі күні мың адам Гандидің әрекетін қайталайды. Мың адамды түрмеге тоғыта алмаған ағылшындар амалы таусыл­ған соң Гандиді босатып, үнді халқына тұз өндіруге келісім береді. Халықтың жағдайына қызмет еткен Гандиді жұртшылық президент етіп сайлауды құп көреді. Дегенмен, Ганди халқын ағылшындардың үстемдігінен құтылдырудың өзге де жолын іздейді.

Гандидің ел жадында жатталған тағы бір қадамы бар. Ол ағылшын киімдерінен бас тартып, шетелдің тағамдарын пайдаланбау. Бүкіл халықты тек үнді елінің ұлттық киімдерімен киінуге шақырады. Осы­лай­ша ол ағылшындардың экономикасын әлсіретеді. Себебі миллиардтаған халқы бар үнділер сырт елдің өнімін алудан бас тартқандықтан ағылшындар Үндістанға тәуелсіздігін беруге көндігеді. Мұндай ерік-жігерге барған Гандиді сол уақытта ағылшындарды басқарған Уинстон Черчилль шақырып кездеседі. Тұтас ағылшын қоғамы Ганди ерлігіне бас иіп, соғыссыз тәуелсіздікті алып қалған қайраткерге құрмет көрсетеді. Осы арқылы Махатма Ганди халықты еш күрессіз бәрін жеңуге болатынын дәлелдеді.

Махатма Ганди салған жолды әлемнің өзге де президенттері де жалғауға тырысты. Айталық, Оңтүстік Африка Республикасының президенті Нельсон Мандела халықты еш саяси күш-жігерсіз, соғыссыз жетіс­тікке жетелеуге болатынын білді.

Махатма Гандидің қарапайымдылығы, ел басқарудағы адалдығы, өз халқын бақытты етуге талпын­ған әрекеттері, сол үшін аштық жариялауға дейін бар­уы үнді жұртының құрметіне бөленді.

Ганди мұсылман емес. Десе де Үндістан мен Пәкістан арасындағы текетірес кезінде үнді азаматы мұсылман баланы өлтіріп қойғанын Гандиге жеткізеді. Сонда ұлт көсеміне баланған Ганди "соғыс алаңында жүрген бір мұсылман баланы өз тәрбиеңе алып, оны мұсылманша тәрбиелейсің, сонда ғана сенің күнәң кешіріледі" деп ақыл айтады. Демек, қарапайымдылықты қағида еткен Гандидің бұл ұстанымын тек өз халқы емес, жер-әлемнің халқы жоғары бағалады.

Ганди адамзаттың өсіп-өнуі, адалдыққа негізделген оқиғаларды саралай келе жұмырбасты пендеге адам баласы жасамауға тиіс 7 күнәні жіктеп береді. Олар еңбексіз келген байлық, ұятсыз келген ләззат, білімді адамның мінезсіз болуы, арсыз сауда, мейі­рімсіз ғылым, құрбандықсыз табыну, принципсіз сая­сат. Тізбектелген 7 қателіктен Гандиде адалдықты ту ету деген игі қасиеттің барын байқайсың.