Саясат
Ғасыр жендеті - Блохин
Сталин дәуірі террор мен ажал, аштық пен геноцид кезеңі болды. Жазықсыз жанды атып, қудалап, тұқымын тұздай құртқан сан қасапшы осы уақытта ерекше көбейді. Солардың бірі һәм бірегейі НКВД (Ішкі Істер Халық Коммисариаты) қызметкері болған Василий Блохин еді.
Блохинді 1926 жылы Сталин НКВД-ның «бас қасапшысы» етіп тағайындайды. Ол өз қызметін асқан жауыздықпен жүзеге асырды. Қызметіндегі жетістігі үшін, яғни мыңдап өлтірілген бейкүнә жандардың санының көптігі негізінде ол 1937 жылы «Құрмет белгісі» орденін, 1941 жылы «Қызыл ту» орденін алды. Блохин өз қолымен Михаил Тухачевский, Александр Косарев, Михаил Кольцов, режиссер Всеволода Мейерхольд, Николай Ежов, жазушы Исаак Бабельді атқанын мақтан тұтатын. «Сталиннің бас қасапшысы» 40-50 мың адамды өз қолымен өлтірген. Тарихшылар осындай статистикаға сүйеніп отыр.
Қанішер Блохин 1895 жылы дүниеге келген. 1917 жылы І дж соғыста жараланып, саяси сахнадан 4 жылға қол үзіп қалады. 1921 жылы ол коммунистік партия қатарына кіріп, өзінің қанды жолын бастайды. 1926 жылға дейін түрлі саяси және әскери-барлау қызметтерін атқарып, 1926 жылы «бас қасапшылыққа» тағайындалады. Ол 1926 жылдан бастап мыңдаған жанды өз қолымен атып, жүздеген мыңды атуға бұйрық берген. Блохиннің қылмысын өз көзімен көрген Дмитрий Токарев былай дейді: «1940-жылы біз Блохиннің жасақтарының Калининдегі Осташков лагеріндегі поляктарды атуға келгенін көрдік. Блохин өзінің арнайы киімін киді. Қоңыр былғары қалпағын, ұзын қоңыр былғары алжапқыш, қоңыр былғары қолғаптары мен қоңыр былғары етік. Менің алдымда нағыз қасапшы тұрды. Бірінші күні Блохин 343 адамды атуға бұйрық етсе, екінші күні 250 адамды өз қолымен атты. Блохин Калининдегі лагерьде 6311 поляк әскерилерін атып, өзінің жеке рекордын жаңартты». 1940 жылы Блохин 28 күннің ішінде 7 мың поляк әскерилерін өз қолымен атып, арнайы марапат алған болатын. Бұл әйгілі «Катын қырғынына» тұспа-тұс келіп отыр.
Блохин ату жазасын іске асырар алдында шай ішіп, артынша 10 сағат бойы тапаншасы тоқтаусыз жазықсыз жандарға оқ жаудырумен болған. «Бір адамға 3 минут уақыт кетеді. Атар алдында алдымен адамның қолын артына қайырып байлап, көзін жауып, «оңға», «солға» деп артынан жүріп отырасыңдар. Ату жазасы орындалатын жерге келгенде, қылмыскерді тізерлетіп, тапаншаны басып қаласыңдар. Атқан сәтте, оны арқасынан тез арада теппесеңдер, шашыраған қаны киімдеріңді былғауы мүмкін. Әйелдеріңді аяңдар, күн сайын киім жуып, шаршайтын шығар», – деп арнайы жас жендеттерге сабақ бергені архив құжаттарында сақталған. 1953 жылы Сталин қайтыс болғаннан кейін, Блохинді Берия қудалауды бастайды. Оны әскери атағынан айырып, 3150 рубль зейнетақысын тоқтатады. Адамзат тарихындағы ең қанішер жендет 1955 жылы 3 ақпанда қайтыс болды. Өз ажалымен о дүниеге аттанды. Бір қызығы сол, оның денесі өзі талай жанды атып, жерлеген Дон зиратында жатыр. Бүгінгі таңда бұл жендетті Ресейде ақтап алу, оны өз саласының асқан шебері ретінде мақтау мен мадақтау кең етек жаюда. Тарихтан сабақ алмаса керек.