МӘДЕНИЕТ
Жыл сайын тамыз айының үшінші сенбісі - бүкіләлемдік бұралқы жануарлар күні. Бұл күн Халықаралық жануарлардың құқығын қорғау қоғамының бастамасымен бекітілді. Біздің еліміз үшін де қаңғыбас жануарлар мәселесі өте өзекті.
Қазіргі уақытта елімізде жануарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында чиптеуге бағытталған түрлі бағдарламалар қосылып жатыр. Бұл процесс әр жануарды тіркеуді қажет етеді. Өткен ғасырдың 80-жылдарында пайда болған жануарларға арналған чиптердің бағасы өте қымбат болған. Соның әсерінен тек бағалы және қымбат жануарларға ғана чип салатын. Ал бүгінде микрочиптердің өндірісі артып, олардың бағасы кез келген адам үшін қолжетімді болып отыр.
Қазақстанда 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мысық пен итті есепке қойып, чип орнату міндеттеледі. Алматы қалалық ветеринария бөлім басшысы Марат Жүнісовтың айтуынша, бұл үй жануарларының санын анықтап, базаға енгізуге мүмкіндік береді.
"Чиптің жануарларға тигізетін ешқандай кері, зиянды әсері жоқ. Ол микросхемамен биологиялық әйнектен жануарлардың ағзасына бейімделіп жасалған. 1 қыркүйектен бастап елімізде заң күшіне енеді. Заң бойынша міндетті түрде чип салу қарастырылған. Үй жануарына чип салып, есепке қоюдан бас тартқан жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес айыппұлдар қарастырылған. Айыппұл көлемі жеке тұлғаларға - 10 АЕК (34,5 мың теңге) және заңды тұлғаларға - 30 АЕК (103,5 мың теңге)" - дейді Марат Жүнісов.
Үй жануарларын чиптеу құны әр өңірде әртүрлі болады. Бұл туралы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы Талғат Ердешев мәлімдеді.
"Қаңғыбас иттер мен мысықтарға чип салу жергілікті атқарушы органның құзіретінде болады. Иелері бар жануарларға егесі өз қаражаты есебінен чип салады. Халықтың әлеуметтік осал топтарындағы азаматтардың үй жануарлары бюджет қаражаты есебінен есепке алынады",- деді комитеттің бас сарапшысы елордада өткен брифинг барысында.
Дегенмен аталмыш міндеттеуге қарсы шыққандар да аз болмады. Тіпті өзгерістерді қолдамайтындар бірігіп, арнайы петицияға қол қоюда. Қазіргі уақытта қарсы шыққандардың саны 10 000-ға жуықтап қалған.
Еске сала кетейік, Қазақстанда 2022 жылдың 1 наурызынан бастап "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заң да қолданысқа енген еді. Оған сәйкес:
Егер қатыгез қарым-қатынас нәтижесінде жануар өлсе, онда мұндай әрекет 200 АЕК-ке дейін (612 600 теңге) айыппұл салуға, не түзеу жұмыстарына, не 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бір жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып немесе онсыз 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
Бұл күн мейрам емес, оның мақсаты - панасыз қалған жануарлар проблемасын көтеріп, оларды мейлінше көп адамға жеткізу. Еріктілер осы атаулы күнде концерттер, конкурстар мен аукциондар өткізіп, одан түскен қаржыны бұралқы жануарларға, бірінші кезекте иттер мен мысықтарға қамқорлық көрсетуге жұмсайды.