Денсаулық
Әрбір бала білім алуға құқылы
Соңғы 4-5 жыл бұрынғы мәліметке көз салсақ, дүние жүзінде миллиардқа жуық мүгедектігі бар адам тіршілік етеді. Олардың ішінде 110-нан 190 миллионға дейінгі адамдардың жүріп тұруы қиын. Ал, сол қимыл-қозғалысы қиын адамдардың 150 миллионға жуығы – бес жасқа дейінгі балалар. Халықаралық ЮНИСЕФ қорының талдамалы қорытындысына сүйенсек, 400 миллионнан астам мүгедектігі бар балалар табыс деңгейі төмен және кедейшілік шегінен асқан елдерде мекен етеді. Бұл факті әлем елдерінің ішінде Қазақстанды да алаңдатып отыр. Мәселе туа бітті денсаулығында кінәраты бар балаларды болашаққа бейімдеу, һәм оларға толыққанды білім беру. Қазақстан көптеген елдер секілді егемендік алған жылдардан кейін білімге басымдық берді. Соның ішінде мүмкіндігі шектеулі балаларға білім берудің жолдарын іздестіріп, арнайы бағдарламалық құжат бекітті. Бұл инклюзивті білім беру бағыты деп аталады.
Қоғамда кез келген мәселе ашық талқыға салынады. Әсіресе, білім саласындағы бетбұрыстар мен өзгерістер халық сынына төтеп бере алуы тиіс. Жасыратыны жоқ, ширек ғасыр уақыт ішінде мүмкіндігі шектеулі балаларға білім беруде түрлі кедергілер аяқтан шалды. Содан бері Қазақстан 2007 жылы "Білім туралы" заңға инклюзивті білім беруді қосып, Орталық Азиядағы бірден-бір мемлекет атанды. Қазіргі ахуал нендей? Кадрлар жеткілікті ме? Инклюзивті балалар тең дәрежеде білім ала ма? Мемлекет ұсынған мүмкіндіктер қандай? Осы сынды толғақты сұрақтар әрбір ата-ананы алаңдатады. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі баланы асырап отырған аналар үшін бұл екі есе маңызды.
Инклюзивті оқытудың талабына сәйкес мүгедектігі бар балалар үшін білім тегін беріледі, әрі бұл балалар белгілі стандартқа сай білім алады. Үйден оқуға мәжбүр оқушыларға арнайы педагогтар бөлінеді. Ресми деректерге иек артатын болсақ, Қазақстанның оңтүстік аймақтарында үйде білім алатын мүгедектігі бар балалар саны өзге аймақтардан сәл жоғары. Әсіресе, шалғай жатқан аудандарда үлес-салмақ көрсеткіштің басым бөлігін құрайды. Инклюзивті оқытудың талабы қатал. Себебі баланың бәрінің жағдайы бірдей емес. Әрдайым қадағалауды қажет ететін балалармен жұмыс жүргізуде білікті кадрлар қажет. Осы саланың ділгір мәселесін көтеріп жүрген мамандар инклюзивті оқытуды жеке дара оқыту деп қарамау керек деп есептейді. Өйткені оқыту үшін педагогтармен бірге логопедтер, мұғалімдердің көмекшілері, консультанттар бірлесе қызмет етеді. Сонда ғана нәтижеге бағытталған жұмысты бақылауға болады.
Ерекше қажеттілігі бар балаларға білім беріп жүрген педагог Қызылорда қаласындағы №136 мектеп-лицейінің орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Баян Байымбетова инклюзивті білім берудің жыл санап жақсарғанын тілге тиек етті.
– Балаларды үйден оқыту жауапкершілікті қажет етеді. Мен осы жылдан бастап инклюзивті білім беру бағытында балаларға сабақ беріп келемін. Сабақты бермес бұрын мұғалім алдын-ала әр балаға лайықталған сабақ жоспарын дайындайды. Оны мектептің оқу жөніндегі орынбасары бекітеді. Алайда, практикалық бағытқа келгенде баланың сол күнгі денсаулығы, эмоциясы бекітілген сабақ жоспарын толығымен орындауға кейде мүмкіндік бермейді. Себебі әр баланың диагнозы әртүрлі. Сол үшін біз ата-аналарға қандай мамандармен жұмыс жүргізу үшін өз тарапымыздан кеңес береміз.Мысалы ата-аналар логопед, дефектолог, психологтар және өзге де мамандармен ақылдаса алады. Бірнеше мамандардың бірлесуі сабақты жүргізудің тиімділігін арттырады, – деді Баян Тұрсынқызы.
Білімнің бір тармағы саналатын инклюзивті білім беруді талдап-таразылаған халықаралық БҰҰ Балалар қоры ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі соңғы 10 жыл көлемінде балалар мүгедектігі жағдайларына мониторинг жүргізу айтарлықтай жақсарғандығын мақұлдайды. Бұрынғыдай емес, қазірде мүгедектігі бар балалар инклюзивті немесе арнайы мектепке дейінгі, бастауыш немесе институционалдық әлеуметтік мекемелерге бара алады. Демек, тең құқықта білім алады. Инклюзивті білім берудің басты мақсаты да осы. Әр балаға тең дәрежеде қарап, қоғам тарапынан қысымның болмауын қадағалау.
Мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналары көбіне көп ашылып сұхбат бере бермейді. Оған қоса дамуында шектеуі бар балаларды насихаттауды арнайы рұқсат алудың талабы тағы бар. Жалпылай сыр суыртпақтайтын болсақ, инклюзивті білім беруде дабыл қағар проблемалар көп емес. Аймақтағы ахуалдардың халін білу үшін Қызылорда облыстық білім басқармасының мамандарына бардық. Басқарманың ресми өкілі Сұлушаш Сапарбаеваның мәліметінше, аймақта 2016 жылы 6117 мүмкіндігі шектеулі бала есепке алынса, олардың 5062-і дамуында мүмкіндігі шектеулі бала. Білім беруді жетілдіруде мүмкіндігі шектеулі балалармен 18 арнаулы білім беру ұйымдары оның ішінде арнайы түзету 3 мектеп-интернаты (көру, есту қабілеті бұзылған және ақыл есі кем балаларға арналған арнайы түзету білім беру мекемелер), 3 облыстық оңалту орталығы (ешбір білім беру мекемелерінде білім алмай отырған дамуында проблемалары бар балалар мен жасөспірімдерге арналған мекеме), 5 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар (дамуында проблемалар бар балаларға диагностика және психологиялық-медициналық-педагогикалық зерттеу жүргізу, оларға білім және тәрбие алу түрін, әлеуметтік және медика-педагогикалық түзетуге қолдаудың қажеттілігін анықтау), 7 психологиялық-педагогикалық кабинеттер (түзету жұмыстарын ПМПК жолдамасы негізінде жүргізеді) қызмет етеді.
Мамандармен сұхбаттаса келе байқағанымыз, үйден оқытылатын балалардың білімді игеруге құштарлығы зор. Үйренуге деген құлшыныс көңіл-күйлерінен байқалады. Әрине, мұның барлығы педагог үшін терең еңбек. Сол себепті де әрбір ұстаз әрбір баламен жеке жұмыс жүргізуде іштей дайындық жасап, оқу материалдарын пысықтап, сабақтарына ойын элементтерін қосады. Жалпы инклюзивті білім беретін мұғалімдер семинар-тренингтер арқылы біліктілігін арттырады. Айталық, орта білім беретін мектептердің 200-ге жуық мұғалімі арнайы оқудан өткен, алда 114 мұғалімді оқудан өткізу басқарманың жоспарында бар. Өткен жылы оқу-тәрбие ісі жөніндегі мектеп директорының орынбасарларына ерекше қажеттілігі бар балалар үшін оқу процесін жасау ерекшелігі жөнінде аймақтық семинарлар ұйымдастырылғанын білеміз. Инклюзивті білім беру тек білім саласымен шектелмейді. Бұл денсаулық сақтау мен әлеуметтік салалармен тығыз қабысады. Қазіргідей дамудың жаңа белесіне шыққан уақытта аталған бағыттарға бөлінер қаржы да аз емес. Әрі әрбір баланың жағдайын жақсартуда мемлекет әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындайды. Демек, баланың алаңсыз толыққанды өмір сүріп, тең дәрежеде білім алып, қоғамда өз орнын табуына жағдай жасайды, жасай бермек.
Әрбір бала білім алуға құқылы. Балалар арасында теңдік орнату, бәріне бірдей тең көзқарас ұстану тек қаржыға ғана тіреліп тұрған жоқ. Бұл бір қоғамда өмір сүріп отырған әлеуметтің ортақ мәселесі. Мүмкіндігі шектеулі балаларға қоғамның тең дәрежелі мүшесі ретінде қарау қалыпты қағидаға айналуы тиіс. Себебі мемлекет байлығы – адами капиталдың сапасы.