Тамыры терең архивке – 45 жыл

Архивтегі ретроспективті ақпараттар

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақ елінің мәдениеті, ғылымы мен тарихын сақтап, кейінгі ұрпаққа аманаттауда «Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архивінің» рөлі мен маңызы ерекше. Архивтегі ретроспективті ақпараттардың негізгі бөлігін құрайтын тарихи маңызға ие ол – ғылым мен техника, сәулет құжаттары. Архивіміз бүгінде ғылыми зерттеулер, жобалар, мекемелердегі конструкторлық, технологиялық сондай-ақ, ғылыми-өндірістік бірлестіктер мен зерттеу институттарының арнайы құжаттарымен қоса қала құрылысын қалыптастыруда аянбай еңбек еткен заманымыздың озық ойлы ғалымдары мен белгілі сәулетшілердің жеке басына қатысты тарихи мұра боларлық құжаттар қорын топтастырып отыр.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында атап көрсеткендей, елімізде әлі сырын аша қоймаған тарихи дүниелер аз емес. Сөзіміз дәлелді болу үшін мысалға ежелгі Ақыртас қаласының салынуын айтайық. Салыстырмалы түрде Рим, Египет тарихи жәдігерлерінен артық болмаса кем емес. Сондай-ақ, орта ғасырлық ұлтымыздың мақтанышы Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі мен ондағы жер асты жолдары, қазақ даласындағы таңбалы тастар да әлі өз сырын толық аша қойған жоқ.

Қазақ тарихы үшін ерекше маңызы бар мәдени-сәулеттік қала құрылысына қатысты өндіріс және жобалық конструкторлық, жазба-сызба ескерткіштерді жинақтап, қайта жаңғыртып, ғылыми-зерттеулерді ұлт иелігіне пайдалануға еліміздің зиялылары ертеден қам жасады. Олардың қатарында әрі алғашқы легінде тектілігі халқына аян болған асылдарымыз Дінмұхамед Қонаев пен Бәйкен Әшімов болды. Одан кейін аяулы азаматтарымыз Мұхтар Жанғалин, Бижамал Рамазанова, Сапар Байжановтар архив ісіне күш-жігерлерін сарып етіп, нәтижесінде 1974 жылдың 7 ақпанында бұрынғы Қазақ ССР Министірлер Кеңесі «Ғылыми-техникалық құжаттама Орталық Мемлекеттік архивін» кұру туралы қаулы қабылдады.

Аталған архив қызметін бастаған кезеңде Қазақстанда көптеген жобалау институттары мен конструкторлық бюролар әрбір сала бойынша құрылып жатты. Оларға іс-тәжірибе мен методикалық көмек берерлік, құжаттарын дұрыс орынды толтыруға басшылық етерлік нұсқаулықтар жоқтың қасы еді. 

Кеңестік заманда алғаш рет ғылыми-техникалық құжаттама архиві Куйбышев қаласында (қазіргі Самара) құрылса, одан 2-3 жылдан соң Украинадағы Харьков қаласында, кейін Ташкентте құрылған болатын. Міне, архивтің 45 жылдық тарихында архившілер ғылыми-методикалық тәжірибе алмасу үшін көптеген ірі ғылыми-техникалық, жобалау, конструкторлық құжаттары мол архивтерге сапар шегіп мол тәжірибе алды. Атап айтқанда, Мәскеу, Санк-Петербург, Куйбышев, Киев, Харьков қалаларына, тіпті шет елдерге де барып, өз саласы бойынша әртүрлі зерттеу еңбектерімен танысып, архив қызметкерлері алған тәжірибелерін күнделікті жұмыс барысында пайдаланды. Бұл туралы «Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архивінің» негізін қалаушы жандардың бірі – 1974-1984 жылдары архивке басшылық еткен Олейникова Павлина Васильевнаның естелік сұхбаттарында толықтай айтылған.

Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архивінің қорында Қазақстанның ғылым мен техника тарихына қатысты құжаттар сақталып отыр. Оның ішінде еліміздің ауқымды территориясын суландыру жүйесінің жобасы, физико-географиялық және ауыл шаруашылық шолулары, өзендерді зерттеу, гидрогеологиялық және геологиялық, гидротехникалық материалдар, бөгеттердің, су қоймаларының эксплуатациялық бақылау скважиналарының су электростанциялары (СЭС), жылу электростанциялары (ЖЭС) магистралды каналдар, тұрғын үй, және өндірістік ғимараттық жобалар қамтылған. Мәселен, архив қорында 1940 жылдары жергілікті халықтың жел күшімен суландырғыш қондырғыларын орналастыру құжаттарының көшірмесі мен бейнелі суреттері сақталған. Сондай-ақ, 1926 жылы Зайсан уезі картасының көшірмесінде Азиялық және басқа да түрлі шегірткелермен күрес бойынша жұмыс нұсқауларының шартты белгілері мен географиялық мекендердің, өзен-көлдердің т.б. картадағы сұлбасы дәл берілген.

Архив қорында сақталған 1935 жылғы «Қызыл Отау» дәрігері В.С.Кузнецовтың естелігінде жергілікті қазақтардың жасы балиғатқа толмаған жас қыздарды алуы айтылған; 1936 жылғы Балқаш «Қызыл Отау» экспедициясы материалдарындағы қазақ әйелдерінің 1920-1936 жылдардағы тұрмыс құруы, жастары мен саны толықтай көрсетілген.

№36 қорда Мойынқұмдағы жұқпалы аурулардың таралуын зерттеу бойынша жүргізілген экспедиция жұмысы барысында тіркелген 1928 жылғы құжаттарда: сол жылы Қызыл-Ордада «шешек» ауруына қарсы екпе жасау ісі мен балалар кеңесшісінің құжаттары, 1928 жылғы Сыр-Дарья губерниясы далаларындағы мерез ауруымен күрес бойынша Әулие-Ата лагерінің отряды материалдары бар.

№79 қордың «Гигиена және жұқпалы аурулар ғылыми-зерттеу институты» құжаттарында ғылыми конференцияларға жергілікті халықтың, медициналық тексеруге қатысуы туралы, аспиранттардың жұмыстарымен т.б. қатар 1953 жылы желтоқсан айында Оңтүстік Қазақстан облысы Сары-Ағаш бұлағының минералды суының сапасы жайлы институт ұжымының жүргізген ғылыми-зерттеу жұмысының есебі қолжазба түрінде ерекше назарға алуды қажет етеді. Сары-Ағаш ыстық су бұлағы, алғашқы ас-су ішетін шайхана көрінісі, ондағы бұлақ басындағы жеркепелер мен палаткалар, уақытша орналасқан амбулаторияның келбеттері де архив құжаттарында толықтай орын алған.

Бүгінде біздің архивіміз 200 мыңнан астам істі сақтауда (2019 жыл 1 қаңтардағы жағдай бойынша–204 329 сақ. бір.), оның ішінде аса құнды, бірегей құжаттары – 22 мыңнан асады. Архивтің 45 жылдық қызметінің ішінде 181 қор жиналды, оның ішінде 36-жеке тектік қор құжаттары сақталуда. ОМҒТҚ архиві құжаттарының басым көпшілігін Шығыс Сібір, Орта Азия, Қазақстан бойынша электроэнергетика саласы объектілері мен олардың құрылыс жобалары, азаматтық құрылыс, өндірістік және көлік транспорт құрылысы, мелиорация, су және орман шаруашылығы құрайды. Архивте «Казгорстройпроект», «Алматыгипрогор», «Казмеханобр», «Казжолпроект», «ВНИПИэнергопром», «ГипроНИИхиммаш», т.б. ірі-ірі жобалау институттарының құжаттары сақталуда.

Бүгінгі таңда «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы біз үшін, соның ішінде архивистер үшін сандық технологияларды пайдалану есебінен ел экономикасын дамытуда және оның халқының өмір сүру сапасын жақсартуда ауқымды мақсатты жұмыстар жүргізуде негізгі бағдар болып табылады. ОМҒТҚА осы міндеттерді жүзеге асырады және құжаттарды электронды форматқа мақсатты түрде аударады.

Сондай-ақ, архив – мекемелер мен ұйымдарға нақты кеңестік және әдістемелік көмек көрсетуді жалғастыруда, соның ішінде істер номенклатураларын және ұйымдардың басқа да нормативтік-әдістемелік құжаттарын әзірлеуге және құрастыруға атсалысады.

Біз алдымызға үлкен мақсаттар қоямыз және атқарылған жұмыстардың жетістіктерімен бір орында тоқтап қалғымыз келмейді. Ел игілігі үшін қызмет етіп, тарихи құжаттардың құндылықтарын түсіндіріп, кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдыру үшін біз бар күш-жігерімізді саламыз. Архивке келіп, тарихпен сусындаңыз!

Баян Жұматаева

«Орталық мемлекеттік ғылымии-техникалық

құжаттама архиві» РММ директоры