Bugin
Шымкентте Назмина Ташмұратованы әпкесінің күйеуі ұрып соққан.
Әйелі тастап кеткен соң, анасы екеуі балаларын, заттарын алып кетуге үйіне келген. Әйел ол кезде жүктіліктің жетінші айында еді. Алайда бұл күдіктінің әйелді соққыға жығуына кедергі болмаған. Ер адам оның бірнеше тісін жұлып алып, жақ сүйегін жарақаттап, мұрнын сындырған. Дәрігерлер бетіне бірнеше тігіс салуға мәжбүр болды. Сондай-ақ асқазанға тиген соққының салдарынан бала мерзімінен бұрын дүниеге келген.
"Әпкемнің күйеуімен арада біраз мәселелері болды. Анам екеуіміз әпкемнің заттарын алуға бардық. Ол жүгіріп келіп алдымен анамды ұрды, сосын мені де соққыға жықты. Жерге құлаған кезімде ішімнен екі рет тепті. Салдарынан ұлым жүрек ақауымен туылды", - деді жәбірленуші Назмина Ташмұратова.
11 айдан кейін құқық бұзушы сот алдына келді. Оған "Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру" бабы бойынша айып тағылды. Ол бойынша ең ауыр жаза – екі жылға дейін бас бостандығынан айыру. Судья жеңілірек үкім шығарды.
"Сот жәбірленушінің үйге өзі барғанын ескерді. Сот үкімімен сотталушы денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін кінәлі деп танылып, оған бір жыл бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды", - деді Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Мақсат Мыстаев.
Жәбірленушілер үкіммен келіспей, аппеляциялық шағым түсірмекші.
Соңғы екі жарым жылда Қазақстанда тұрмыстық басқыншылар 300 әйелді өлтірген. 900-ге жуығы ауыр, сәл азырақ, сегіз жүзге жуық зардап шегушінің денсаулығына орташа дәрежедегі зиян келтірілген. Биылғы жылдың шілде айында ғана, бір айдың ішінде ел бойынша 10 мың қазақ әйелі тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы арызбен полицияға жүгінген.
Қоғам белсенділері мен заңгерлер бірнеше жылдан бері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты баптар бойынша жазаны күшейту үшін күресіп келеді. Олар бірінші кезекте ұрып-соғып, денсаулығына жеңіл зиян келтіруді қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрайды.
"Тұрмыстық зорлық-зомбылық, оның ішінде ұрып-соғу, тек отбасылық зорлық-зомбылық емес, жалпы ұрып-соғу үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізу мәселесін көтеру керек", - деді Қазақстан заңгерлер одағының атқарушы директоры Серік Беркамалов.
Айыппұл және әкімшілік қамауға алу жүйесі тиімсіз болып шықты дейді заңгер. Ал тек қылмыстық жаза ғана үй тиранына қол көтерудің заңсыз екенін көрсете алады. Бұл ретте қоғам белсенділері отбасындағы зорлық-зомбылық, ұрып-соғу емес, қорғау қажет болған жағдайда сотта жауапкершілікті ауырлататын мән-жайлар ретінде қарастырылуын сұрайды.
Еске салайық, бүгін Қызылордада үш баланың анасын өз күйеуі өлтіріп кеткені туралы хабарлаған едік.