Саясат

Саяси блог 3: Инстаграмдағы президент, фейсбуктағы әкімдер

"Тонировканы" шешіңіз, шенеунік мырза!

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Халыққа жақын болу жеке парақша ашумен өлшене ме?

Қазақстан Республикасының уақытша президенті Қасым-Жомарт Тоқаев твиттер аккаунтынан бөлек инстаграм желісінде жеке парақшасын ашты. Жарты тәулікте 150 мыңға жуық адам ресми парақшаға жазылды. Әрі бұл қадамға баруға инстаграмда президенттің атынан ашылған жалған парақшалардың көбейіп кеткені де себеп болыпты. Ал бұған дейін уақытша президент твиттер желісінде елдегі түрлі жағдайларға қатысты өз пікірін білдіріп отыратын. Президент мұндай қадамға барған соң өзге шенеуніктердің ресми парақша ашып, оны жүйелі жүргізу міндетке айналды. Әсілі халыққа жақын болу жеке парақша ашумен өлшенбесе керек. Меніңше, Тоқаевтың әсері әкім, министрлердің желідегі фейк парақшалырын ресмилендірген секілді.

Шенеунік портретінің артында отырған журналистер

Бұрын әртүрлі желіге тиіп-қашып кіретін шенеунік енді жеке парақшасын сауатты жүргізуі керек. Баспасөз қызметіндегі журналистерге тағы бір жұмыс қосылды. Аз күннің ішінде әкімдіктің ресми сайты, оған қарасты басылымдардан гөрі шенеуніктің жеке парақшасында жарияланған ақпарат көбірек оқылатыны байқалды.

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің фейсбук парақшасы жақында ғана ашылғанмен аймақ басшысы көп сұрақтың астында қалыпты. Парақшада барлығына жауап беруге тырысамын деген сипаттағы арнайы пост жазылды.

Әкім өз кабинетінде отырса да, аймақтарды араласа да, фейсбукқа кірсе де шағымын айтқан елдің мәселесі өзгермейді. Сондықтан ресми парақшада сөз күйінде уәде берген басшыларға «бес» деген баға беруге асықпайық.

Шенеунік портретінің артында отырған журналистер де осыны ескерсе, басшысына айтса екен.

Шенеуніктердің әлеуметтік желідегі бейнесі

Осы мәселеге қатысты белгілі журналист Болат Мүрсәлім фейсбук парақшасында былай деді:

- Осыдан бірнеше жыл бұрын Ерлан Қарин шенеуніктердің әлеуметтік желідегі бейнесін терезесіне қараңғы жылтыр жапсырған көліктің ішінде отырған адамға ұқсатып еді. Сыртта не болып жатқанын өзі көре алады, ал ел көліктің ішінде не болып жатқанын көре алмайды. Қателеспесем, «Времяға» шыққан мақала. Содан бері кемінде он жыл өткен шығар. Бірақ, Тоқаев айтқан соң, аккаунт (парақ) ашып жатқан әкімдердің принципі әлі сол күйінде. Парағына жазыласың, оқисың, бірақ бірнәрсе айтып сөйлескенге «тонировка» терезесі бөгет.

«Тонировканы» шешіңіз, қадірлі шенеунік!