Bugin

Алматының жұмыссыз жастары әскери ант қабылдады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Алматы қаласының жұмыссыз жастары 40 күндік әскери-техникалық дайындықтан өтіп,  салтанатты түрде ант қабылдады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен тұңғыш рет пилоттық негізде ұйымдастырылған жоба Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен "Алматы студенттер Альянсы" корпоративтік қорының ұйымдастыруымен "Jiger" жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу жобасы аясында өтті.

ҚР ҚМ "Әскери-техникалық мектебінде" өткен әскери жиынға 24-тен 35 жасқа дейінгі Алматы қаласының жұмыспен қамтылмаған 30 жасы іріктеліп алынған еді. 40 күн бойы жобаға қатысушылар жас жауынгер курсынан өтіп, саптық, дене шынықтыру, атыс дайындығының, жалпы әскери жарғылардың негіздерін оқып, практикалық атыстарды орындады. Әскери жиын қатысушылары ату алаңдарына барып, қару жарақ түрлерімен танысты. Сонымен қатар тәрбиеленушілер "Дәнекерлеуші" мамандығы бойынша білім алды.

Әскери жиын қатысушыларының ант қабылдау рәсіміне ҚР Қорғаныс министрлігі мен ҚР Қарулы күштерінің өкілдері, тәрбиеленушілердің ата-аналары, қонақтар қатысты.

Әскери жиын тәрбиеленушілердің ант қабылдауымен басталып, жиын соңы тәрбиеленушілердің әскери өнерлері мен салтанатты шерумен аяқталды. Шара барысында әкери жиында ерекше көзге түскен тәрбиеленушілер марапатталып, әскери оқытылған резервті даярлау бағдарламасы бойынша оқуды бітіргені туралы сертификат табысталды.   

Салтанатты рәсімге қатысушыларды жобаның ұйымдастырушысы "Алматы студенттер Альянсы" КҚ төрағасы Жасұлан Бостандықұлы құттықтады. 

"Алматы қаласында жүзеге асқан пилоттық жоба өзге өңірдегі жастардың да қызығушылығын тудырды. Жоба аясында 30 жас 17 күндік әскери-далалық лагерьге қатысса, бүгін 30 жас 40 күндік әскери-техникалық дайындықтан өтті.  Мемлекет қолдауымен тегін әскери-дайындықтан өту жастарға берілген үлкен мүмкіндік. Бүгінгі әскери ант қабылдаған бітірушілерді шын жүректен құттықтаймын" - деді.  

Салтанатты шарада ҚР Қарулы күштерінің ардагерлері, әскери-техникалық дайындықтан өткен тәрбиеленушілер, тәрбиеленушілердің ата-аналары сөз сөйледі.

"Мен қатардағы жауынгер Әзімхан Бекзат Әзімханұлы қазіргі таңда әскери-техникалық мектепті тәмәмдадым. Шілде айының 17-сі күні осында келген болатынбыз, қазіргі таңда 40 күн толып әскери-техникалық мектепті бітіріп жатырмыз. 40 күн ішінде ату алаңына барып, «Автомат-калашников» автоматымен атуды үйрендік, сонымен қатар полигонға бардық. Негізгі мамандық дәнекерлеуші мамандығын бойыншп білім алдық. Бұл сала бойынша қазіргі таңда Қазақстанда көптеген қажеттіліктер бар, сондықтан бұл мамандық өте қажет деп ойлаймын. Мемлекетімізге осындай мүмкіндік бергені үшін үлкен алғыс білдіремін! Барлықтарыңызға сәттілік!" - деді жоба қатысушысы Әзімхан Бекзат.

Шара соңында ата-аналар мен тәрбиеленушілер ортақ суретке түсті.