ДАМУ
Әдетте кез келген кәсіпкер үшін жобаны бастарда немесе әрі қарай дамыту үшін инвестиция қажет. Ал жаңадан кәсіп бастағандар көбінесе инвесторды қайдан табуға болатынын білмей қателесіп жатады. Bugin.kz порталы белгілі инвесторлардың кеңестеріне сүйеніп, инвестицияны дұрыс тартудың жолдарын ұсынады.
Сізге шынымен инвестиция қажет пе? Алдымен осы сұраққа жауап іздеңіз. Инвесторды жобаға шақыра отырып, оған болашақта ісіңіздің қомақты бөлігін бересіз. Сондай-ақ көбінесе бизнесті бақылай алмауыңыз мүмкін. Инвестордан алатын ақшасыз идеяны жүзеге асыру шынымен мүмкін емес пе? Қажетті сома соншалықты үлкен болмаса, кейде банктен несие алып, бизнесті өзіңіз ғана бақылауда ұстаған дұрыс.
Егер шынымен инвестиция қажет болса, онда төменде айтылған кеңестер сізге керек болары сөзсіз:
Инвестор жобаның қаншалықты болашағы барын ғана емес, оған қандай пайда алып келетінін де түсінгісі келеді. Егер сіз оған тек идеяны айтсаңыз, презентацияңыз сенімсіз болып көрінеді. Сондықтан инвестициялар туралы ойластырмас бұрын, өнімді немесе қызметтің мини нұсқасын жасаңыз және оның өзектілігін тексеріңіз. Осылайша нарыққа жобаңыз қаншалықты қажет әрі маңызды екенін түсіне аласыз.
Қанша инвестиция тарту керек екенін түсіну үшін қаржылық модель құрыңыз. Қаржылық модель – бұл сәйкес көрсеткіштер мен аналитикалық жазба бар кесте. Ол барлық кірістер мен шығыстардың арақатынасын көрсетеді. Сонымен қатар жобаға айына қанша ақша қажет ететінін, қашан нөлге түсетінін бағалауға жәрдемдеседі. Сондай-ақ бірінші инвестиция қанша уақытқа жететінін және келесілерді қашан тарту керегін де есептеп алыңыз.
Командаға мән беріңіз. Инвестор ынтымақтастық туралы шешім қабылдағанда, жобаның құрылтайшысының ұмтылысына ғана емес, ол жобаны жүзеге асыратын командаға да мән береді. "Бұл жобаны кімдермен жасайсыз? Командаңызды көрсетсеңіз" деген сынды сұрақтар мен ұсыныстарға дайын болыңыз.
Ал инвесторды қайдан табамын?
Достар
Бизнес жайлы түсінігі бар ортақ достарыңыз бен жақындарыңызды жинап, олардың алдында өз идеяңыздың презентациясын жасап көріңіз. Жоба жайлы айтып болған соң, олар сізге сұрақтар қойсын. |Осылайша инвестормен кездесу алдында өзіңізді дайындай аласыз. Олардан бұл бизнес-идеяға ақша құяр ма еді, сол жағын да сұрап көргеніңіз жөн. Егер идеяңыз мықты болған жағдайда, сізді тыңдаушылар өздері-ақ қаржылай инвестор болуды ұсынуы мүмкін.
Бизнес-періштелер
Бизнес-періштелер - бұл дамудың бастапқы кезеңінде жобаларға инвестиция салатын жеке инвесторлар. Олар компанияның қалыптасу кезеңінде оның табысты дамуына қаражат бере алатын ауқатты адамдар. Егер сіздің жобаңызға іскер періште келсе, бұл оның басқа инвесторларды қажет етпеуі үшін жеткілікті қаражат бөлетінін білдіреді.
Алайда бизнес-періште компаниядағы үлесті (акцияларды) иеленеді және бизнестің күнделікті дамуында жиі дауыс беру құқығын алады. Бірақ олар қатардағы бизнес-идеяларға мүлде қызығушылық танытпайды. Олар бұл салада тіс қаққан маман болғандықтан, тек мықты жобаларды іріктеп алады.
Apple және Amazon сияқты алпауыт компаниялар өз қызметін періште инвесторлармен бастаған.
Венчурлық қорлар
Венчурлық қорлар – бұл инвесторлар пулынан алынған қаражатты кәсіби түрде басқаратын компаниялар. Олар көптеген өсу әлеуеті бар стартаптарға инвестиция салады және халықаралық нарыққа назар аударады. Жоғарыда тоқталған бизнес-періштелер жобаның ең ерте кезеңдерінде тартылғанымен, венчурлық инвестициялар, әсіресе, үлкен көлемдегі қаражат қажет болған нарықтағы кеңею және масштабтау кезеңінде өзекті.
Венчурлық инвестицияларға жоба өзінің табысты екенін дәлелдеп, басқару командасы сенімді және одан әрі даму жоспары болған кезде жүгінуге болады. Өз кезегінде венчурлық қорлар акцияларын басқа қорларға және корпорацияларға табысты қайта сатудан немесе бастапқы орналастырудан табыс табады.