Bugin
ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Болгариядағы қазақстандық жас футболшылар дауы немен аяқталғанын, елшіліктің қандай көмек көрсеткенін түсіндірді, деп хабарлайды деп хабарлайды Bugin.kz порталы ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Болгариядағы футбол алаңында болған жанжал видеосы тараған еді.
"Бұл - әдеттегі, кез келген спорттық матч кезінде болатын жанжал. Онда жасөспірімдер чемпионаты болған, біздің үш-төрт жеке командамыз барған. Олар Сыртқы істер министрлігіне де, елшілікке де хабар бермеген. Алайда, біздің дипломаттар өз жәрдемін ұсынды, оқиға орнына жергілікті полиция барды. Әр тарап өз түсіндірмелерін берді. Бір-біріне еш кінәрат қоймағандықтан, тараптар өзара ымыраға келіп, еш арыз жазылған жоқ", - деп түсіндірді А. Смадияров министрлікте өткен апталық брифингте.
Сонымен бірге, ресми өкіл жаттықтырушымен және ата-аналармен сөйлескен, олар 26 тамызда елге оралды.
"Біздің Болгариядағы елшілігіміз тиісті жұмыс жүргізді. Болгария сыртқы істер министрлігіне, содан кейін қала полициясына мән-жайды анықтау және кінәлілерді жауапқа тарту туралы өтініш жіберілді. Сондай-ақ, турнир аяқталғанша қазақстандық қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы қала әкімшілігімен және жергілікті полициямен уағдаластық жасалды", - деді Айбек Смадияров.