Bugin
Жапония премьер-министрі Фумио Кисида мен Министрлер кабинетінің бірнеше өкілі сәрсенбіде Фукусима префектурасы маңындағы теңізде өндірілген теңіз өнімдерін жеді.
Осылайша, премьер-министр Фукусима атом электр станциясынан түсетін судың адам денсаулығына теріс әсері туралы алаңдаушылықты жоюға тырысқан.
ҚазАқпарат мәліметінше, Жапонияның экономика, сауда және өнеркәсіп министрі, үкіметтегі ядролық саясатқа жауапты Ясутоси Нисимура түскі асқа Фукусима жағалауында жиналған алабұға, камбала және сегізаяқтан жасалған сашими берілгенін айтты.
"Біз елде де, шетелде де АЭС маңындағы теңізде ауланған теңіз өнімдерінің қауіпсіздігі туралы хабардар етуіміз керек", - деді Я.Нисимура Премьер-министр кеңсесіндегі кездесуден кейін журналистерге.
Өткен бейсенбіде Жапония жергілікті балық аулау компаниялары мен көрші елдердің қоршаған ортаға әсері туралы алаңдаушылыққа қарамастан, қираған Фукусима атом электр станциясынан тазартылған радиоактивті суды Тынық мұхитына ағыза бастады.
Жапон билігі тритийден басқа радионуклидтердің көпшілігі тазарту процесі кезінде жойылатынын мәлімдеді.
Цезий мен стронций сияқты радиоактивті заттарға қарағанда тритийдің адам денсаулығына зияны аз, өйткені ол әлсіз сәуле шығарады және денеде жиналмайды дейді сарапшылар.
Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік Жапонияның суды шығару әдісі әлемдік қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келетінін және адамдар мен қоршаған ортаға радиацияның әсері шамалы болатынын мәлімдеді.
Судың мұхитқа төгілуіне үзілді-кесілді қарсы болған Қытай бірден Жапонияның балық өнімдерін бас тартты.