Bugin
Фото: egemen.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында агроөнеркәсіп кешенінде серпіліс жасау үшін бірқатар міндеттерді атады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
"Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз. Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет" , - деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, бұл салада ірі компаниялар көбірек болса, нақты серпіліс жасауға болады.
"Біз экспортты ұлғайта отырып, ішкі нарықты да ұстап тұруымыз керек. Сондықтан елімізге сапалы өнімді қажетті көлемде тұрақты ұсына алатын кәсіпорындар қажет. Отандық агрофирмалардың ірі компаниялар қатарына кіргені жөн болар еді. Сондай-ақ өзара тиімді шарттарды ұсынып, бұл жұмысқа халықаралық корпорацияларды белсенді түрде тарту керек. Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты біз үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берген абзал. Сонымен бірге өз еліміздегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының әлеуетін қаперден шығармаған жөн", - деді Тоқаев Жолдауда.
Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жобаларды кредиттеу қағидаларының жобасын әзірлегені хабарланған. Құжатқа сәйкес, сенім білдірілген өкіл (агент) арқылы 10 жылға дейін 2,5% бен 5 млрд теңгеге дейінгі ең жоғары сомамен кредиттер беру жоспарлануда.
Кредиттер үміткерлерге жаңа кәсіпорындар құру немесе жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды, оның ішінде сүт-тауар фермаларын (қуаты 400 бастан бастап), ет бағытындағы құс фабрикаларын (жылына 5000 тонна құс етінен бастап), көкөніс қоймаларын (1000 тоннадан бастап), сондай-ақ суармалы егіншілік саласындағы (картоп, көкөністер, жемшөп өндірісі) және заманауи су үнемдеу технологияларын пайдалануды көздейтін (шашырату, тамшылатып суару) жобаларды кеңейту үшін беріледі. Ал бағдарламаны іске асыруға 2023 жылы республикалық бюджеттен 100 млрд теңге бөлінген.
"Осы ретте 100-ден астам ірі сүт-тауар фермасы салынып жатқан Солтүстік Қазақстан облысының жетістіктері көпке үлгі. Шаруалардың тәжірибесі мол, жем-шөп қоры да жеткілікті. Оған қоса байыпты қолдау шаралары қолға алынған. Осының бәрі тұтаса келе тәп-тәуір нәтиже беріп отыр. Құс фабрикаларын, көкөніс қоймаларын, ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындар салған кезде осы тәжірибені басшылыққа алу керек.
Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. "Ауыл аманаты" бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуы керек", - деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы күрделі мәселеге айналғанын айтты.
"Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал", - деді Президент Жолдауда.
Мемлекет басшысы қазір жаһандық бәсеке күшейгенін, тауар нарығында өзгеріс барын және мұндай жағдайда өнім өткізу саясатына ерекше мән беруіміз керегін жеткізді. Сонымен қатар агроғылымды дамыту мәселесіне тоқталды.
"Жылдар бойы қалыптасқан ішкі және сыртқы нарықтағы орнымызды сақтап қалу айрықша маңызды. Үкіметтің алдында сыртқа шығарылатын өнім нарығының ауқымын жоспарлы түрде кеңейту міндеті тұр. Қазақстанның тауарларын шетелге таныту және шығару үшін тиісті шаралар қабылдаған жөн.
Қазіргі ауыл шаруашылығы – жоғары технологиялы сала. Мұны білесіздер. Шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді. Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кетеді.
Агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет. Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын зерттеу ісінің барлық сатысын қамтитын агротехнология хабына айналдыру керек.
Сондай-ақ шетелдің танымал агро-ғылыми орталықтарымен толыққанды ғылыми-тәжірибелік ынтымақтастық орнату керек. Біз жеке ғылыми-технологиялық бастамаларды қолдаймыз. Білім беру бағдарламаларын ауыл шаруашылығы талаптарына бейімдейміз, - деді президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, егін шаруашылығында маңызды реформа жасайтын кез келді. Егіс түрлерін көбейтуіміз керек. Сондай-ақ көбірек пайда әкелетін дақылдар еккен жөн. Суды көп қажет ететін егіс алқабын біртіндеп азайтып, бір ғана дақыл түрін егуді шектеу қажет. Диқандарды жергілікті тұқыммен қамтамасыз ету маңызды. Сонымен қатар жаңа сұрыптарды шығарып, оны өсіру мәселесін шешкен жөн.
"Мемлекеттің баға реттеу мәселесіне шектен тыс араласуы агроөнеркәсіп кешенін өркендетуге айтарлықтай кедергі келтіріп отыр. Бұл мәселені де шешу керек.
Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы ахуалды тұрақтандыру ісінде қазіргіден де маңызды рөл атқаруға тиіс. Бұл мекеме қажет кезде интервенция жасап, бағаның өсімін тежеп отырады. Азық-түлік корпорациясы нарықтағы жекеменшік иелерінің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін, оны сақтайтын және сататын толыққанды желі құруына жәрдемдесуге тиіс", - деді Мемлекет басшысы.