Bugin
Фото: inform.kz
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының "Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары" Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар қаралды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Президент Жолдауына сәйкес, Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа парадигмасы еліміздің бәсекелік артықшылықтарын тиімді пайдалануға және өндіріс саласындағы еңбек, капитал, ресурстар, технология сияқты негізгі факторлардың әлеуетін барынша ашуға негізделеді.
"Осылайша, Үкімет экономиканың басым секторларын дамытуға ден қоюы қажет. Бұл, бірінші кезекте, терең өңделген тауарлар шығару, көлік-логистика әлеуетін толық ашу, туристік кластерді дамыту және агроөнеркәсіптік кешен резервтерін пайдалану", — деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров экономикалық саясатты іске асыру, кәсіпкерлікті дамыту және мемлекеттік басқаруды жаңғырту жөніндегі негізгі шаралар туралы баяндама жасады.
Бюджет шығыстарын жоспарлауды жетілдіру туралы Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, энергетика және газ салаларын дамыту туралы – энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев баяндады.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин өздері жетекшілік ететін салаларда атқарылып жатқан және жоспарланған шаралар туралы мәлімдеді.
Білім беру сапасы мен балалардың қауіпсіздігін арттыру бойынша – оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, ғылымды дамыту мен кадрлар даярлау мәселелері бойынша – ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек хабардар етті.
Отырыста сондай-ақ өңдеу өнеркәсібін, инфрақұрылымды, туризмді және креативті индустрияны, экология мен су саласын дамыту жөніндегі шаралар қаралды.
Әлихан Смайылов Мемлекет басшысы өз Жолдауында экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз ету және оны әртараптандыру бойынша бірінші кезектегі міндеттерді айқындап бергенін атап өтті.
"Президент ұсынған бастамалар өте ауқымды әрі жүргізіліп жатқан реформалардың қисынды жалғасы болып табылады. Ал, олардың негізгі мақсаты – қуатты және өркендегенмемлекет құру. Өз кезегінде Үкімет бүкіл күш-жігерін осы мақсатқа жұмылдырып, нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағыттауы тиіс. Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері "Атамекен" палатасымен бірлесіп, инвесторларды бастапқы 3 жылда салық төлеуден босату мәселесін пысықтауы керек", — деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар ол жаңа Бюджет кодексінің жобасы шеңберінде бөлшектенген бюджетбойынша пилоттық жобаның негізгі ережелерін бекіту, салықтар мен төлемдердің өзге де түрлерінен түсетін түсімдердің бір бөлігін, оның ішінде қосымша құн салығын екінші деңгейдегі бюджетке беру жөніндегі жұмысты жалғастыру, сондай-ақ Жергілікті бюджетке жиналатын салықтардың бір бөлігі бойынша преференцияларды айқындау жөніндегі өкілеттіктерді өңірлерге беру мүмкіндігін қосымша қарау қажеттігін атап өтті.
Премьер-Министр тарифтік саясатты қайта қарау аясында цифрлық бақылау құралдарын енгізудің, монополистердің жауапкершілігін арттыруда қарсы міндеттемелерді бекітудің маңыздылығына назар аударды.
Сондай-ақ "Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын біріктіру арқылы шағын және орта бизнесті қолдаудың кешенді бағдарламасын әзірлеу, сондай-ақ "толық аяқталған" құрылыс құралдарын уақтылы енгізуді қамтамасыз етіп, мемлекеттік сатып алуда офтейк жүйесін іске қосу қажеттігін атап өтті. Бизнеспен бірлесіп, өңірлік тауар-шикізат биржасын құру мәселесі пысықталуы тиіс. Бұдан басқа, KazakhExport компаниясының базасында барлық қажетті құралдарды шоғырландыра отырып, экспортты ілгерілетудің толыққанды институты құрылатын болады.
Премьер-Министр Мемлекет басшысының еліміздің транзиттік әлеуетін одан әрі дамыту және көлік-логистикалық инфрақұрылымды кеңейту жөніндегі тапсырмаларын ескере отырып, жаңа Көлік министрлігі теміржол саласында бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды жеделдетуі талап етілетінін атап өтті. Бұдан басқа, шетелдік компанияларды тарта отырып, порт қуаттарын кеңейтуді және 2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан астам автомобиль жолдарын күрделі жөндеуді қамтамасыз ету керек.
Әлихан Смайылов елдің қуатты өнеркәсіптік негізін құру мәселесінде өңдеу секторын жедел дамытуға баса назар аудару керек екенін атап өтті. Осыған байланысты Өнеркәсіп министрлігі серпінді және маңызды жобалардыіске асыра отырып, терең өңделген кластерлер құруға ден қоюы тиіс.
"Бұл ретте, ішкі ресурстарды барынша пайдалану маңызды. Оффтейк-келісім шарттардың әлеуетін жұмылдыру қажет", — деді ол.
Үкімет басшысының айтуынша, Қорғаныс-өнеркәсіп кешенінде локализацияның жоғары үлесін және заманауи технологиялар трансфертін қамтамасыз ету, құрылатын Қорғаныс өнеркәсібін дамыту қоры арқылы қаржыландыру арқылы отандық кәсіпорындарды қолдау қажет.
Оған қоса геологиялық барлауды дамыту үшін икемді реттеуші және фискалдық шарттар әзірлеу қажеттігі айтылды.
Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының Үкімет алдына елді одан әрі газдандыру, жаңа газ өңдеу зауыттарын салу, қолда бар қайта өңдеу қуаттарын толық жүктеу бойынша міндеттер қойғанын айтты. Осыған байланысты жаңа газ кен орындарын барлауға және игеруге инвестициялар тарту жөнінде шаралар қабылдау, сондай-ақ Ірі мұнай-газ және мұнай-газ химиясы жобаларын дамытудың 2027 жылға дейінгі кешенді жоспарының жобасын аяқтау қажет.
Үкімет басшысының айтуынша, негізгі міндеттердің бірі су саласына кешенді реформа жүргізу болмақ. Ол үшін жаңа Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды.