Bugin
Фото: seminar-beauty.ru
Желіде Ақмола облысындағы мекемелердің бірінде сотталғандарға күш пен арнайы құралдар қолданылғаны туралы видео тарады. Бұл оқиғадан кейін Ақмола облысының прокуратурасы соталды тергеуді бастады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Massaget.kz сайтына сілтеме жасап.
Видеолардың бірінде полиция киімін киген бірнеше адам ер адамды ұстап алып, бетін төмен қаратып еденге жатқызғаны, кейін олардың бірі резеңке таяқпен бар күшімен құйрығынан бірнеше рет ұрғаны көрінеді. Видеода сотталушы "ағасының кеңесімен" мекемедегі дәретхананы тазалаудан бас тартқаны айтылады.
"3 қыркүйекте әлеуметтік желілерде Атбасар ауданындағы №1 түзеу мекемесі қызметкерлерінің сотталғандарға күш қолданғаны туралы видео жарияланған. Бұл дерек бойынша Ақмола облысының прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 146-бабы 3-бөлігінің 1-тармағы "Қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас, азаптаулар" бойынша соталды тергеп-тексеруді бастады", - деп хабарлады прокуратура.
Сол күні прокуратура өкілдері бірінші кезектегі жедел-іздестіру шараларын жүргізу үшін мекемеге барды.
Тиісті сараптамалар тағайындалды. Тергеу нәтижесі кейінірек белгілі болады.