Bugin
Фото: pixabay.com
"Трамадол королі" Николай Карповтың не үшін тұтқындалғаны белгілі болды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
БҚО полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиевтің брифингте мәлім еткеніндей, биылғы шілде айының соңында шағын несие беру мекемесіне алаяқтық жасалғаны жөнінде арыз түскен.
Арман Молдиярұлының сөзіне қарағанда, аталмыш шағын несие беру ұйымы автокөлікті кепілге ала отырып несие берген, яғни кепіл беруші келісім-шарт жасап, несие алғаннан кейін өз көлігін жүргізе алған. Арызда кепілде тұрған үш көліктің сатылғаны көрсетілген.
Аталған дерек негізінде ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлігі бойынша (адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен ірі мөлшерде жасалған алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары аясында шағын несие беру мекемесінде кепілде тұрған 3 автокөліктің сатылып кетуіне К. және басқа да адамдардың (барлығы бесеу) қатысы бар екені анықталды. Яғни олар алдымен автокөліктерді кепіл ретінде қойып, несие алған. Кейін кепілде тұрған автокөліктерді Қазақстаннан шығарып, көрші елде сатып жіберген.
Күні бүгінге шағын несие беру мекемесіне келтірілген шығын 15 млн теңгеден асады.
"Биылғы 2 қыркүйек күні «К» ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлігіне сәйкес қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікпен ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Үш буынды модельге сәйкес күдіктінің іс-әрекеті аталған баппен сараланып, облыс прокуратурасы бекітті. Кеше соттың шешімімен күдіктіге қатысты 2 ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды. Қазіргі уақытта олардың осыған ұқсас кепілде тұрған автокөліктерді жымқыру деректеріне қатыстылығы тексерілуде. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін қосымша мәлімет берілетін болады. Аталған бапқа сәйкес үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған"- деді А.Оразалиев.
Департамент бастығы Н.Карповтың топты ұйымдастырушылардың бірі ретінде тергеліп жатқандығын, қалған қатысушыларға қатысты қандай бұлтартпау шарасы қолданылатыны тергеу барысында шешілетінін жеткізді. Ол сондай-ақ күдіктінің бұл ісі қазіргі уақытта есірткі қылмыстарына қатысы жоқтығын айтты.