МӘДЕНИЕТ

Көлсай мен Қайыңдының жол мәселесі қашан шешіледі?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Bugin.kz / Томирис Мұхамеджан

Алматы облысындағы Кеген ауданында орналасқан Көлсай көлін көзбен көру кез келген турист үшін қызық. Көз жауын алатын таңғажайып көлге келушілер саны жыл сайын артып келеді. Алайда мұнда келушілер жолдың нашар және автокөліктердің көп екенін айтады. Соның салдарынан ауаның лас, әжетханалардың жоқ екеніне жиі шағымданады. Bugin.kz тілшісі бұл мәселе туралы жауапты мамандарға хабарласып, сұхбаттасты.

Статистика бойынша, 2021 жылы Көлсайға 83 153 адам, 2022 жылы 160 520  демалушы келген. Биылғы саны әлі нақтыланбаған. Қарап тұрсақ, табиғатты тамашалаушылар саны жыл сайын екі еселенген.

"Күн тәртібіне қойылған мәселе көп"

"Көлсай көлдері" ұлттық паркі орналасқан Кеген ауданы әкімінің міндетін атқарушы Кеңес Қабылбековке хабарластық. Оның айтуынша, күн тәртібіне қойылған мәселелер көп. Дегенмен соңғы жылдары Көлсайға дейінгі жол жөнделіп, асфальтталған. 

- "Биыл Қайыңды көліне дейінгі жол жасалып жатыр. Сонымен қатар электр желісін тарту мәселесі де жоспарда бар. Бірінші кезекте Қайыңды көліне апарар жолды ретке келтіру керек. Дегенмен салынатын жол көл жағасына барып тірелмеуге тиіс. Өйткені ұлттық саябаққа кіретін барлық көлде санитарлық аймақ талабы сақталғаны жөн.  Бұдан бөлек, қазіргі уақытта Қайыңды көлі су қоймасы су деңгейінен айтарлықтай төмендеді. Соған бөгет салу мәселесін облыс әкімдігі арқылы министрлікпен бірге пысықтаймыз", - деді ол.

Қазіргі таңда саяхатшылар арнайы туристік автобус немесе өздерінің көліктерімен Көлсай көліне дейін барады. Туристік автобустың өзі ескі әрі автокөлік тұрағы ауаны ластап жатыр. Туристік мекендегі бұл мәселе де көптің көкейінде жүргені рас. Кеңес Күнесбайұлы бұл олқылықты реттеуге уәде берді.

"Демалыс күндері келушілердің саны артқандықтан, автокөлік тұрағы лық толады. Осыған орай ауа ластанады. Оның үстіне санитарлық талаптарға сай келмейтін қоғамдық тамақтану орындары автотұрақ аймағында орналасқан. Мұны реттейміз", – дейді Кеңес Күнесбайұлы.

"2025 жылы туристік орталық пайдалануға беріледі"

"Көлсай көлдері" ұлттық паркінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта атты және жаяу жүргіншілерге арналған жолдың жобасы әзірленіп жатыр. Сонымен қатар биоәжетханалар сатып алынады. Бұдан басқа қауіпсіздік үшін туристтік полиция бөлімшелері мен фельдшерлік-акушерлік пункт салу мәселелері де шешілмек.

- "Көлсай көлдерітуристік нысан ғана емес, экономикалық табыс көзіне де айналуы керек. Ол үшін аумаққа инвестиция тартуға жағдай жасалуға тиіс. Болашақта түрлі қызмет түрлері мен екі жүздей жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтіліп отыр. Туристік орталықтың құрылыс жұмыстары 2025 жылы аяқталып, пайдалануға беріледі. Оның ішінде Көлсайға келетін қонақтарды, алыс-жақын шетелдерден келетін туристерді күтуге арналған құрылыс нысанында визит-орталықтар, эко-қонақүйлер, глэмпингтер, сауда-жәрмеңкелік дүңгіршектер, кемпингтер және қазақы ауылдар қызмет көрсетеді", - делінген  хабарламада.

Бірнеше рет көтерілген бұл мәселе халық үшін де жауыр болғанымен, еліміздегі туристік мекенге айналған көрікті жердің келбеті барлығын да ойландыратыны анық. Әсем табиғаты бар мұндай мекенде туристерге жақсы жағдай жасалса, көңілге қуаныш сыйлар еді.