Bugin

Су тасқынынан жеті адам қаза тапты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: pexels.com

Грекия, Түркия мен Болгарияда нөсер жаңбыр жауып, салдарынан су тасып, жеті адам қаза тапты, деп хабарлайды  Bugin.kz порталы ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

Түркияның Ішкі істер министрі Али Ерликая Болгариямен шекараға жақын маңдағы Кыркларели провинциясында екі адам мерт болып, төрт тұрғын із-түзсіз жоғалып кеткенін хабарлады.
Із-түзсіз жоғалып кеткендерді іздеу-құтқару жұмыстары үздіксіз жалғасып жатыр.
Түркияның ірі қаласы Ыстамбұлдың екі кварталында көшелер мен үйлерді нөсер жаңбыр суы басып қалды. Салдарынан екі адам қаза тапты. Оннан астам тұрғын құтқарылды.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты кейбір метро бекеттері жабылған.
Грекияда Волос қаласы, тауға жақын маңдағы Пилион ауданында және Скиатос курортты аймағында жолдағы қозғалыс тоқтатылды. Полицияның хабарлауынша, рекордтық жауыннан бір адам қаза тапқан. Лас су тасқыны жолындағының бәрін жайпап өткен.
Бес адам із-түзсіз жоғалған, оларды тасқын су ағызып әкетуі мүмкін. Билік өкілдері азаматтарды аса қажет болмаған жағдайда үйден шықпауға шақырды.
Пилион тау сілемі ауданында арнасынан асқан су теңіз тұрағына қойылған көліктерді ағызып әкеткен.
Көптеген ауданда электр сөнді. Билік өкілдері қауіпсіздік мақсатында Волос қаласындағы қарттар үйінің тұрғындарын эвакуациялады.
Грекияның метеорология қызметі сейсенбі күні кешке Пилион таулы ауданындағы ауылға 75,4 см (30 дюймға жуық) жаңбыр жауғанын айтты. Бұл – 2006 жылдан бері түскен жауын-шашынның ең көп мөлшері. Хабарламада Афина ауданында жауын-шашынның орташа жылдық мөлшері 40 сантиметр (15,75 дюйм) екені айтылған.
Болжам бойынша, нөсер жауын сәрсенбі түстен кейін басылады. Зардап шеккен аудандардың тұрғындарына үйінен шықпауға кеңес берілді.
Бұған дейін Грекияда алапат орман өрті тудырған аптап ыстық нөсер жауынға ұласқанын хабарланған болатын. Кейінгі бірнеше аптада өрттен 20-дан астам адам қаза тапты.
Болгария премьер-министрі Николай Денковтың сөзінше, елдің солтүстігінде болған тасқын салдарынан екі адам қайтыс болып, үш тұрғын із-түзсіз жоғалып кеткен.
Арнасынан асқан су жол мен көпірлерге айтарлықтай залал келтірді. Осы ауданда электр энергиясы сөнген.
Билік өкілдері ағын су кранды ластағанын айтып, ол жерден су алып ішпеуге шақырды.
Болгарияның оңтүстігінде ең қатты зардап шеккен Царево курорттық қаласында төтенше жағдай жарияланды.