Bugin
Фото: sputnik.kz
Ақтау қаласында жаңадан салынған үйдің екі бірдей қабаты опырылып түсті, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.
Плиталар құлаған жерде жұмысшы жатқан. Ол бетон плитасы құламай жатып, бөлмеден бірнеше минут бұрын шығып кеткен.
"Міне, мынау менің бөлмем, тура осы жерде жаттым. Құжатым, барлық затын осы жерде еді. Бетон түбіне дейін құлады, сатыларымды жиыстырып, жаңа ғана шығып кетіп едім. Әне, көрпе-төсек, бәрі кетті", - дейді видео авторы.
Облыстық әкімдік ұсынған мәліметке сәйкес, төтенше жағдай 3 қыркүйекте 29А шағын ауданында салынып жатқан ғимаратта болған. Алайда осы уақытқа дейін техникалық қадағалау қызметінен ешқандай ақпарат келмеді. Нысанды салушы компания - "Caspian Mega Construction" ЖШС.
Компания сәулет-құрылыс басқармасынан барлық құжатты алған. Құрылыс жұмыстарын бастау туралы ескерту қағазы да бар. Оқиға орнына бас мемлекеттік құрылыс инспекторы барып келді. Құрылыс материалдарының жобаға және мемлекеттік нормативтерге сәйкестігін тексеруге шешім қабылданды.
"Сапасыз материалдарды қолданылуы мүмкін. Сондай-ақ, құрылыс-монтаждау жұмыстары дұрыс жүргізілмеген сияқты. Плитада көлденең немесе қиғашынан жарылған жері болғанға ұқсайды. Содан жоғары плита құлап, төменгі плиталарды қиратқан", - дейді басқарма мамандары.