Bugin

Түркістан облысында ағасы екі жетім қарындасын күңге айналдырған

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: видеодан алынған кадр

Түркістан облысы Ескі Шілік ауылында апалы-сіңлі қыздарды туысқан ағасы құлдықта ұстап отыр. Ол 17 жылдан бері екі қарындасына қамқорлық емес, қорлық көрсетіп, мал бақтырып келген, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Көреміз бағдарламасына сілтеме жасап.

Бағдарлама редакциясына қыздардың сыныптастары Гүлсімжан Әділжанова мен Айша Мұстафина хабарласқан. Айтуларынша, сыныптастарын туыс ағасы күң еткен. 

Апалы-сіңілердің бірі Назгүл 1991 жылы, екіншісі Құндыз 1996 жылы дүниеге келген. Екеуі де Мұхтар Шаханов атындағы мектепті бітірген. Қыздардың бірінің сыныптасы Гүлсімжан оларды мектеп бітіргелі көрмегенін, бірақ мектеп кезінде мұндай болмағанын айтады.

"Қыздардың үстіндерінде майка мен шалбар ғана, ішінде ішкиім де жоқ. Үйді толық аралағанда, тіс щеткасы мен паста, сабын, басын жуатын сусабын көрмедім. Үстерінен қоңырсық иіс шығып тұр", - дейді қыздардың бірінің сыныптасы Айша Мұстафина да.

Гүлсімжан Әділжанның айтуынша, қыздардың мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, мемлекеттен жәрдемақы бөлінген. Ал ағасы екі қарындасына бөлінген ақшаны өз қалтасына басып, күн ыстықта оларға мал бақтырған.

Адам шошырлық жағдайда өмір сүріп жатқан қыздар оқушы кездерінде жетім қалған. Алғашында оларды Қанат Әбілдаев есімді немере ағасы қолына алған. Ал оларға Үкіметтен үй де берілген. Алайда ағасы үйден бас тартқан. 

Қанат Әбілдаевтың айтуынша, қыздардың жағдайы орташа болған. Денсаулықтарында кінәрат болыпты: сөйлемейтін, тұйық болған.

"Ақыл-есі шамалы кемдеу еді, диагнозды дәрігер қойды. "Бастары істемей қалады, ұмытып қалады" деді. Екі қыз тіркеуде тұр. Дәрілер ішіп жүретін. 2016 жылдан кейін көрген жоқпын", - дейді ол.

Кейіннен қыздарды Сәулебек Әбілдаев есімді немере ағасы өз қолына алған. Бірақ қыздар олармен бір үйде емес, малшыларға арналған үйде тұрады. Ол қыздардың қолына келгеніне 7 жылдай болғанын, ауыратынын айтады.

"Жауапкершілігім болғаннан кейін қасымда ұстаймын. Мемлекеттен біреуіне 89 мың, біреуіне 71 мың теңге бөлінеді. Әрдайым ауруханаға апарып тексеріп тұрамыз. Кішкентайы туберкулез болғаннан кейін келіншегім жұғады деп қорықты", - дейді ол.

Бағдарлама көрермендері қыздарды мұндай халге жеткізген кінәлілерді жазалау керегін айтып, пікір қалдырған. Сондай-ақ көпшілік редакцияға хабарласқан сыныптас қыздарының батылдығына сүйсінді.

"Бүкіл халық болып осындай жағдайға жеткізген ағасы мен жеңгесін жазалауды қатаң түрде талап етеміз", "Ағаларының жазасын берсін. Мұндай адамдарды адам деп айтуға болмайды", "Сыныптас қыздарына мың да бір рақмет", - дейді пікір білдірушілер.