Bugin
Фото: cottonbro studio
Сенатор Қайрат Тастекеев отандық телеарналарда шетелдік телесериалдарды шектеу керек екенін айтты. Осы орайда ол Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенованың атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы astanatv.kz арнасына сілтеме жасап.
"Бүгін еліміздің болашағына және ұлттық ерекшелігіне қатысты маңызды мәселені көтергім келеді. Теледидарды қоса қалсаң, шетелдік телесериалдар көрсетіліп жатқанын байқайсыздар. Бұл сериалдарды сатып алу үшін бюджеттен миллиондаған қаражат жұмсалатыны анық. Теледидар біздің қоғам өмірінде үлкен рөл атқарады. Ол біздің азаматтардың талғамын, пікірлерін және құндылықтарын қалыптастырады. Бүгін біз өзіміздің мәдени болмысымызға және шығармашылық салаларымызға қысым жасайтын шетелдік сериалдардың толқынына тап болдық. Біздің экрандарымызда шетелдік телехикаяларды көрсетуді шектеу – отандық кино мен телехикаяларға жақсы мүмкіндік береді", - деді Қ. Тастекеев.
Оның айтуынша, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы ірі қалаларда адамдардың күн сайын 47 пайызы, апта сайын 72 пайызы теледидар қараған.
"Жалпы, теледидардағы шетелдік өнімнің едәуір бөлігі ұлттық мәдени сәйкестікке қауіп төндіреді. Шетелдік сериалдардың көпшілігінде басқа мәдени стереотиптер мен құндылықтар басым, бұл халыққа теріс әсер етуі мүмкін. Шетелдік телехикаяларға тыйым салу немесе шектеу қазақстандық телевизия индустриясының дамуына ықпал етеді. Мәселен, Францияда телеарналарды француз фильмдерінің белгілі бір санын таратуға міндеттейтін заңдар бар. Сондай-ақ, киноиндустрия үшін салықтық жеңілдік қарастырылған. Оңтүстік Корея киноиндустрияға қаржылық қолдау, салық жеңілдіктерін және субсидия ұсынады", - деді сенатор.
Оның пайымынша, отандық телеарналарда шетелдік телехикаяларды көрсетуді шектейтін заңнамалық актілерге өзгеріс енгізу керек.
"Телерадио хабарларын тарату туралы» Заңның 28-бабында бекітілген отандық телеарналардың апта сайынғы телерадио хабарларын тарату көлемінде отандық телебағдарламалардың санын арттыру туралы мәселені қарау маңызды. Кино және теледидар саласында білім беру бағдарламаларын құру арқылы, яғни ғылым, жаңа технологиялар, өнеркәсіптің даму тенденциялары, мәдениет, тарих және басқа да маңызды бағдарламаларды эфирге шығару қажет", - деді депутат.